Жалпы, әлемде бірегей, мінсіз зейнетақы жүйесі жоқ екені бесенеден белгілі. Әрбір елдің зейнетақы жүйесі сол елдің әлеуметтік-экономикалық жағдайына бейімделіп жасалады. Қалай болғанда да барлық елдің көздеген мақсаты біреу, ол – халықты қаржы жағынан барынша толыққанды қамтамасыз ету. Сол үшін де зейнетақы жүйесінде заман талабына сай өзгерістер жиі болып тұрады. Біздің елімізде де солай. Сәйкесінше зейнетақымен қамсыздандыру мәселесі қоғамда күн тәртібінен түспейді деуге болады. Оған қатысты сұрақтар да жиі көтеріледі. Біз жұртшылықты мазалап жүрген сұрақтардың бірқатарына жауап іздеп, «БЖЗҚ» АҚ Басқарма төрағасы Жанат Құрманов мырзамен кездесіп, әңгімелескен болатынбыз.
– Жанат Бостанұлы, Қазақстанда жинақтаушы зейнетақы жүйесін құруда неге тек Чили елінің зейнетақы жүйесі негізге алынды? Сонда елімізде мысалы, Сингапурдағы секілді жинақтаушы зейнетақы қорын құру мүмкін емес пе?
– Жалпы, әлемдік тәжірибеде зейнетақымен қамсыздандырудың екі моделі қолданылады. Олар: ортақ және жинақтаушы жүйе. Ортақ, яғни үлестіруші жүйеде зейнетақы мемлекеттік бюджеттің ағымдағы шығындары (ортақ жүйе) немесе бюджеттен тыс қор есебінен (сақтандыру жүйесі) қаржыландырылады.
Жинақтаушы жүйеде азаматтардың болашақ зейнетақысы жарналардың міндетті түрлерінен және ерікті зейнетақы жарналары есебінен қалыптасады. 1998 жылы Қазақстанда жинақтаушы зейнетақы жүйесін енгізу туралы шешім қабылдау барысында әртүрлі елдердің, олардың ішінде Чили мен Сингапурдың зейнетақы жүйелеріне терең талдау жасалды.
Қай елде болмасын жинақтаушы жүйенің негізі – азаматтардың жеке зейнетақы жинақтары. Жинақ ақша әрбір салымшының меншігі болып табылады, инвестицияланады және мұраға қалдырылады. Сондықтан Қазақстанның жинақтаушы зейнетақы жүйесі Чили мен Сингапурдың моделіне ұқсас. Дегенмен әр елдің өз ерекшелігі бар.
Сингапур елінің азаматтары болашақ зейнетақыға ғана емес, сондай-ақ баспанаға, медицинаға және білім алуға қаражат жинауға міндетті. Ал Қазақстан азаматтары міндетті емес. Бірақ басқа да қаржы ұйымдарында түрлі мақсаттарға қаржы жинай алады. Мысалы, Қазақстанның тұрғын үй құрылыс жинақ жүйесі Германияның тәжірибесі бойынша жұмыс істейді. Германияда мұндай жүйе Екінші дүниежүзілік соғыстан кейін ел тұрғындарына тұрғын үй мәселесін шешуге мүмкіндік берді. Сингапур моделінің басты ерекшелігі сол, мұнда азаматтардың болашаққа қаржы жинау мүмкіндігі жоғары. Қызметкерлердің орташа жалақысы Қазақстанға қарағанда едәуір 4 мың АҚШ долларынан асады. Медиандық жалақы – 3,2 мың АҚШ доллары. Ал үй шаруашылықтарының медиандық еңбек табысы – 6,7 мың АҚШ долларынан асады. Одан басқа, 55 жасқа дейінгі жұмыскерлер үшін Сингапурдың зейнетақы қорына (CPF) аударылатын міндетті жарналардың көлемі жалақының 37 пайызын құрайды. Оның 20 пайызын жұмыскер, ал 17 пайызы жұмыс беруші есебінен төленеді. Сәйкесінше сингапурлықтардың жинақтары қазақстандықтардың жинақтарынан бірнеше есе жоғары. Сингапур халқының жоғары табысы, жарналардың жоғары мөлшерлемесі болашаққа қаражат жинауға және оларды әртүрлі мақсатқа жұмсауға мүмкіндік береді. Сингапурлық жүйенің тағы бір ерекшелігі сол, жергілікті азаматтар тек өздерінің жинақ ақшасына ғана үміт арта алады. Бұл елде міндетті медициналық әлеуметтік сақтандыру, тегін медициналық көмектің кепілдендірілген көлемі деген жоқ. Барлығы азаматтардың өз жауапкершілігінде. Ал Қазақстанда халықты әлеуметтік және медициналық тұрғыда қорғаудың көпдеңгейлі жүйесі қалыптасқан. Базалық деңгейде әлеуметтік және медициналық көмектің елеулі бөлігі мемлекеттік бюджет есебінен қаржыландырылады. Екінші деңгейде Мемлекеттік әлеуметтік сақтандыру қоры мен Міндетті әлеуметтік медициналық сақтандыру қорына жасалатын аударымдар оған қатысушыларды қаржыландыруға септігін тигізеді. Сондай-ақ елімізде жұмыскерлерді өндірісте төтенше жағдайлардан міндетті сақтандыру жүйесі де жұмыс істейді. Үшінші деңгейде – ерікті сақтандырудың, оның ішінде медициналық сақтандырудың нарықтық өнімдері бар.
