Маңдайшаға қатысты мәлімдеме
Маңдайшаға қатысты мәлімдеме
203
оқылды

Сот маңдайшасындағы жазу интернет пен әлеуметтік желілерді дүрбелеңге түсіріпті. Сын-ескертпелерге шұғыл үн қатқан Алматы соты өз ғимаратындағы жазуды жандәрмен демонтаждады. Мәселе – Қазақстан көшкелі отырған латын графикасындағы әліпбиге қатысты.

Қазақ елінің кириллицадан бас тартып, латынша жазуға көшетінін көрші Ресей және орыстілділер ауыр қабылдағаны мәлім. Бұл тұрғыда әртүрлі кереғар-қайшы, жаңсақ-жалған пікірлер көп айтылды. Оған жауап ретінде Қазақстан латын графикасына тек қазақ тілінің ғана көшетінін, ал еліміздегі орыс тілі сол қалпы кириллицада қалатынын алға тартты. Сонымен, қарсыластар тынышталғандай болған. Алайда блогерлер жариялаған, тергеу сотының орыс тіліндегі атауының да латынша берілгені көрсетілген фото орыстілді қауымды қайтадан дүрлігіске түсіріпті. Бұл мәселеге орай ақпарат құралдарына Алматы қалалық сотының баспасөз хатшысы Абай Жарылқасын жауап берді. «Бірінші кезекте азаматтар мен БАҚ өкілдеріне дер кезінде дабыл қаққаны үшін алғыс білдіргіміз келеді. Бұл ақпарат бүгін таңертең, яғни интернетте тиісті мақалалар жариялана бастағанға дейін-ақ белгілі болды. Содан жазба бұзылып, алып тасталды. Қате атаудың орнатылуына мердігер жол берген, сол дербес жауапты. Ол бізбен келіспеген. Тиісінше, жазуды ауыстырып, қайта орнату мердігер қаражаты есебінен жүзеге асырылады. Қазақ және орыс мақалдарында айтылғандай, нағыз бір қате – ол өткен қателіктерді түзетпеу болса керек», – деді ол. Бұл ретте, қазақтілді басылымдар да әртүрлі маңдайшада мемлекеттік тілдегі атауларда өрескел қателер өріп жүргенін қаншама жылдан бері айтып келеді. Мемлекеттік мекемелер сол дабылдарға да дер кезінде құлақ асса дейміз.

Елдос СЕНБАЙ