Шахмат федера­циясында шу шықты
Шахмат федера­циясында шу шықты
326
оқылды

Шахматшылардың от­басын­да дүниеге келген шах­матшы қыз Альфия Насыбул­лина Instagram және Facebook желілеріндегі парақ­шасында Қазақстан шахмат федерациясын сынға алды. Жазбада ол өзіне елдің басты чемпионатына қатысуға рұқ­сат бермегенін, шах­мат әле­мін­дегі сыбайлас жем­қор­лықтың ушығып тұр­ғанын жазды.

Насыбуллинаның шахмат фе­де­рациясының жұмысына қа­тысты басқа да айтар шағымы көп болып шықты. – Қаңтар айының басында фе­дерацияның басшылығы ауыс­ты. Біртүрлі тағайындау болды. Оның ішінде қазіргі шахматшы Гүлмира Дәулетова да бар. Оның федерацияда не үшін жұмыс істеп жүргені маған да түсініксіз. Биыл турнирлердің бірі онлайн фор­матта өтті, оған 5 миллион теңге қар­жы бөлінді. Ақшаның бір бө­лігі жүлде қорына түсті, ал қалған 3 миллион теңгенің қайда жұм­салғаны бізге белгісіз, – деп ашық жазды ол. Сондай-ақ постта Насы­буллина ұлттық құрамадағы Дәу­летова мықты шахматшы Мадина Давлетбаеваның орнына келгенін және оның «гроссмейстер атағын лайықты түрде алмағанын» да сөз еткен. Шахматшы федерацияға бағыттап айтқан сынын көптеген шахматшының қолдағанын айта­ды, бірақ олар ашық түрде жар салуға дайын болмай шыққан. Мұның бәрі жазбада жарияланған. Жалпы, бұған дейін де еліміз­дегі шахматшылар мен федерация арасындағы түсініспеушіліктер мен қақтығыстар бір емес, бірнеше рет болған. Бибісара Асаубаева, Динара Сәдуақасова, Жансая Әбдімәліктің де басы дауға қалып, спортшылар мен қауымдастық арасындағы қарым-қатынас нашар­лады. Енді мұндай келеңсіз жағдайға Альфия да тап болып отыр. Мәселенің анық-қанығын білу үшін біз шахматшының өзімен байланысқа шықтық. Қазір бұл мәселе бойынша нақты қандай жұмыстар жүргізіліп жатқанын сұрадық. – Федерацияға қатысты мә­селе әлі шешілген жоқ. Федерация мені қолдаған шахматшыларды «қара тізімге» енгізетінін айтып қорқытты. Мен енді олардың басты жауына айналдым десе де болады. Ұзақ уақыт  Қазақстандағы барлық нәрсе таныс-тамырдың, ақшаның арқасында шешілетініне сенбедім. ҚШФ-ның атқарушы директоры жоғары қызметтегі адамдармен жақсы байланыс орнат­қан, сондықтан сот төре­лігінің әділ шешім шығарарына күмәнмен қараймын. Олардың әрекетінің заңсыздығына қарсы сот ісін қозғадым. Ресми құжат­тарды ауыстыруға қатысты про­цедуралар болды. Бірақ ештеңе өзгермей ме деп қорқамын. Олар өздерін ақтауға тырысып, ашық­тан-ашық өтірік айтады, – дейді ол. Алты айдан астам уақыттан бері Қазақстанның шахмат феде­рациясынан әділеттілік талап етіп келе жатқан Альфия сөз арасында өзін елімізде өткізілетін чем­пионаттан да шеттеткенін айтып қалды. – Бірінші қаңтарда веб-сайт­тан әйелдер арасында классика­лық, рапид және блиц бойынша турнир өткізу туралы ережені көр­дім. Мен тек рапид пен блиц ой­на­ғым келді. Өтінішті жібер­геннен кейін поштаға жарысқа қатыса алмайтыным туралы жауап келді. Себебі негізгі турнирден тек 10 адам қатыса алатыны айтылған. Тур­нир туралы ережені мұқият оқып шыққаннан кейін ондай шек­теулерді таппадым. Сосын кері өтініш жібердім. Осыдан кейін барып өтінішім қабылданды. 7 қаңтар күні ата-анама пошта арқылы 4.3-тармаққа сілтеме жа­са­­ған хат келді. Онда менің 4.3 тар­мақ бойынша жарысқа қатыса алмайтыным жазылған. Мен олар­­ға, бастапқы кезде 4.3 тар­мақтың болмағанын, кейін өзгерту енгізілгенін айттым, – деп жауап берді Альфия. Ол сонымен қатар әлеуметтік желідегі жариялаған постында барлық аудиожазбаларын және басқа да дәлелдемелерді қоса тіркегенін жеткізді. шахмат Осы мәселе жөнінде шахмат­шымен YouTube желісінде «Шын­дық» қозғалысының өкілі Ермек Нарымбай да сұхбаттасқан бола­тын. Біз өз кезегімізде сұхбат алу­шы Ермек Нарымбаймен де хабарласып, оның бұл мәселе бойынша пікірін білдік. – Бұл жерде Альфияның сыны орынды. Жарыс кезінде жарғыны, ережелерді өзгерту дұрыс емес. Мұндай жұмыстармен негізі про­куратура айналысуы қажет. Ми­нистрлік, спорттық ұйымдар, олимпиадалық комитет өкілдері де осы мәселені ескерусіз қал­дырмайды деп ойлаймын, – дейді «Шындық» қозғалысының өкілі. Ал гроссмейстер, шахматтан ұлттық құраманың мүшесі Мұртас Қажығалиев Насыбуллинаның пиар үшін осындай әрекетке барғанын айтады. – Чемпионат регламентінде Қазақстан азаматтары ғана ойнай алады деп жазылған. Бұрын ше­тел­діктердің қатысуы мүмкін болса, биылғы ереже бойынша оған тыйым салынған. Федерация турнирлердің ережелерін тағайын­дауға, өзгертуге толық құқылы. Турнирге қатыстырмады деп дау­лайтын Альфия мықты шахматшы да емес. Егер ол гроссмейстер болса, әңгіме басқаша болар еді. Менің ойымша, Насыбуллина мұның бәрін әдейі істеп отыр, – дейді Мұртас. Қайткенмен, Альфия мен федерация арасындағы дау әлі басылмады. Осы мәселеге бай­ланысты әлеуметтік желіде түрлі жазба жарияланып, әртүрлі алып-қашпа әңгіме айтылуда. 2021 жылы 15 қаңтарда ҚШФ-нің кон­гресі өтеді. Сол кезде спортшы қыз бен федерация арасындағы жағ­дай кеңінен талқыланып, күрмеулі мәселеге нүкте қойылады деген ойдамыз.

АбылайханАбылайхан ЖҰМАШ