– Зейнетақы төлемінің көлемі биыл өсе ме? Егер өссе қанша пайызға өседі?
– Бүгінде зейнеткерлердің қолына берілетін жиынтық зейнетақы екі төлем көзінен құралады: мемлекеттік бюджеттен базалық және ортақ зейнетақы, ал БЖЗҚ-дан жинақтар есебінен төленеді. Мемлекеттік зейнетақыға келер болсақ, Еңбек және халықты әлеуметтік қорғау министрлігінің деректері бойынша 2020 жылдың қаңтарынан бастап барлық зейнеткердің зейнетақысы өседі. Төлемдер инфляцияның орташа деңгейін ескере отырып (+2%) белгіленеді. Қордағы жинақтар есебінен берілетін төлемдер жинақтардың көлеміне тікелей тәуелді. Қор төлемдері жинақтар таусылғанша төленеді. Ай сайынғы зейнетақы төлемінің мөлшері тиісті қаржы жылына белгіленген ең төменгі күнкөріс деңгейінің 54 пайызынан төмен болмайды. 2020 жылға белгіленген ең төменгі күнкөріс деңгейінің көлемі 31 183 теңге екенін ескерсек, Қордан кесте бойынша ай сайынғы ең төменгі төлем 16 839 теңге болады. Ал жоғары мөлшеріне шек қойылмаған.
– Қазақстан Президентінің биыл Қазақстан халқына арнаған Жолдауында Бірыңғай жинақтаушы зейнетақы қорындағы жинақтарды зейнет жасына дейін басқа мақсатқа пайдалану мүмкіндігі айтылған болатын. Осы мәселе шешімін тапты ма?
– Қазіргі уақытта Қазақстан Үкіметі мен Ұлттық банкі ел Президенті Қасым-Жомарт Тоқаевтың тапсырмасына сәйкес жұмыс істеуші азаматтар үшін зейнетақы жинақтарының бір бөлігін баспана сатып алуға немесе білім алуға пайдалану мәселесін қарастырып жатыр. Бұл жұмысқа Бірыңғай жинақтаушы зейнетақы қоры мен жанындағы Қоғамдық кеңестің мамандары қатысуда. Сонымен қатар Қазақстан Үкіметі мен Еңбек және халықты әлеуметтік қорғау министрлігі жанындағы арнайы жұмыс топтарында осы бастама талқыланып, зейнетақы жүйесінің мүмкіндіктерін бағалау бойынша жан-жақты есептеулер жүргізілуде. Сондықтан зейнетақы жинақтарын мерзімінен бұрын мақсатты пайдалану мәселесі түбегейлі шешімін таппағандықтан бұл тақырып бойынша әңгіме өрбітуге әлі ерте.
Дегенмен бұл жерде мына бір жайтты айта кеткім келеді. Зейнетақы жинақтары аты айтып тұрғандай бір ғана мақсатқа – адамдардың зейнет жасында лайықты өмір сүруін қамтамасыз етуге бағытталған. Жинақтар – ұзақ жылдар бойы жиналатын ақша. Ал басқа мақсаттарға пайдалану үшін оның көлемі жеткілікті деңгейде болуы шарт. Яғни, жинақтарды басқа мақсаттарға пайдаланған күннің өзінде, шотта қалған ақша ай сайын кемінде ең төмен зейнетақы төлеп тұруға жеткілікті болуы керек.
