1921-1922 жылдардағы нәубеттің тарихын мұқият зерделей алдық па? Ашаршылық тақырыбы – көп зерттеле қоймаған тақырыптың бірі. Сол зұлматта қазақ халқы қырылып қалмағанда, халықтың саны қазіргіден әлденеше есе көп болар еді. Мемлекет басшысы Қ.Тоқаев өзінің «Тәуелсіздік бәрінен қымбат» атты мақаласында мұны текке айтып өткен жоқ.
«Миллиондаған адамды қазаға ұшыратып, тірі қалғанын жан сауғалап босып кетуге мәжбүр еткен алапат ашаршылықтың алғашқы кезеңі – 1921-1922 жылдардағы нәубеттен бері 100 жыл өтті. Сол зұлматтың кесірінен қырылып қалмағанда, халқымыздың саны қазіргіден әлденеше есе көп болар еді», – дейді Мемлекет басшысы. Жазушы Бейбіт Қойшыбаевтың айтуынша, «республикамыздың бұрынғы большевиктік-партиялық көзқарастан азат, әділ, шыншыл тарихын жаңаша түзу – советтік дәуірдегі орасан зор қасіретті, яғни «миллиондаған адамды қазаға ұшыратып, тірі қалғанын жан сауғалап босып кетуге мәжбүр еткен алапат ашаршылықтың» халқымызды Ұлттық апатқа ұшыратқан кезеңдерін дәл ажыратып, мұқият зерделемейінше мүмкін болмайды». Жазушы 1992 жылғы Қазақ Советтік Социалистік Республикасы Жоғарғы Кеңесінің Төралқасы құрған Комиссия 1931–1933 жылдардағы ашаршылыққа апарған шешімдерді, қолжетімді болған барлық құжаттар мен материалдарды қарастырып, сол кезеңде қазақ халқына қатысты геноцидтік саясат жүргізілген деп тұжырымдағанын айтады. «Бірақ тиісті мемлекеттік баға берілмеген еді, енді, Мемлекет басшысының тапсырмасымен өткен жылы саяси қуғын-сүргін құрбандарын толық ақтау жөнінде мемлекеттік комиссия құрылуы және Тәуелсіздіктің келе жатқан 30 жылдығы қарсаңындағы тілге тиек боп тұрған осы мақаласы баршамызды соны аяғына жеткізуге міндеттейді. Монархия құлағанға дейін алты миллиондық қазақ халқы Дала және Түркістан өлкелерінде теңдей бөлініп өмір сүріп жатқан. Большевизм 1917 жылы найза ұшымен Түркістан өлкесіне совет өкіметін ғана емес, миллионнан астам көшпенді өмірін жалмаған ашаршылықты қоса әкелді. Өлкеге астықты аймақтардан жеткілікті азық-түлік келмей қалғандықтан, «Түркістандағы Ленин» деп бағаланған коммунист Иван Тоболин «экономикасы әлжуаз, марксизм тұрғысынан болашағы жоқ» қазақтардың малын әлемдік революция жасауға тиіс Қызыл армия пайдасына сыпырып алды. Оның үзеңгілестерінің кейбірі: «Қолындағы қаруымен шайқаста қаза тапқан қызыл жауынгерлер секілді аштан қырылып жатқан қазақтар да өздерінің өлімдері арқылы революция жеңісіне үлес қосуда» деген арсыз мәлімдеме жасаудан тартынбады. Түркістан Республикасының Ресей Федерациясы үкіметіндегі уәкілі У. Шакиров Мәскеуге екі миллиондай көшпенділердің аштық құрсауына ілінгенін хабарлады. Сондай мөлшер өлкедегі Ашаршылықпен күрес комиссиясының төрағасы Тұрар Рысқұловтың еңбектерінде де келтірілген. Ал эмиграциядағы Мұстафа Шоқаев советтік деректерге сүйене отырып, «большевиктердің аштық саясаты» салдарынан 1 миллион 114 мың адам өлім құшты» деп жазды», – дейді Бейбіт Қойшыбаев. Тарих ғылымдарының докторы, профессор Светлана Смағұлова да «қазақ жеріне қатты қасірет әкелген ашаршылық нәубеті туралы айтпасқа болмайды», – дейді. Тарихшы «Президентіміз көрсеткендей, тәуелсіздікке дейінгі кеңестік билік тұсында қазақ халқының басынан небір зұлматтар өтіп, ұлттық құндылығымыздан, тіліміз бен ділімізден, дінімізден айырылуға шақ қалды. Ғасырлар бойы жыл басы саналып келген мұсылмандардың