Қор 140 млрд теңге үнемдеген
Қор 140 млрд теңге үнемдеген
145
оқылды

2019 жылдың соңында «Самұрық-Қазына» транс­фор­­мация бағдарламасын жүзеге асырудан түскен пай­да көлемі 86 млрд теңгеге жетеді. Бұл туралы «Самұ­рық-Қазына» ҰӘҚ» АҚ басқарма төрағасы Ахмет­жан Есімов Digital Samruk-2019 конференциясында мәлімдеді.

«Цифрлы трансформация: ел экономикасының өсу нүктелері» деген тақырыпта өткен басқосуға Премьер-Министр Асқар Ма­мин, Цифрлық даму, иннова­ция­лар және аэроғарыш өнеркә­сібі ми­нистрі Асқар Жұмағалиев және «Самұрық-Қазына» ұлттық әл-ау­қат қорына қарасты порт­фельдік компания басшылары қатысты.

Үкімет басшысы Асқар Ма­мин Қазақстанның дамуы мен әлемдік аренада бәсекеге қабі­леттілігін қамтамасыз ету үшін экономиканы цифрландырудың өзектілігі өсіп келе жатқанын атап өтті. Сондай-ақ қордың жұ­мысын жоғары бағалады.

– Стартап-инновацияларға тұрақты сұраныс тудыруға «Са­мұрық-Қазына» қорының мүм­кін­дігі мен әлеуеті зор. Сандық технологияны ары қарай ықпал­дастыру халықтың әл-ауқатын жақсартып, Қазақстанның әлем­де­гі бәсекеге қабілетті 30 елдің қа­тарына енуі үшін өте маңыз­ды, – деді Премьер-Министр.

Асқар Мамин «Самұрық-Қа­зынаның» портфельдік компа­ния­лары ұйымдастырған көр­мені тамашалап шықты. Көрмеге сандық технологиялар мен «ақыл­ды қалалар» саласындағы жетістіктер қойылған.

Өз кезегінде Ахметжан Есі­мов Қордың компаниялар тобы жүзеге асырған цифрлы транс­фор­мация бағдарламасының нәтижелерін ұсынды.

– Трансформация бағдар­ла­масы аясында нақты жобаны жү­зеге асыру есебінен соңғы екі жылдағы пайда көлемі 86 млрд теңгеге жетіп қалды. Бұл тек ті­ке­лей пайда, тағы да жанама пай­дасы бар. 2019 жылдың 11 айы­на қорытынды жасасақ, «Самұрық-Қазына» компания­лар тобының таза табысы шама­мен 1 трлн 150 млрд теңге болды. Шоғы­рлан­дырылған бюджет­ке төлемдер 14 пайызға өсіп, 813 млрд теңгені құрады. Бір жыл ішінде Үкіметке түскен дивиденд мөлшері 2 есе, ақшалай сана­ған­да 5 есе артты, – деді Ахметжан Есімов.

Ауқымды IT аудит қорытын­дысы бойынша тиімділік тұрғы­сынан күмәнді жобаларды іске асыруға жұмсалатын шығындар оңтайландырылды. IT тиімділі­гін арттырудан түскен жалпы пай­да – 60 млрд теңге. Холдингі­шілік сатып алу көлемі 4 есе – 2 трлн теңгеден 515 млрд теңгеге дейін азайды. Бір жерден сатып алу 900 млрд теңгеге немесе 1,5 есе қысқарды. Категориялық сатып алуды дамыту жұмысының арқасында 24 млрд теңге табыс табуға мүмкіндік туды. Бәсекелі ортаға 618 млрд теңге бөлінді. Осылайша, шамамен 140 млрд теңге үнемделді.

Сөз соңында Ахметжан Есі­мов трансформацияны жүзеге асы­ру есебінен негізгі көрсет­кіш­ті жақсарта беретінін тілге тиек етті.

Айта кетейік, «Самұрық-Қа­зына» қорына 2018 жылы келген жаңа топ-менеджмент 2014 жы­лы бекітілген трансформация бағдарламасын қайта қарап, өндірістік бизнес-үдерісті цифр­ландыруға баса назар аудара бас­таған. Нәтижесі қазірдің өзін­де көңіл қуантады.


Еркебұлан НҰРЕКЕШ