– Бұрын зейнетке шыққандар Қордан жинақтарының қомақты бөлігін біржола алатын. Кейін бұған тыйым салынды. Қазір Қордан зейнетақы төлемдері тек ай сайын беріледі. Бұл өзгерісті енгізуге не себеп болды екен?
– Шынында, 2018 жылға дейін зейнет жасына толған салымшылардың басым көпшілігі Қордан берілетін зейнетақының жылдық сомасын бір мезетте алып келді. Сөйтіп, келесі жылға дейін тек бюджеттен төленетін зейнетақы төлемдерін алатын. Зейнетақыны тағайындаудағы мақсат – зейнеткердің күнделікті тіршілігін, лайықты өмір сүруін қамтамасыз ету. Халықаралық стандарт бойынша зейнетақы ай сайын төленеді. Сондықтан біздің елде Қор төлемдері ай сайын беріле бастады.
Бүгінде зейнеткерлерге берілетін зейнетақының 80-85 пайызы мемлекеттік бюджеттен берілетін базалық және ортақ зейнетақыдан құралады. Бірақ алдағы уақытта жағдай өзгеріп, жинақтардың рөлі арта түседі. 2040 жылдары 1998 жылға дейін еңбек өтілі жоқ азаматтар зейнетке шыға бастайды. Сәйкесінше олар тек өздерінің жинақтары мен базалық зейнетақыға ғана үміт арта алады. Базалық зейнетақының өзі қазір жинақтаушы зейнетақы жүйесіне қатысу өтіліне тәуелді. Сондықтан міндетті зейнетақы жарналарын Қордағы жеке шотқа тұрақты аударып тұру және оны қадағалап отыру өте маңызды. Сонымен қатар мүмкін болса ерікті зейнетақы жарналарын аударып тұрған абзал.
Әрине, әртүрлі зейнетақы жоспарлары, төлемдердің тәртібі мен шарты салымшылардың мүдделерін ескере отырып дамытылады. Алайда зейнетақыға ақша жинаудағы басты мақсат – оны қалай болса солай жұмсай салу емес, қартайғанда тұрақты табыспен қамтамасыз ету екенін ұмытпаған жөн.
– Салымшылар өздерінің жинақ ақшаларын инвестициялауға қашан қатысады? Болашақта жинақты бұрынғыдай қалаған қорымызға аудара аламыз ба?
– Иә, жақын болашақта салымшыларға басқарушы компанияларды таңдау құқығы беріледі. Ұлттық банкінің ұсынысы бойынша нарықта зейнетақы активтерін басқарушы компаниялар пайда болады. Олар жеткілікті мөлшерден артық қаражат жинаған салымшыларға (ерлер үшін шамамен 8,2 млн теңге, әйелдер үшін (едәуір ұзақ өмір сүру уақытын ескере отырып) шамамен 10,1 млн теңге) әртүрлі инвестициялық стратегия ұсынады. Осылайша, салымшылар жеке басқарушы компанияларды таңдай отырып, инвестициялық стратегияны таңдау құқығына ие болады.
Зейнетақы жүйесіне жеке басқарушы компанияларды тарту – Ұлттық банктің зейнетақы активтерінің портфелін әртараптандыруға, сәйкесінше тәуекелді төмендетуге бағытталған жұмысының бір тармағы. Бұл үдеріс халықаралық қаржы нарығындағы кең көлемді инвестициялық басқару тәжірибесін пайдалануға мүмкіндік береді. Ең бастысы, тұрғындарда өз жинақтарын молайтуға деген қызығушылық пайда болады.
Осы жерде баса айта кеткім келеді, басқарушы компаниялар нарығын қалыптастыру – бұл бұрынғы жеке зейнетақы қорлары бар ескі жүйеге қайта оралу емес. Керісінше, жаңа модельді қалыптастыру болып табылады.
Ұлттық банк өз кезегінде зейнетақы қаржысын басқарушы болып қала береді. Зейнетақы жинақтарын жеке басқарушы компанияға бергісі келмегендер Ұлттық банкте қалады. Сәйкесінше олардың жинақтарын Ұлттық банк басқарады. Ал БЖЗҚ дәл қазіргідей жеке зейнетақы шоттары мен жинақ ақшаны есепке алу орталығы болып қала береді.
