Алматыда өрттен бір адам қайтыс болды
Алматыда өрттен бір адам қайтыс болды
230
оқылды

Қайғылы жағдай жатақханалардың бірінде болған.

Бұл туралы Алматы қаласы ТЖД хабарлады. Департамент баспасөз қызметінің айтуынша Әуезов көшесінің бойында өрт шыққаны туралы қоңырау 14 желтоқсан күні 17:45-те түскен. Өрт сөндірушілер оқиға орнына жеткенде төрт қабатты жатақхананың үшінші қабатындағы бөлме жанып жатады.

«Көршілері қою түтіннен қашып шығады. Олар өрт сөндірушілерге бөлмеде бір адам қалып қойғанын жеткізген. Өртті сөндіріп адамдарды құтқару үшін дереу газ бен түтіннен қорғану бөлімі іске кіріседі. Осы мақсатта үшінші қабаттың терезесіне арнайы саты қойылып, отты сөндіру үшін өрттік оқпан берілген. Сондай-ақ эвакуация жолдарын тазалау үшін екінші оқпан үйдің баспалдақ алаңына жеткізілді», – делінген ТЖД хатында.

Өрт сөндіру кезінде бір адамның мәйіті табылды. Қазір ол адамның кім екені анықталып жатыр. ТЖД оттың басқа бөлмеге таралуына жол бермегендерін ескертті. Өрт 4 минут ішінде ауыздықталып, 10 минут ішінде сөндірілген. Аумағы 15 шаршы метр.