мерекесі Наурызымызды жоғалтып, діни сенімімізді таптауға алып келген большевиктік жүйенің қолдан жасаған нәубеттері халыққа жасаған қиянаты болды», – дейді. Оның айтуынша, қазақ даласында ХХ ғасырдың өзінде үш ірі ашаршылық болған. Бірінші дүниежүзілік соғыстан кейінгі бүліншілік қазақ шаруашылығына үлкен кесірін тигізіп, оның арты 1916-1918 жылдардағы ашаршылыққа ұласып, халқымызды әлеуметтік және экономикалық жағынан тұралатып тастаса, Азамат соғысынан кейінгі болған 1921-1922 жылдардағы, одан кейінгі Кеңестік биліктің қолдан жасаған кеңестендіру, тәркілеу, ұжымдастыру саясаттарынан қайталанған 1931-1933 жылдардағы ашаршылықтың салдары демографиямыз бен шаруашылығымызға орасан зор нұқсан келтірген. «Аштық тарих қойнауында қалып қойды. Дәмі ащы, жарасы жазылмайтын дертке айналды. Шет мемлекеттерге босып кеткен көпшілік ұзақ уақыт бойы туған жеріне оралмай, еріксіз сол жақта тұрақтап қалуы осы ашаршылықтың ащы қасіретінен. Бұл нәубетті кемелденген социализм тұсында зерттемек түгіл, ауызға алуға болмайтын. Осындай қиын-қыстау тұста еліміз ұлттық рухын, қадір-қасиетін жоғалтпай, ар-намысын, салт-дәстүрін, абыройын берік ұстап, тәуелсіздікке қол жеткізуге, егемендігіміздің туын биік желбіретуге бар күштерін салды», – дейді Светлана Смағұлова. Қазақ халқы бастан кешкен зұлматты зерттеп-зерделеген жөн. «Үш дүркін соққан осындай «аштық саясаттан» туған ашаршылық апатынан тікелей төрт жарым миллиондай, ал ықтимал табиғи өсімді қоса жоғалтқанымызды ескергенде, он миллиондай жаннан айрылдық. Әрине, Президент орынды ескерткендей, бұл күрделі мәселеге ұстамдылықпен және жауапкершілікпен қарауымыз қажет. «Жалпы, тарихи зерттеулерді ұраншылдық пен даңғазасыз, таза ғылыми ұстаныммен жүргізген дұрыс», бұрындары да айтылып жүргендей, мәселені тым саясиландырмаған жөн. Біз өткенімізді жақсы біліп, бүгінгімізді әділ бағалай білу арқылы, сөз жоқ, қуатты, тәуелсіз ұлттық мемлекетімізді құрамыз және сонда ғана, Президентіміз мақаласында әділ көрсеткендей, тәуелсіз, жасампаз ұлт ретінде жер бетінде сақталамыз. Сондықтан да осы айнымас ақиқатты берік ұстанып, «Тәуелсіздік бәрінен қымбат!» деген терең мағыналы бір ауыз сөзді тұрақты ұранымыз етейік», – дейді жазушы Бейбіт Қойшыбаев. Зерттеп-зерделеу дегеніміз не? Осы нәубеттің құрбанына айналғандардың нақты санын білеміз бе? Тарихи деректерде әртүрлі болжам айтылады. Оның қайсысы дұрыс, қайсысы бұрыс? «Президентіміз Қ.Тоқаев мақаласында ақтаңдақ болып қалған ашаршылық қасіретін зерттеуді қолға алып, осы нәубеттің құрбанына айналғандардың нақты санын шығаруды, ашаршылық мәселесін мемлекет тарапынан бағалауды ұсынып отыр. Бұл – өте орынды ұсыныс. Аштықтың зардабын мемлекеттің қолдауымен толықтай зерттейтін, саралайтын мезгіл жетті. Уақыт бір орында тұрмайды, кешегі заман өтеді, кетеді. Бірақ тарих бетінен өшпес орын алар, өзекті өртер өкінішке толы аштық нәубетінің зардабын, халықтың басына түскен қасіретті тәуелсіздіктің өскелең ұрпақтары білуі тиіс» дейді тарихшы Светлана Смағұлова. Мемлекет басшысы Қ.Тоқаев ала-құла деректер және оның себеп-салдары жайлы әртүрлі көзқарастар қоғамды адастыратынын текке айтып отырған жоқ. Тарихи дүниелерді жазуда бірізділік, жауапкершілік және ұстамдылық қажет. Осы мүддеден шыққанда ғана біз ортақ тарихи көзқарасты қалыптастыра аламыз. Гүлзина БЕКТАС