– Ел Президенті Қасым-Жомарт Тоқаев өз сөзінде «зейнетақы активтерін инвестициялаудан түсетін табыстың төмен екенін», сондықтан зейнетақы жүйесінің тиімділігін арттыру керектігін айтқан еді. Осыған байланысты БЖЗҚ қазір қандай шараларды жүзеге асырып жатыр? Зейнетақы активтерін инвестициялаудың тиімділігі қандай?
– Бірден ескерткім келеді. Бірыңғай жинақтаушы зейнетақы қоры зейнетақы активтерін өзі басқармайды. «Қазақстан Республикасында зейнетақымен қамсыздандыру туралы» заңының 35-бабына сәйкес Қордың зейнетақы активтерін Ұлттық банкі сенімгерлікпен басқарады. Бұл үшін 2013 жылы 26 тамызда БЖЗҚ мен Ұлттық банк арасында сенімгерлік басқару туралы шарт жасалған. Соған сәйкес зейнетақы активтерін инвестициялаумен бүгінде Ұлттық банк айналысады. Бұл ретте БЖЗҚ Инвестициялық декларациясының талаптары басшылыққа алынады.
Зейнетақы активтерін басқару тиімділігін арттыру, инвестициялау бағыттары мен қаржы құралдарының тізбесін айқындау бойынша ұсыныстар әзірлеу қызметі 2016 жылдың 1 қаңтарынан бастап Ұлттық қорды басқару жөніндегі кеңесіне жүктелген.
Тағы бір кеңес – Бірыңғай жинақтаушы зейнетақы қорының зейнетақы активтерін басқару жөніндегі кеңес деп аталады. Ол Ұлттық банктің консультативтік-кеңесші органы. Ол зейнетақы активтерін инвестициялауға қатысты ұсыныстарды қарау және әзірлеумен айналысады. Сатып алуға рұқсат етілген қаржы құралдарының тізімін жыл сайын Қазақстан Үкіметі бекітеді. Демек, зейнетақы жинақтарын тиімді басқаруға тек Ұлттық банк емес, басқа бірқатар органдар атсалысады деген сөз.
Зейнетақы активтерінің инвестициялық портфелі барынша әртараптандырылған. Яғни, зейнетақы активтері тәуекелі төмен, табысы тұрақты әртүрлі сенімді қаржы құралдарын сатып алуға жұмсалады. Қазіргі уақытта зейнетақы активтерін инвестициялаудың негізгі бағытының бірі – Қазақстанның мемлекеттік бағалы қағаздары. Биылғы жылдың 1 қарашасына қарай оның үлесі шамамен 38,2 пайызға тең. Бұдан басқа, квазимемлекеттік ұйымдарының облигациясына (15,6%), екінші деңгейдегі банктерінің бағалы қағаздарына (15,4%), шетелдердің мемлекеттік бағалы қағаздарына (14,5%), шетелдік банктердегі депозиттерге (2,8%), халықаралық қаржы ұйымдарының бағалы қағаздарына (2,9%) және басқа да қаржы құралдарына жұмсалған инвестицияларды атап өтуге болады.
Зейнетақы активтерінің инвестициялық портфелі бағалы қағаздар, эмитенттер, мемлекеттер және валюталар бойынша кең түрде әртараптандырылған. Қордың зейнетақы активтері есебінен сатып алынған қаржы құралдарының инвестициялық портфелі валюталық тұрғыда былайша келтірілген: ұлттық валюта – 65,8 пайыз, ал шетелдік валютада (негізінен АҚШ долларында) номиналданған қаржы құралдарына салынған инвестиция шамамен 34,2 пайыз.
2019 жылдың 10 айы ішінде зейнетақы активтерінің табыстылығы 5,67 пайызды көрсетті. Бұл кезеңдегі инфляция 3,9 пайыз болды. Жылдық тұрғыдан алғанда зейнетақы жинақтарының табыстылығы соңғы 12 ай ішінде 8 пайызға жетсе, осы кезеңдегі инфляция деңгейі 5,5 пайызды көрсетті. БЖЗҚ құрылғаннан бері (2014-2019 жылдың қазаны) зейнетақы активтері бойынша жинақталған инвестициялық табыстылық 68,4 пайыз, ал осы кезеңде жинақталған инфляция 55,1 пайыз болды. Яғни, инфляциядан асып түсетін нақты табыстылық – 13,3 пайыз. Сәйкесінше зейнетақы активтерінің табыстылығы оң сипатқа ие.
