Зымыран уақытқа үкім жүрмейді. Ұлы ұстазым, академик Фазылхан Бәйімбетовпен мәңгілікке қоштасқан сонау 2011 жылдың сәуірі алшақтаған сайын тағдырымдағы талайлы сәт те бедерленіп, санамда жаңғыратындай. 1980 жылғы Мәскеудегі Олимпиада ойындары қызған тұс-тын. Жайдары жаздың жаймашуақ күндерінің бірінде 2-курстың шәкірті, 19 жастағы балаң жігіт мені тісқаққан студент Жұмабек Ассалауов қырықтың қырқасына қадам басып, әріптестері мен тәлімгерлерінің құрметіне бөленген, ауыз әдебиетінің өкілдерінше айтсақ «жолбарыстай жігерлі» жас доцент Фазылхан Бәйімбетұлымен таныстырған еді.
Сөйткен Жұмабек кейін Ресей Ғылым академиясының академигі, даңғайыр ғалым В.Захаровтың жетекшілігімен іргелі ғылымда өрнекті із қалдырды. Осылайша, Фазылхан ағай жетекшілік ететін ғылыми топқа мүше болып, лабораторияның табалдырығын имене аттадым.
Физика факультетінде өткен ғасырдың жетпісінші жылдары орын алған шығармашылық көңіл күй төменгі курстың біз сияқты көгенкөздерін табиғат тылсымдарына үңілуге, қиял көгіне қанат сермеуге шақырғандай-тын. Ілім-білімге құштарлық, ғылымға талпыныс жетегінде жүріп, Ғафу ақын жазғандай «ғажайып дүниенің сырын жайып, қияға қызықтырып жетелеген» ұстазымызды физика құпияларының қазына-қоймасының кілтін ұстаған ақыл-ой әлемінің падишасы ретінде елестететінбіз. Сол кездері әлі де «тақтан түспей», қайраты қайтпаған Н.Косов пен В.Кашкаров сынды екі ғылым докторы, профессор болды. Ал, 35-40-тардағы қылшылдаған «сен тұр, мен атайын» доценттер арасында М.Әбділдин, Ф.Бәйімбетов, Т.Қожамқұлов пен Ш.Сәрсембинов сияқты кең өрісті жас ғалымдар ерекше көзге түсетін. Кейіннен бұның барлығы өздерінің ғылыми мектептерінің негізін қалап, Қазақстан Ұлттық ғылым академиясының академиктері атанғаны тегіннен-тегін емес.
Сол кезеңге дейін Фазылхан Байымбетұлы үш-төрт адамнан: аспиранттардан, жас қызметкерлер мен студенттерден тұратын шағын ғылыми топ құрып, термоядролық, ионосфералық плазманың және тығыз орта физикасының әртүрлі мәселелерімен айналысып жатқан еді. Тығыз плазма потенциалдарындағы жоғары ретті байланыстарды есепке алу туралы кезінде өзі уақытша тастап кеткен идеясына оралу жөнінде Фазылхан Байымбетұлы шешім қабылдаған күрделі де тарихи мәні бар сәтте менің таланды тағдырым онымен жолықтырғанын жылдар өте түсіндім. Сонымен физика факультетінің ескі ғимаратындағы №221 бөлмеде ол маған бажайлай қарап, «жас жігіт, міне, сіз енді тығыз плазмамен айналысасыз. Нәтижелер жақсы болады деп ойлаймын, бастысы – төзу» деді. «Төземін» деп уәде беріп, Боголюбов пен Эккердің кітаптарын алдым да қоштасып, шығып кеттім. Қарастырылып жатқан проблема математика тұрғысынан өте күрделі болып шықты, алайда оңтайлы таңдалған әдістеме Эккер және Боголюбов әдістерінің үйлесімі дипломдық жұмысты аяқтар сәтке дейін жүйедегі N бөлшектердің бірмезгілдік корреляциясын ескере отырып, тығыз плазманың тиімді потенциалына теңдеу алу мақсатына қол жеткізуге мүмкіндік берді. Арада 30 жылға жуық уақыт өткен соң барып біз бұл теңдеудің пайда болуын Қазақстанда жаңа ғылыми бағыттың тығыз (идеал емес) плазма физикасы пайда болуының бастау алар сәті деп санауға болатынына көз жеткізіп отырмыз. Кейіннен жоғарыда келтірілген теңдеудің шешімдеріне сүйене отырып, тығыз плазмалық бөлшектердің өзара әрекеттесу моделі құрылды, ол 1995 жылы Physics Letters журналында жарияланды. Бұл модельдің пайдаcы мен танымалдығына айғақ ретінде Thomson Reuters агенттігінің деректеріне сәйкес бұл мақалаға Еуропа мен Америка Құрама Штаттарындағы жоғары рейтингті ғылыми журналдарда 200-ден астам рет сілтеме жасалғанын тілге тиек етуге болады.
