Қаңтардан бастап кімдерге несие беруге тыйым салынады?
Қаңтардан бастап кімдерге несие беруге тыйым салынады?
230
оқылды

Қарыз алушылардың борыштық жүктемесін есептеу тәсілдері өзгертілді.

2020 жылғы 1 қаңтардан кірісі ең төмен күнкөріс деңгейінен аз азаматтарға қарыз беруге тыйым салынады. Бұл жайында Мәжіліс депутаттарының ресми сауалына орай ҚР Ұлттық банкі төрағасы Ерболат Досаевтың берген жауабында айтылды.

«Бұл ретте 2020 жылғы 1 қаңтардан бастап қарыз алушылардың борыштық жүктемесін есептеу тәсілдері өзгертілді – кірісі ең төмен күнкөріс деңгейінен төмен азаматтарға қарыз беруге тыйым салу енгізілді, сондай-ақ банктердің меншікті капиталының жеткіліктілігіне қойылатын талаптар күшейтілді, бұл банктердің кепілсіз тұтынушылық қарыздарды, әсіресе кірісі төмен азаматтарға беруіне экономикалық ынтасын төмендетеді. Сонымен қатар, 90 күннен аса мерзімі өткен берешегі бар жеке тұлғалардың барлық кепілсіз тұтынушылық қарыздары бойынша тұрақсыздық айыбы мен комиссияларды есептеуге тыйым салу жөнінде заңнамалық актілерге түзетулер әзірленді. Осы арқылы кепілсіз тұтынушылық қарыздар бойынша берешектің үздіксіз өсуі шектелетін болады», – деді Е.Досаев.

Ұлттық банк төрағасының атап өтуінше, барлық кредиттеу субъектілері реттелетін бір аяда жұмыс істейтін және қарыз шарттарының талаптарына қойылатын талаптар, шекті сыйақы мөлшерлемелері, кредиттік бюроға ақпарат беру, борыштық жүктеме коэффициентінің сақталуы және басқалары сияқты қарыз алушыларды қорғау жөніндегі талаптардың толық аясын сақтайтын болады.