Елімізде жыл бойы талқылауға түскен басты тақырыптың бірі – Атом электр стансасын салу мүмкіндігі. Ал Энергетика министрлігі АЭС құрылысы жөнінде толық шешім қабылдауға әлі ерте дейді.
– Министрлік өзінің ресми мәлімдемесін жасады және біз сол ұстанымдамыз. Бүгінгі нарық электр энергиясы мен өндірісін толыққанды қамтамасыз етіп отыр. Егер болашақта электр энергиясы көзіне деген тапшылық сезілген жағдайда ғана стансаның қандай түрін салу туралы мәселе қозғайтын боламыз. Атом ба, көмірлі станса ма, ол сол кезде белгілі болады. Сондықтан атом стансасын салу жөнінде айтуға әлі ерте. Дефицитке ұшыраған жағдайда ғана тандайтын боламыз. Бұл атом стансасы болмауы да мүмкін, – деді вице-министр Әсет Мағауов журналистермен өткізген брифингте.
Айта кетсек, 3 сәуірде Қазақстан Президенті Қасым-Жомарт Тоқаевтың Мәскеуге сапары барысында Ресей президенті Владимир Путин Қазақстанда атом электр стансасын салуды ұсынған болатын. Осыдан кейін Энергетика министрінің орынбасары Мағзұм Мырзағалиев атом электр стансасы Алматы облысының Үлкен аумағында салынуы мүмкін екенін айтқан. Ал маусым айында Президент Қасым-Жомарт Тоқаев Қазақстан билігі атом электр стансасын салуды жоспарлап отырған жоқ деп мәлімдеген болатын. Журналистермен өткен кездесуде Қ.Тоқаев: «Атом электр стансасын салу жоспарымызда жоқ. Егер болса, міндетті түрде халықпен ақылдасамыз. Тіпті, қажет болса, бұл мәселе бойынша референдум өткіземіз. Себебі бұл – өте жауапты, өте өзекті мәселе. Сондықтан мен уәдемді орындаймын», – деген еді.