30 жылдан астам уақыт бойы ұстазыммен қоян-қолтық жұмыс істедім және дербес пікір, батыл тұжырым мен кей кездері ғажайып түйсікпен астасып жататын сұңғылалық Фазылхан Бәйімбетұлының барлық қызмет өрісіндегі, әсіресе ғылымдағы ойлау машығының басты белгілері екеніне өз тәжірибемнен көз жеткіздім.
Фазылхан Бәйімбетұлы физиканың өтіп бара жатқан алтын ғасырындағы соңғы қазақстандық энциклопедияшы-физиктердің бірі болды. Біріншіден, әрине ол әйгілі Новосібір физика-математика мектебінің ең жақсы дәстүрлерінде тәрбиеленген тамаша физик-теоретик еді, алайда ол эксперименттік физикаға әрдайым тебіреніспен әрі үлкен құрметпен қарап, «кез келген әдемі теория егер ол нақты сандар мен тәжірибелік қолданбаларда көрініс таппаса, тек теория болып қала береді» дейтін. Ол өз пікірлерін нақтылай отырып, өткен ғасырдың 80-жылдарының басында плазмалық ағындар мен радиацияның құрылымдық материалдармен өзара әрекеттесуіне арналған қуатты эксперименттік бағыт құрды. Кезінде Ресей Ғылым академиясының президенті, академик В.Фортов бір халықаралық конференцияда «плазма физикасында тек екі маңызды бағыт бар: идеалды емес плазма физикасы және плазма ағынының материалдармен әрекеттесуі. Біз, мырзалар, олармен жеке-жеке жұмыс істейміз, ал менің досым Ф.Бәйімбетов осының екеуімен де сәтті жұмыс істеуде» деген-ді.
Фазылхан Бәйімбетұлының эксперименттік жұмыстың маңыздылығы туралы пікірі өзім үшін көптеген жыл өткен соң данышпандық тұжырым болып шықты: осы ғасырдың басында досым, Ресей Ғылым академиясының академигі О.Петровтың қамқорлығымен тозаңды плазма қасиеттерін эксперименттік зерттеу үшін ғылыми зертхана құрдым, бұл біздің зерттеулерімізді байытып, оларды түбегейлі жаңа деңгейге көтерді. Енді мен өзімнің толыққанды ғылыми жұмысымды тәжірибелік нәтижесіз елестете алмаймын.
Фазылхан Бәйімбетұлының ғылыми мәселелерді шешудегі және олардың түйінін тарқату жолдарын жоспарлаудағы көрегендігінің тағы бір мысалын келтірейін. Өткен ғасырдың 80-жылдары псевдопотенциал мен оның жуық шешімдерінің теңдеуін алғаннан кейін ол маған теңдеуді сандық түрде шешіп, болашақта тек компьютерлік модельдеумен айналысу жөнінде қатаң шарт қойды. Өмір мұның бірден-бір дұрыс шешім екенін көрсетті, өйткені қазіргі кезде ғылымда маңызды теориялық нәтижелер компьютерлердің көмегімен алынады. Ол қызғылықты есеп-мәселелерді тұжырымдап қана қоймай, ғылыми проблемаларды Абай атамыздың «талап, еңбек, терең ой» тағылымына сүйене отырып шешуге тәрбиеледі. Ал мұның өзі плазмалық физиканың әдеттегі тіліне түсіргенде тобықтай түйінді плазманың құрылымдық бөліктерінің өзара әрекеттесу моделін сипаттауды білдіретін.
