Скандинав даму моделінің сыры
Скандинав даму моделінің сыры
272
оқылды

Жыл сайын әлем елдерінің арасында ең таза, ең бақыт­ты, ең дамыған және басқа да ең, ең деген мемлекеттерді анықтайтын рейтингтер жа­рияланады. Әдетте сол тізім­дердің көшін Норвегия, Швеция, Дания, Финляндия бастайды. Еуропаның суық солтүстігіне жайғасса да, әйел­дің құқығын тең қор­ғай­тын, жемқорлықтан ада, хал­қы бақуат елдер қай жол, қай бағытпен жүріп қазіргі жағ­дайына жетті екен деген сауал қызықтырады. Енді өзі­міз қойған сұрақтың жауа­бын іздеп көрейік.

Скандинав елдерінің мем­ле­кеттік даму моделі соңғы ірі сы­нақтарда өзінің төзімділігін көр­сетіп келеді. 2008 жылғы әлем­дік қаржы дағдарысы кезінде, был­тырғы коронавирус панде­миясынан туған экономикалық дағдарыста аталған мемлекеттер пәлендей шығын көрмеді. Мәселен, эпи­демия барысында Норвегия үкіметі өзінің мұнай қорынан 38 млрд еуро жұмсады, ал биыл мұнай бағасы құлдырауына байланысты қор 18 млрд еуро шығын көрді. Сырттай қарасаңыз, норвегтердің жиғаны босап қалғандай. Бірақ бұл цифрлар Норвегия қорының мұртын да шаппады, себебі онда бұған дейін 1 трлн доллар жинақталған. Жалпы, Норвегия, Швеция, Дания, Финляндия қазіргі даму деңгейіне ХХ ғасырдың бел орта­сынан бастап бет бұрды. ХІХ ға­сырда бұл елдер кедей, жем­қорлыққа белшесінен бат­қан­дардың бірі еді. Мәселен, ХІХ ға­сырда Швеция тұрғындары жайлы өмір іздеп, жаппай АҚШ-қа көше бастаған. Аталған елде 1940 жыл­дары билікке социал-демократтар келді. Олар бастапқыда аса үлкен жетістікке қол жеткізбеді. Тек 1960 жылдары Улоф Пальме Швецияда премьер-министр атанған соң салық жүйесі өзгерді. Кейде салық мөлшерлемесі 75 пайызға дейін жетті. Көптеген елдің ЖІӨ-нің негізгі бөлігін экспорт, сыртқы сауда құраса, 1990 жылдары Швецияда ЖІӨ-нің 52 пайызы халықтың салығынан құралды. Бұл күндері аталған салық пайызы азайған (Швеция – 45,8% , Норвегия мен Финляндия – 43,6%, Дания – 49%). Дегенмен салықтың үлесі әлі де экономикада, әлеуметтік салада елеулі рөл атқарады. Азаматтар өз табысының тең жартысын аузынан жырып, үкіметке қалай өткізеді? Наразы емес пе деген заңды сауал туын­дайтын шығар. Жоқ, қоғамның көпшілігі аталған салық мөл­шерлемесін төлеп, билікпен бөлісуге даяр. Қалайша? Өйткені үкіметке сенім жоғары. Үкімет осыншама салықтан жиналған қаражатты кешенді әлеуметтік саясатқа айналдырады. Басқаша айтса, сапалы жол, мектеп, аурухана, жоғары жалақы, жәр­демақы, зейнетақы ретінде қо­ғамның өзіне қайтып оралады. Яғни, халық өз салығын өзіне инвестиция ретінде құяды. Бұл жердегі басты мәселе – үкіметке сенім факторы. Салық ешбір шен­дінің қалтасына кетпейтініне сенім. Скандинав елдерінің жабайы капитализм жолына түспеуінің келесі бір себебі – салық саясаты ар­қылы бай мен кедей арасын барынша алшақтатпау ұстанымы. Мәселен, Швецияда ең бақуат 20 пайыз азаматтың табысы қоғамдағы табысы ең төмен 20 пайыз адамның табысынан 4 есе жоғары. Бір қара­ғанда, айырмашылық айтарлықтай. Алайда бұл өзге елдердегідей бай­лары миллиардер, ал кедейлері жеуге нан таппайтын жағдайда емес. Мәселен, Ресейдің ең бай 10 пайыз азаматы өз елінің 80 пайыз байлығына иелік етеді екен. Шве­ция мұның алдын алған. Ал бұған қалайша қол