Кеше 1 биткоин бағасы Қазақстанда 16,1 миллион теңгеден асты. Яғни, өткен аптада ең құрығанда 1 дана Bitcoin сатып алып үлгерген азамат бірнеше күн ішінде 1 миллион теңге табыс тапты деген сөз! Айта кету керек, криптовалюта Қазақстанда былтыр заңдастырылыпты. Бірақ ол заңда «қамтамасыз етілмеген цифрлы актив» деген ұғымға ие болды: өйткені криптоақшалар үшін бірде-бір мемлекет кепілдік бермейді. Ендеше қазіргі биткоин-миллионер ертең лезде қайыршыға айналуы ғажап емес.
Биткоин құны $100 мыңға теңесе ме?
Былтыр, 2020 жылғы 19 сәуірде Morgan Creek Digital инвестициялық компаниясының тең төрағасы Энтони Помплиано әлеуметтік желілер арқылы өз көрермендеріне қайырылып, ғажайып болжамын жариялады: «2021 жылдың соңына қарай 1 биткоинның құны 100 000 долларға жетеді». Оның байламынша, криптомонетаның қымбаттауына халвинг (майнерлер сыйақысының екі есе азайтылуы), сондай-ақ жаһандық дағдарыс пен мемлекеттердің онымен күрес шаралары секілді макроэкономикалық факторлар түрткі болады. «Әртүрлі елдердің орталық банктері экономиканы рецессиядан құтқарып, өсуге ынталандыру үшін станокты іске қосады, ұлттық валюталарын көптеп баса бастайды. Бұл инвесторларды капиталын инфляциядан қорғалған активтерге аударуға мәжбүрлейді. Ол активтерге қазір алтын, жылжымайтын мүлік және биткоин жатады. Алдыңғы халвингтен кейін 18 ай өткенде біз биткоин бағасының еселеп өсетініне куә боламыз. 2021 жылдың аяғына қарай ол 100 мың долларға жетеді», – деді Morgan Creek Digital жетекшісі. Осы болжам айтылған тұста Bitcoin бағасы 7 180 доллар тұратын. Ертесіне одан да төмендеді. Осыған қарап, көптеген жан қаржыгердің жорамалына күлді. Халықаралық қоғамдастық BitMEX басшысы Артур Хейстің «биткоин бағасы жыл соңына қарай тағы 60% арзандайды» деген бағасына сенді. Расында, артынша пандемиядан қажыған экономикаларды құрдымнан шығаруға АҚШ үкіметі 2 триллион, ұжымдық Еуропа – 2 триллион еуро, Жапония 1 триллион доллар құйды. Бұл инфляцияның қарқынын арттырды. Кеше әлемдік биржаларда осы криптовалюта түрінің бағамы 38 520 долларды құрады. Бірнеше күн бұрын тіпті $42 мың межесіне дейін барып қайтқан. Осылайша, криптовалютаның күш алуына бірінші кезекте пандемия ықпал етіп отырғаны байқалады.Дәл қазір алуға асықпаңыз!
Мамандар биткоинмен көп әуестенбеуге шақырады. Бұл салаға алапат дағдарыстар тән. Мысалы, жақында, 2021 жылғы 11 қаңтарда криптонарық бір күн ішінде ғана орасан құлдырауды бастан кешті: биткоин құны бірден 10 мың долларға – 41 мыңнан 30,4 мың долларға дейін арзандап шыға келді. Әрине, одан кейін 38,5 мың долларға дейін көтерілді. Алайда 41-42 мың долларға сатып алған инвесторлар бір цент пайда таппақ түгіл, әлі күнге тек шығын шегуде. Қазіргі кезде бар жинағын салып, онысы жетпесе, астындағы көлігін, тіпті паналаған баспанасын сатып, орнына биткоин алуға жүгірушілер табылуы мүмкін. Сарапшылар оған асықпауға кеңес береді. «Біздің болжамымызша, таяуда нарықтағы құбылмалылық төмендеп, биткоин 30-37 мың доллар аралығында тұрақтануы мүмкін. Нарық биткоинның орасан зор өсімін «қорытуы» керек. Әрине, болашақта криптовалюта ары қарай қымбаттауы мүмкін. Дегенмен ол күрт емес, бірқалыпты өседі», – дейді Raison Asset Management инвестициялық компаниясының қаржылық сарапшысы Николай Кленов. Жеке трейдер Александр Бояринцев те осы саясатты ұстанады екен. «Бүгінде көптеген сатып алушы биткоинді кері сатып жатыр. Тіпті, тегіс сатқысы келмегеннің өзінде, көбісі бестен бір бөлігін өткізуде. Өйткені табысты бекіту (зафиксировать прибыль) қажет. Сонда ертең биткоин күрт құласа, барлық салым күйіп кетпейді, әлгі табыс өтейді. Биткоиннен шығарылған қаражатқа биржадан күмісті сатып алуға болады: оның құны негізінен тұрақты және тәуекелді төмендетуге мүмкіндік береді. Дәл қазір биткоин сатып алуға жанталаса жүгірмеңіздер! Оны сатып алу үшін бұл жақсы уақыт емес. Нарықтың коррекциялануын және қалыпқа келуін күтіңіздер», – деп ақыл қосты Александр Бояринцев. Өзге аналитиктер коррекция ұзаққа созылмайтынын және ақпанға қарай жаңа рекордтарға жылжуы мүмкін екенін тұспалдайды. Әрине, мұның бәрі тек болжам. Шығандай өсуі де, құрдымға құлдилауы да ықтимал.Биткоин құрбандары көп
