2025 жылға дейін Қазақстанда білім мен ғылымды дамытудың жаңа мемлекеттік бағдарламасы әзірленді.
Үкімет отырысында ҚР Білім және ғылым министрі Асхат Аймағамбетов аталған құжатты таныстырды, – деп хабарлайды ҚазАқпарат.
«Бүгінгі таңда білім және ғылым жүйесінің алдында жаңа мақсат-міндеттер тұр. Оларды шешу үшін Мемлекет басшысының тапсырмасы негізінде 2020-2025 жылдарға арналған жаңа бағдарлама жобасы әзірленді. Жаңа бағдарламада бірнеше стратегиялық құжат негізге алынды. Атап айтқанда, Елбасының «100 нақты қадам« ұлт жоспары және «Рухани жаңғыру« бағдарламалары, Мемлекет басшысының сайлауалды тұғырнамасы, Тамыз кеңесінде, Жолдауда берген білім саласына қатысты тапсырмалары толығымен қамтылды», – деді министр.
Бағдарлама жобасы педагогикалық ұжымдарда қарапайым мұғалімдермен, сарапшылардың қатысумен және Парламент депутаттарымен алдын ала талқыланды. Сонымен қатар ҚР Премьер-Министрдің орынбасары Бердібек Сапарбаевтың өңірлерге сапары аясында да жергілікті жерлердегі мұғалімдермен жан-жақты қарастырылды.
«Осы жобаның тағы бір ерекшелігі, биыл біз PIRLS, PISA, ICILS сияқты 5 халықарлық зертеудің нәтижесін алдық. Осы зерттеулерді қарап, оның талдауларына көз жүгірттік. Тиісті шешімдер қабылдадық. Ең басты мәселелерді және оларды шешу жолдарын ескердік. Осылайша ғылыми негізде дайындалды деп айтуға болады. Жалпы мемлекеттік бағдарлама жобасында 2 мақсат, 11 міндет, 8 индикатор және 39 көрсеткіш көзделген. Басты мақсаттары келесідей: отандық ғылым мен білімнің әлемдік бәсекеге қаблеттілігін арттыру, құндылықтар негізінде тұлғаларды тәрбиелеу мен оқыту, сонымен қатар экономикамыздағы ғылымның үлесін ұлғайту. Бұл мақсатқат жету 5 бағыт пен 11 міндет аясында жүзеге асады», – деді А.Аймағамбетов.