Назарбаев зияткерлік мектептеріне ЮНЕСКО сыйақысы табысталды
Назарбаев зияткерлік мектептеріне ЮНЕСКО сыйақысы табысталды
113
оқылды

NIS білім саласындағы ЮНЕСКО сыйлығына ие болған Қазақстанның алғашқы өкілі

Қытайдағы Цзинанда Назарбаев Зияткерлік мектептеріне 2019 жылдың ЮНЕСКО WenhuiAward сыйақысы табысталды! Бұл Зияткерлік мектептердің үлкен әрі кәсіби ұжымы үшін ғана емес, сонымен қатар бүкіл ұлттық білім беру жүйесі үшін де маңызды оқиға. Өйткені, NIS білім саласындағы ЮНЕСКО сыйлығына ие болған Қазақстанның алғашқы өкілі болды.

Диплом мен ұсынылған жобаны дамытуға арналған 20 мың доллар «Назарбаев Зияткерлік мектептері» ДББҰ төрайымы Күләш Шәмшидиноваға тапсырылды.

WenhuiAward «Білім беру – 2030» күн тәртібін ілгерілету үшін университет пен мектеп арасындағы серіктестікті дамытуға бағытталған. 2019 жылдың финалдық кезеңінде Австралия, Қытай, Малайзия және Шри-Ланканың үздік университеттері болған.

ЮНЕСКО-ның сыйлығы сапалы білім мен өмір бойы білім алуға ықпал ететін жоғары оқу орындары мен мектептер арасындағы сәтті серіктестік үшін – балалар мен жастарды өмірге, жұмысқа және дүниежүзілік жаһандық азаматтыққа дайындаған қазақстанның инновациялық мектептеріне берілді.

Беделді марапатқа ие болу туралы қазан айында «Назарбаев Зияткерлік мектептері» ДББҰ «Мектеп әлемін өзгертетін ұстаздар» XI халықаралық ғылыми-практикалық конференциясында жарияланды.

Алматыдағы ЮНЕСКО-ның кластерлік кеңсесінің директоры Криста Пиккат өзінің құттықтау хатында: «Қазақстан, Қырғызстан, Тәжікістан және Өзбекстан бойынша ЮНЕСКО-ның кластерлік бюросының атынан өзімнің «Назарбаев Зияткерлік мектептері» дербес білім беру ұйымына деген аса құрметімді білдіріп, асқан қуанышпен, «Назарбаев Зияткерлік мектептері» ДББҰ жоғары оқу орындары мен мектептер арасындағы ынтымақтастық саласындағы үздік оқу орындарының бірі ретінде танылды», – деп атап өтті.

Алғашқылардың бірі болып NIS-ті жаңа табысымен 2011 жылдан бастап Қазақстанның инновациялық мектептерінің серіктесі болып табылатын Кембридж университеті құттықтады.

Кембридж университеті білім беру мектебінің ресми сайтында: «НЗМ салмақты байқауда жеңіске жетіп, «мектептер мен студенттер арасындағы серіктестік» бағытын сәтті құрғаны үшін марапатталды. Құрылған күннен бастап, НЗМ ұлттық және халықаралық университеттермен бірге түлектерге қолдау көрсету және олардың жетістіктерін тану мақсатында ынтымақтастық орнатты. Назарбаев Зияткерлік мектептерін фантастикалық жетістігі мен осы марапатқа ие болуымен құттықтаймыз», – деп жазылған.