жеткізді? Бірден-бір себеп – халықтың жұмыспен қам­тылуы. Бұл елде 15 пен 64 жас ара­лығындағы аза­маттардың 77 пайы­зы бос емес, қызметте. Халқының 1 пайызы ғана қажетті мөлшерден көбірек істейді. Бұл нені білдіреді? Жалақы жеткілікті, сондықтан да отбасымды асыраймын деп апта­сына 7 күн сабылып, түнгі кезек­шілікке шығып, мереке күндері де жұмыста отыратындар тым аз деген сөз. Бұдан басқа Скандинав елдері мамандардың кәсіби дайындығына ерекше назар аударады, яғни адам ресурсына салынатын инвестиция жоғары. Үкімет шағын және орта бизнесті жан-жақты қолдайды, бұл салада аталған елдерде кооператив секторы жақсы дамыған. Сондай-ақ инновацияға құйылатын қаржы көлемі мол. Мәселен, The Global Innovation Index 2020 әлемдік инновацияны дамыту рейтингінде Швеция 2-орында. Дания 6, Финляндия 7-орында. Аталған дерек бұл елдердің жаңа техно­­логияларға, инфра­құрылымға қан­шалықты көңіл, инвестиция бө­летінін көрсетіп тұр. Скандинав елдері өзге де көр­сеткіштер бойынша дүниежүзінде өзге елдерден оқ бойы озып тұрады. Мәселен, адамның бұл өмірдегі бірден-бір мақсаты – бақытты болу. БҰҰ жыл сайын World Happiness Report атты есеп жариялайды. Бұл зерттеуде жан басына шаққандағы ЖІӨ, адамның орташа өмір сүру жасы, азаматтық бостандық дең­гейі, қауіпсіздік пен ертеңге сенім сезімі, жемқорлық деңгейі сынды қоғам дамуының басты көр­сеткіштері ескерілген. Міне, осын­дай маңызды рейтингте былтыр Скандинав елдері алғашқы 7 орын­ды толығымен иеленді. Финлян­дия – 1-орын, Дания – 2-орын, Исландия – 4-орын, Норвегия – 5-орын, Швеция – 7-орын. Бұдан бөлек, Адам даму индексі бойынша да Солтүстік Еуропа елдері өзгелерден көш ілгері кеткен. Бұл зерттеуде азаматтардың сауаты, білім, өмір сүру деңгейі, орташа өмір сүру жасы есепке алынған. Бұл индекс дамыған және дамушы елдердің айырма­шылығын көр­сетуге де бағытталған. Былтыр жария­ланған сол есепте де Норегия 173 ел арасында топ бастап тұрды. Исландия 2, Швеция 7, Дания мен Финляндия 10 және 11-орындарды бөліп тұр. Жоғарыда аталған және өзге де рейтингтерде Скандинав елдері алға шығып, мемлекеттерінің жан-жақты дамығанын, бұл даму қо­ғамның барлық дерлік саласын қамтығанын дәлелдейді. Басқаша айтқанда, тек ЖІӨ-нің көрсеткішін көтеріп немесе миллиардерлер санын арттырып, «жылтырақ эко­номика» үлгісін қалыптастырған жоқ. Қымбат салық, инновациялық даму, кешенді әлеуметтік қорғау, гендерлік теңдік, құқықтық теңдік, жемқорлықтан таза ортаның оң әсерін азаматтар күнделікті сезінеді. Бәлкім, осы себепті де олар ең ба­қытты мемлекеттердің қатарында шығар. Әрине, мұндай жетістіктің сырын кейбір зерт­теушілер ха­лықтың діні, табиғатынан іздейді. Негізінен, адал еңбекті наси­хат­тайтын лютерандық бағыт Сол­түстік Еуропа халқына оң ық­пал етті дейтін болжам бар. Бұдан бөлек, лагом түсінігін өмірінің, күнделікті тұрмысының діңгегі етіп алған шведтер қанағатшыл деген де ұғым бар. Лагом – көп те емес, аз да емес, қажетті мөлшерде дегенді білдіретін термин. Бұл принциптің белгісі шведтердің тұрмысынан есіп тұрады. Айталық, шведтің атақты IKEA жиһаз бренді люкс класынан емес, сондай-ақ жұпыны да көрін­бейді. Орташа. Нағыз лагом тү­сінігіне негізделген өнім.

 Нұрмұхамед БАЙҒАРА