Қазақстанда «биткоин безгегінің» қызғанына бірнеше жыл болды. Кейбір кәсіпкер соның соңына түсіп, дүкендерін жапты, жеке компаниясын сатты. 2017-2019 жылдары көптеген азамат – білікті дәрігерлер, әртүрлі саладағы майталман мамандар ресми жұмысын тастап, майнингке кеті. Олардың ішінде халвинг кезінде криптовалюта өндіру саласына сіңірген еселі еңбегінің есіл кеткеніне, екі есе арзан бағаланғанына мойып, маскүнемдікке салынғаны да жетерлік. Криптовалюталарды мемлекеттер басып шығармайтындықтан, оған бірде-бір ұлттық банк жауап бермейді. Тиісінше, осы сала алаяқтарға толы. Мысалы, Сыбайлас жемқорлыққа қарсы іс-қимыл агенттігі 2018 жылы биткоинға қызыққан қазақстандықтардың миллиард теңгеден астам қаражатқа алданғанын жеткізді. Өткен жылы да елімізде биткоин-салымшылар 37 миллион долларға алданып қалғаны хабарланды. Қазақстанның әр өңірінде тұратын шамамен 5 мың азамат осынша қаражатын биткоин сатумен айналысатын «Лидер» инвестициялық компаниясына аударыпты. Ал онысы алаяқ болып шықты. Салдарынан, салымшылар ай сайын қосылуы тиіс 30 пайыз түсім түгіл, өз қаржыларын да қайтара алмай жүр. Солардың бірі Ратай Бигатарова криптовалютаға 57 мың долларын енгізіпті: «Осы қаржыны өмір бойы жинадым. Оны тез арада көбейтіп ала қояйын дедім. Балаларым өсіп келеді. Оларды аяқтандыру керек. Ақыр соңында барымнан айырылып отырмын. 2019 жылдың желтоқсанында үйім өртеніп кетті. Баспанасыз қалдық. Төрт баламен, екі немереммен енді не істейтінімді білмеймін», – дейді ол. Алматы қаласының Полиция департаменті инвесткомпания басшысының үстінен «алаяқтық» бабымен қылмыстық іс қозғады. Алайда алаяқ еркек табанын жалтыратқан. Оған халықаралық іздеу жарияланды. Сот сыртынан қамаққа алу жазасын кесті. Мұндай мысалдар жетерлік.Биткоин кәсіпкерлік деп танылды
Қазақстанда бүгінде биткоин өндірумен компаниялар мен жеке инвесторлар тобы айналысуда. Олардың кәсіпорнын ферма атайды. Цифрлық даму, инновациялар және аэроғарыш өнеркәсібі министрі Бағдат Мусин бұл бизнестің елімізде дамуына көңіл бөлінетінін жеткізді. «Қасым-Жомарт Тоқаев өз Жолдауында бес жыл ішінде майнинг индустриясы мен дата-орталықтарға салынатын инвестиция көлемін 500 млрд теңгеге дейін жеткізу керегін атап өтті. Бүгінде Қазақстанда 13 майнинг фермасы жұмыс істейді, олар 620 МВт қуат тұтынады. Сондай-ақ 450 МВт жуық электр энергиясын қажет ететін 4 ферма салынып жатыр. Бұл салаға 80 млрд астам теңге инвестиция тартылған. Алда тағы да 300 млрд теңгеге инвестиция тарту бойынша алдын ала келісімдер бар», – деді министр. Б.Мусиннің дерегінше, 2025 жылға қарай осы салаға инвестиция көлемі шамамен 500 млрд теңгені құрауы мүмкін. Цифрлық ведомство «бұл бағыттағы жұмыстарды қарқынды түрде жалғастыра бермек». Цифрлық даму, инновациялар және аэроғарыш өнеркәсібі вице-министрі Асхат Оразбек осы саланы заңдастыратын «Кейбір заңнамалық актілерге цифрлық технологияларды реттеу мәселелері бойынша өзгерістер мен толықтырулар енгізу туралы» заңды былтыр Парламент қабылдап, ол 2020 жылғы 25 маусымда күшіне енгенін еске салды. Заңда цифрлық активтердің Қазақстандағы айналымы заңдастырылды, сондай-ақ елімізде цифрлық майнинг және цифрлық актив ұғымдары құқықтық айналымға енгізілді. «Соның ішінде криптовалюталар – қамтамасыз етілмеген цифрлық активке жатады. Бұған қоса, Қазақстанда цифрлық майнинг кәсіпкерлік қызмет деп танылды. Бұл ретте «Астана» халықаралық қаржы орталығы аясында криптовалюталарды, соның ішінде биткоинді айналымға жіберу және реттеу үшін құқықтық өріс түзілді. Осы мақсатта арнайы сауда алаңы – биржа жұмыс істейді», – дейді вице-министр. Кейбір қазақстандық биткоинді биржадан сатып алғысы келмейді, керісінше, майнинг жасау арқылы оны өзі тапқысы келеді. Бірақ ол үшін кімнен қандай лицензия алуға болатынын білмейді. «Қазақстанда майнинг қызметімен айналысу үшін ешқандай рұқсат алудың керегі жоқ. Бұл ретте цифрлық майнингті жүзеге асыратын тұлға министр Б.Мусиннің 2020 жылғы 13 қазандағы № 384/НҚ бұйрығымен бекітілген қағидаға сәйкес, біздің министрлікке хабарлама жіберуі керек», – деді Асхат Оразбек. Осы қағида бойынша майнинг фермасын ашатын адам «оның жоспарланған орналасатын жері, қанша мегаватт (МВт) қуат тұтынатыны, деректерді өңдеу орталықтары қуаттарын кеңейтудің әлеуеті, қанша инвестиция салатыны және заңды тұлғаның банктік деректемелері» туралы ұсынуы қажет.Елдос СЕНБАЙ