Зұлмат жылдардың тарихын зерттей алдық па?
Зұлмат жылдардың тарихын зерттей алдық па?
218
оқылды

1921-1922 жылдардағы нәубеттің тарихын мұқият зерделей алдық па? Ашаршылық тақырыбы – көп зерттеле қоймаған тақырыптың бірі. Сол зұлматта қазақ халқы қырылып қалмағанда, халықтың саны қазіргіден әлденеше есе көп болар еді. Мемлекет басшысы Қ.Тоқаев өзінің «Тәуелсіздік бәрінен қымбат» атты мақаласында мұны текке айтып өткен жоқ.

«Миллиондаған адамды қазаға ұшыратып, тірі қалғанын жан сауғалап босып кетуге мәжбүр еткен алапат ашаршылықтың алғашқы кезеңі – 1921-1922 жыл­дардағы нәубеттен бері 100 жыл өтті. Сол зұлматтың кесірінен қырылып қалмағанда, халқы­мыздың саны қазіргіден әлденеше есе көп болар еді», – дейді Мем­лекет басшысы. Жазушы Бейбіт Қойшы­баевтың айтуынша, «респуб­ли­камыздың бұрынғы больше­виктік-партиялық көзқарастан азат, әділ, шыншыл тарихын жаңаша түзу – советтік дәуірдегі орасан зор қасіретті, яғни «мил­лиондаған адамды қазаға ұшы­ратып, тірі қалғанын жан сауғалап босып кетуге мәжбүр еткен алапат ашаршылықтың» халқымызды Ұлттық апатқа ұшыратқан кезең­дерін дәл ажы­ратып, мұқият зерде­лемейінше мүмкін бол­майды». Жазушы 1992 жылғы Қазақ Советтік Социалистік Респуб­ликасы Жоғарғы Кеңесінің Тө­ралқасы құрған Комиссия 1931–1933 жылдардағы ашар­шылыққа апарған шешім­дерді, қол­жетімді болған барлық құжаттар мен материалдарды қарастырып, сол кезеңде қазақ халқына қа­тысты геноцидтік саясат жүр­гізілген деп тұжы­рым­дағанын айтады. «Бірақ тиісті мемлекеттік баға берілмеген еді, енді, Мем­лекет басшысының тап­сыр­масымен өткен жылы саяси қу­ғын-сүргін құрбандарын толық ақтау жөнінде мемлекеттік ко­миссия құрылуы және Тәуел­сіз­діктің келе жатқан 30 жыл­дығы қарсаңындағы тілге тиек боп тұр­ған осы мақаласы бар­ша­мызды соны аяғына жеткізуге міндет­тейді. Монархия құлағанға дейін алты миллиондық қазақ халқы Дала және Түркістан өлкелерінде теңдей бөлініп өмір сүріп жатқан. Большевизм 1917 жылы найза ұшымен Түркіс­­­­­тан өлкесіне совет өкіметін ғана емес, миллионнан астам көш­пенді өмірін жалмаған ашар­шылықты қоса әкелді. Өл­кеге астықты аймақтардан жет­кілікті азық-түлік келмей қал­ған­дық­тан, «Түркістандағы Ле­нин» деп бағаланған коммунист Иван Тоболин «экономикасы әлжуаз, марксизм тұрғысынан болашағы жоқ» қазақтардың малын әлемдік революция жасауға тиіс Қызыл армия пайдасына сыпырып алды. Оның үзеңгілестерінің кейбірі: «Қолындағы қаруымен шайқаста қаза тапқан қызыл жауынгерлер секілді аштан қырылып жатқан қазақтар да өздерінің өлімдері арқылы революция жеңісіне үлес қосуда» деген арсыз мәлімдеме жасаудан тартынбады. Түркістан Республикасының Ресей Феде­рациясы үкіметіндегі уәкілі У. Ша­­киров Мәскеуге екі мил­лион­дай көшпенділердің аштық құр­сауына ілінгенін хабарлады. Сондай мөлшер өлкедегі Ашар­шылықпен күрес комиссиясының төрағасы Тұрар Рысқұловтың еңбектерінде де келтірілген. Ал эмиграциядағы Мұстафа Шоқаев советтік де­ректерге сүйене оты­рып, «боль­шевиктердің аш­тық саясаты» салдарынан 1 миллион 114 мың адам өлім құшты» деп жазды», – дейді Бейбіт Қой­шыбаев. Тарих ғылымдарының док­торы, профессор Светлана Сма­ғұлова да «қазақ жеріне қатты қасірет әкелген ашаршылық нәубеті туралы айтпасқа бол­майды», – дейді. Тарихшы «Пре­зидентіміз көрсеткендей, тәуел­сіздікке дейінгі кеңестік билік тұсында қазақ халқының басынан небір зұлматтар өтіп, ұлттық құн­дылығымыздан, тіліміз бен ді­лімізден, дінімізден айырылуға