«Алтын домбыра» республикалық ақындар айтысына кімдер қатысады?
«Алтын домбыра» республикалық ақындар айтысына кімдер қатысады?
474
оқылды

16-17 желтоқсан күндері Оралда «Тұғыры биік Тәуелсіздік!» атты VIII «Алтын домбыра» республикалық ақындар айтысы өтеді.

Айтулы аламан ҚР Мәдениет және спорт министрлігі мен БҚО әкімдігінің ұйымдастыруымен, Nur Otan партиясының қолдауымен Ақ Жайық өңірінде тұңғыш рет өткелі отыр.

Сөз сайсын белгілі ақын, халықаралық айтыс ақындары мен жыршы-термешілер одағының басқарма төрағасы Жүрсін Ерман жүргізеді. Айтысқа Нұр-Сұлтан қаласынан Жандарбек Бұлғақов, Бекзат Асқаров, Әсем Ережеқызы, Аруна Керімбек, Алматыдан Рүстем Қайыртай, Шұғайып Сезімхан, Хазірет Бердіхан, Қанат Мырзахан түспекші. Қызылордадан осыған дейін «Алтын домбыра» айтысының екі мәрте жеңімпазы атанған Мұхтар Ниязов келді. Батыс Қазақстаннан «Алтын домбыраны» өткен жылы ұтып алған Жансая Мусина, сондай-ақ Талғат Мықи, Бауыржан Ширмединұлы қатысады.

Сондай-ақ, Айбек Қалиев Қостанай, Аспанбек Шұғатаев Павлодар, Шалқарбай Ізбасаров Атырау, Дидар Қамиев пен Өміржан Көпбосынов Қарағанды, Серік Құсанбаев пен Жұлдызай Маратбекқызы Шығыс Қазақстан, Біржан Байтуов Түркістан облысының намысын қорғайды. «Алтын домбыра» айтысы алдында «Ақжайық» шипажайында 14-15 желтоқсан күндері тимбилдинг іс-шарасы өткізілді. Шара аясында ақындар мен қазылар алқасының мүшелері, келген қонақтар түрлі спорттық-мәдени шараларға қатысты. «Қазақ айтысының өткені мен бүгіні хақында» тақырыбында өзара пікір алмасты. Онда қазақтың осынау төл өнерін өрге сүйреп келе жатқан Жүрсін Ерман, айтыс ардагерлері Әлфия Орманшина, Құдайберлі Мырзабек, Қуаныш Мақсұтов, Серік Құсанбаев және басқалар өз ойларын ортаға салды. Айтысты одан әрі дамыту бағытында ұсыныстар айтылды.

айтыс 2.jpg