– Зейнетақы қоры азаматтарды үнемі ерікті зейнетақы жарналарын аударып отыруға шақырады. Алайда адамдардың барлығы бірдей Қорға ерікті жарна аудармайтыны белгілі. Мұның себебі неде деп ойлайсыз? Ал Қор басшылығының өзі ерікті жарналар аудара ма екен?
– Қазақстанның кез келген азаматы Қорға ерікті зейнетақы жарналарын аударуға құқылы. Бұл жарналардың мөлшері, оларды Қорға аудару және Қордан алу тәртібі шарт тараптарының өзара келісімі бойынша белгіленеді.
Иә, өкінішке қарай, ерікті жарналар халық арасында аса танымал емес. Ағымдағы жылдың 1 қарашасына қарай салымшылардың ерікті жарналар бойынша ашылған шотында 1,9 млрд теңге жинақталған. Бұл барлық зейнетақы жинақтарының (10,6 трлн теңге) 0,02 пайызын ғана құрайды. Ерікті жарналар бойынша ашылған бір шоттағы орташа жинақ ақшаның сомасы – 49,7 мың теңге. Алайда ерікті жинақтардың көлемі біртіндеп өсіп жатыр. Мысалы, бір жыл ішінде ерікті жинақтардың сомасы 4 пайызға артты. Ал жыл басынан бері салымшылар 287 млн теңгеге ерікті жарналар аударды.
Ерікті жарналардың халық арасында танымал еместігінің бірқатар себептері бар. Атап айтсақ, ерікті жарналарды Қорға аудару және Қордан алу барысында екі рет салық салыну тәуекелінің орын алуы; ерікті жинақтарды мерзімінен бұрын алу мүмкіндігінің жоқтығы; халық арасында қаржылық сауаттылық пен зейнетақыны жоспарлау мәдениетінің төмендігі және т. б.
Дегенмен қазіргі уақытта Қор халықаралық тәжірибелерді зерттеп, зерделеп жатыр. Салдарынан халықтың ерікті жарналар есебінен қаражат жинауға деген қызығушылығын арттыру бойынша жеңілдіктер енгізуге қатысты бірқатар ұсыныстар әзірленуде. Олардың бірқатары Ұлттық банкке ұсынылып та қойылды. Бұдан басқа, Қор қызметкерлері арасында ерікті зейнетақы жарналарын дамыту мақсатында 2019 жылдың шілдесінде Қорда салық шегерімін автоматты түрде қолдана отырып, ерікті жарналарды өз пайдасына аударудың оңайлатылған және автоматтандырылған механизмі іске қосылды. Соның арқасында енді Қор қызметкерлеріне ерікті жарналарды аудару үшін банкке барудың, жарналарды аудару үшін комиссия төлеудің, салық шегерімін алу үшін өз бухгалтериясына ерікті жарналарды төлегенін растайтын құжат тапсырып отырудың қажеті жоқ.
Айта кетейін, ерікті жарналар есебінен жиналған қаражатты 50 жасқа толған адамдар, мүгедектер және Қазақстаннан тыс жерлерге тұрақты тұруға кететiн немесе кеткен және кету ниетiн немесе дерегін растайтын құжаттар ұсынған шетелдіктер мен азаматтығы жоқ адамдардың алуға құқығы бар. Бұл ретте жинақ ақшаны өз қалауымен бір рет толығымен немесе бөліп: ай сайын, үш ай сайын немесе алты ай сайын алуға болады. Бұдан басқа ерiктi жарналар есебiнен қалыптасқан жинақ ақшасы бар адам қайтыс болған жағдайда, ол заңнамада белгiленген тәртiппен мұраға қалдырылады.
– Шетелге тұрақты тұруға кететін азаматтардың зейнетақы жинақтарын беру тәртібі қандай?