шақ қалды. Ғасырлар бойы жыл басы саналып келген мұсыл­мандардың мерекесі Науры­зымызды жоғалтып, діни сені­мімізді таптауға алып келген большевиктік жүйенің қолдан жасаған нәубеттері халыққа жаса­ған қиянаты болды», – дейді. Оның айтуынша, қазақ даласында ХХ ғасырдың өзінде үш ірі ашар­шылық болған. Бірінші дүние­жүзілік соғыстан кейінгі бү­­лін­шілік қазақ шаруашылығына үлкен кесірін тигізіп, оның арты 1916-1918 жылдардағы ашар­шылыққа ұласып, халқымызды әлеуметтік және экономикалық жағынан тұралатып тастаса, Азамат соғысынан кейінгі болған 1921-1922 жылдардағы, одан кейінгі Кеңестік биліктің қолдан жасаған кеңестендіру, тәркілеу, ұжымдастыру саясаттарынан қай­таланған 1931-1933 жыл­дардағы ашаршылықтың салдары демо­графиямыз бен шаруа­шылы­ғымызға орасан зор нұқсан кел­тірген. «Аштық тарих қойнауында қалып қойды. Дәмі ащы, жарасы жазылмайтын дертке айналды. Шет мемлекеттерге босып кеткен көпшілік ұзақ уақыт бойы туған жеріне оралмай, еріксіз сол жақта тұрақтап қалуы осы ашаршы­лықтың ащы қасіретінен. Бұл нәубетті кемелденген социализм тұсында зерттемек түгіл, ауызға алуға болмайтын. Осындай қиын-қыстау тұста еліміз ұлттық рухын, қадір-қасиетін жоғалтпай, ар-намысын, салт-дәстүрін, абы­ройын берік ұстап, тәуелсіздікке қол жеткізуге, егемендігіміздің туын биік желбіретуге бар күш­терін салды», – дейді Светлана Смағұлова. Қазақ халқы бастан кешкен зұлматты зерттеп-зерделеген жөн. «Үш дүркін соққан осындай «аш­тық саясаттан» туған ашаршылық апатынан тікелей төрт жарым миллиондай, ал ықтимал табиғи өсімді қоса жоғалтқанымызды ес­кергенде, он миллиондай жан­нан айрылдық. Әрине, Президент орынды ескерткендей, бұл күрделі мәселеге ұстамдылықпен және жауапкершілікпен қарауымыз қажет. «Жалпы, тарихи зерт­теу­лерді ұраншылдық пен даң­ға­­засыз, таза ғылыми ұстаныммен жүргізген дұрыс», бұрындары да айтылып жүргендей, мәселені тым саясиландырмаған жөн. Біз өткенімізді жақсы біліп, бүгін­гімізді әділ бағалай білу арқылы, сөз жоқ, қуатты, тәуелсіз ұлттық мемлекетімізді құрамыз және сонда ғана, Президентіміз мақа­ласында әділ көрсеткендей, тәуел­сіз, жасампаз ұлт ретінде жер бетінде сақталамыз. Сондықтан да осы айнымас ақиқатты берік ұстанып, «Тәуелсіздік бәрінен қымбат!» деген терең мағыналы бір ауыз сөзді тұрақты ұранымыз етейік», – дейді жазушы Бейбіт Қойшыбаев. Зерттеп-зерделеу дегеніміз не? Осы нәубеттің құрбанына айнал­ғандардың нақты санын білеміз бе? Тарихи деректерде әртүрлі болжам айтылады. Оның қайсысы дұрыс, қайсысы бұрыс? «Президентіміз Қ.Тоқаев ма­қа­ласында ақтаңдақ болып қалған ашаршылық қасіретін зерттеуді қолға алып, осы нәубеттің құр­банына айналғандардың нақты санын шығаруды, ашаршылық мәселесін мемлекет тарапынан бағалауды ұсынып отыр. Бұл – өте орынды ұсыныс. Аштықтың зар­дабын мемлекеттің қолдауы­мен толықтай зерттейтін, сара­­лайтын мезгіл жетті. Уақыт бір орында тұрмайды, кешегі заман өтеді, кетеді. Бірақ тарих бетінен өшпес орын алар, өзекті өртер өкінішке толы аштық нәубетінің зардабын, халықтың басына түскен қасіретті тәуелсіздіктің өскелең ұрпақтары білуі тиіс» дейді тарихшы Свет­лана Смағұлова. Мемлекет басшысы Қ.Тоқаев ала-құла деректер және оның себеп-салдары жайлы әртүрлі көз­қарастар қоғамды адас­тыра­­тынын текке айтып отырған жоқ. Тарихи дүниелерді жазуда бі­різділік, жауап­кершілік және ұс­тамдылық қажет. Осы мүд­де­ден шыққанда ғана біз ортақ тарихи көзқарасты қалыптастыра ала­мыз. ­

Гүлзина БЕКТАС