Академик Фазылхан Бәйімбетовтің ғылыми мұрасы қандай? Бүгінде Қазақстанда және одан тысқары жерлерде әлемге әйгілі плазма физикасы бойынша ғылыми мектебіміз бар. Сөзіме айғақ ретінде тек екі талассыз фактіні келтірейін. Соңғы 30 жыл ішінде АҚШ, Германия, Франция, Корея және Жапонияның бірнеше университеттері мен ғылыми-зерттеу институттарында Бәйімбетов теңдеулері мен модельдері негізінде идеалды емес плазманың қасиеттері бойынша өрісті зерттеулер жүргізетін арнайы ғылыми топтар құрылды. «Бәйімбетов теңдеуі», «Бәйімбетов потенциалы», «Бәйімбетов моделі» және басқа атаусөздер шет елдердегі әлемдік жетекші орталықтар ғалымдарының ғылыми мақалаларында жиі кездесетін тіркестерге айналды. Сонымен, академик Бәйімбетов пен оның шәкірттерінің ғылыми мақалаларынан әлемдік агенттіктердің мәліметтері бойынша шамамен төрт мың рет сілтеме алынған. Егер бүгінгі таңда әл-Фараби атындағы Қазақ ұлттық университетінің ғалымдарына он екі мыңға жуық сілтеме жасалған болса, онда қарапайым есеп университеттің жоғары бағаланған әрбір үшінші мақаласы академик Фазылхан Бәйімбетовтің ғылыми мектебі қосқан үлес екенін көрсетеді.
Оның достарына, туыстарына, студенттеріне және төңірегіндегі кісілерге деген ізгілікті қарым-қатынасы жеке әңгіменің тақырыбына лайық. Кезінде Фазылхан Бәйімбетұлы өзінің ең жақын досы, профессор А.Нефедов кенеттен қайтыс болғанда қатты күйзелді. Осы оқиғадан кейін бес жылға жуық халықаралық конференцияларға қатысқан жоқ. «Ол жерде менің досым Толяны көрмеу маған ауыр тиеді» деді бірде. Ол өзінің өмірлік серігі әрі сүйікті балаларының анасы Роза Сүлейменқызына деген сүйіспеншілігі құрметін өміріне өзек етті. 2005 жылы Роза апай кенеттен ауырып қалғанда, өмірімде бірінші әрі соңғы рет Фазылхан Бәйімбетұлының жанарына іркілген жасты көрдім. Ол өзінің сүйікті немересі Марғұланның болашағына үлкен үміт білдіріп, әулеттің ғасырлар тереңінен бастау алатын рухани дәстүрлерінің сабақтастығы жалғасын табатынына сенім артты. Ол студенттерге өз перзенттері ретінде қарады, білімге баулып қана қоймай, заманауи зиялылық дәстүрлер рухында тәрбиелеуге тырысты.
Тағдырдың арамызды бөлгеніне тоғыз жылға жуық уақыт болды...
Қазір біз барлық іс-әрекетімізді сіздің безбеніңізге тартып, өлшейміз. Өмірдің маңызды мәселелері бойынша шешім қабылдағанда, сізбен іштей кеңесіп, әрқашан өзіме «Ұстазым бұған қалай қарайды?» деген сұрақ қоямын. Сіз адамзатқа берген баға жетпес ғылыми еңбектеріңіз арқылы өз есіміңізді мәңгілікке қалдырдыңыз. Ұлы ұстазым, сіздің ұшқын атқан отыңыздың нұрына бөленудеміз. Сіздің шәкірттеріңіздің үшінші ұрпағы өзіңіз бастаған істі табыспен ілгері ұластыруда, ол ешқашан толастамақ емес.
Тілекқабыл РАМАЗАНОВ,
әл-Фараби атындағы
ҚазҰУ проректоры