– Қазақстан шегінен тыс жерлерге тұрақты тұруға кеткен, кету дерегін растайтын құжаттар ұсынған шетелдiктер мен азаматтығы жоқ адамдардың мiндеттi және міндетті кәсіптік зейнетақы жарналары есебiнен қалыптасқан жинақ ақшасын толық көлемде алуға құқығы бар. Бірақ бұл үшін олар алдымен елден кетуге арналған құжатты рәсімдеп, басқа мемлекеттің азаматы атану керек. Яғни, Қорға өтініш берместен бұрын, Ішкі істер министрлігінің аумақтық бөлімшелеріне немесе Халыққа қызмет көрсету орталықтарына өтініш беріп, шетелге кететінін рәсімдеп алған жөн. Рәсімдеу бойынша ақпараттардың барлығы Әділет министрлігінің «Жеке тұлғалар» Мемлекеттік дерекқорына түсіп отырады. Кейін өтініш беруші көшіп барған елінің азаматы атанып, қолына сол елдің төлқұжатын алған соң, Бірыңғай жинақтаушы зейнетақы қорына келіп өтініш береді және шетелдік паспортының түпнұсқасы мен жинақ ақшаны аударатын банк шоты туралы мәліметті ұсынады. Бұл құжатты сенім білдіруші немесе пошта байланысы арқылы да жіберуге болады. Қордың www.enpf.kz сайтында Қорға берілу тәртібіне қарай құжаттардың барлық тізімі көрсетілген.
Айтпақшы, құжаттардың дұрыс рәсімделгендігіне көз жеткізу үшін Қор сайтының «Электрондық қызметтер» бөліміндегі «Төлемге құжаттарды алдын ала тексеру» қызметін пайдалануға болады.
Қор құжаттарды тексеруге алған соң, өтініш берушінің шетелге көшетіндігін растау үшін Мемлекеттік дерекқорға сауал жібереді. Оң жауап алынса Қор құжаттар қабылданған немесе келіп түскен күннен бастап 10 жұмыс күні ішінде жинақ ақшаны толық көлемде алушының өтінішінде көрсетілген банк шотына аударады. Ал егер жағымсыз жауап алынса Қор өтінішті орындаудан бас тартады. Алушыға бұл жайында ескертіп, себебін түсіндіреді.
Қазақстан аумағында зейнетақы аударымы теңгемен аударылады. Егер банк шоты Қазақстаннан тыс жердегі шетелдік банкте ашылған болса, зейнетақы төлемдері АҚШ долларымен, евромен, фунт стерлингпен немесе ресейлік рубльмен аударылады.
– Таяу уақытта Еуразиялық экономикалық одаққа мүше елдердің еңбекшілерін зейнетақымен қамсыздандыру туралы Келісім қабылданайын деп жатыр. Бұдан не күтуге болады?
– Қазіргі уақытта Еуразиялық экономикалық одаққа мүше елдердің (Беларусь, Ресей, Армения, Қырғыз Республикасы, Қазақстан) зейнетақымен қамсыздандыру саласындағы уәкілетті және құзыретті органдары Одаққа мүше елдердің еңбекшілерін зейнетақымен қамсыздандыру туралы Келісім жобасын талқылауда. Келісімнің мақсаты – зейнетақымен қамсыздандыру саласында тең құқықты қамтамасыз ету. Келісімге қол қойылған соң Одаққа мүше мемлекет зейнетақымен қамсыздандыру саласы бойынша өз азаматтарына қандай құқық ұсынса, Одаққа мүше басқа елдердің азаматтарына да дәл сондай дәрежеде құқық беруге міндетті болады. Келісімнің тағы бір көздеген мақсаты – еңбекшілердің зейнетақы құқықтарын қорғау, зейнетақыны тағайындау және аудару мәселелерін шешу, Одақ арасында зейнетақы саласында ынтымақтастықты дамыту.
Келісім заңды күшіне енгеннен кейін Еуразиялық экономикалық одақта уақытша тұрып, еңбек шарты бойынша жұмыс істеп жүрген осы Одаққа мүше елдердің кез келген азаматының зейнетақы құқықтары қорғалады. Яғни, еңбек мигранты сол елдің зейнетақы қорына жарна аударып, қаражат жинайды. Кейін сол елдің заңнамасы бойынша зейнетке шыққан соң, өзіне тағайындалған зейнетақыны осы елде немесе өзінің туған еліне аудару арқылы алады. Алайда қызметкердің өзге елдегі жұмысы заңды, яғни еңбек шарты немесе азаматтық-құқықтық шарт негізінде болуы тиіс.
Айбота ЖАППАРБЕРГЕН,
Алматы