Биылғы маусымда премьер-лигада 14 команда бақ сынайды. Бұл жайында Қазақстан футбол федерациясы Атқару комитетінің отырысында шешім қабылданған-ды. Сондықтан Оралдың «Ақжайығы» премьер-лигада бақ сынайды.
Өткен жылы ел біріншілігінде 12 команда доп тепті. Кейінірек қаржы мәселесіне байланысты «Ертіс» жарыстан шығып қалды. Ережеге сәйкес, лига соңында ұпайы түгел болмаған «Оқжетпес» бірінші лигаға ауысты. Ал бірінші лиганың екі конференциясында жеңімпаз атанған «Ақтөбе» мен «Атырау» командалары премьер-лигада ойнауға мүмкіндік алды. «Біз өткен маусымда бірінші лигада өз тобымызда «Атыраудан» кейін екінші орынға ие болдық. Осы спорттық нәтиже бойынша премьер-лигаға оралып отырмыз. Жуырда бас бапкер мәселесі шешілетін болады. Жаңадан ойыншылар аламыз. Қазір команда Оралда жаттығып жатыр. Рұқсат берілсе, Түркияға оқу-жаттығу жиынына барамыз», – деді БАҚ-қа берген сұхбатында «Ақжайық» футбол клубының директоры Азамат Шайхы.А.АЙДАР