Бүкіл Семей ән салып тұрғандай...
Бүкіл Семей ән салып тұрғандай...
341
оқылды

Жақында «Дариға-ай» жас­тар театры жастар теат­ры екенін тағы бір дә­лел­деп шыққандай... Оның жаңа қойы­лымы «Бар қазаққа ән сал­дырған Шәмші!» деп ата­лады. Шақырды, бардық, көр­дік. Көрермен ретінде үл­кен әсер алып қайттық.

Біз Шәмші заманындағы ауыл жастары едік, көңілді бас- қо­суларда Шәмшінің әндерін шыр­қадық, шырқағанда тура өз жүрегімізден шыққандай етіп шыр­қадық! Ол кезде бүкіл қазақ да­ласы Шәмшінің әнімен тер­беті­ліп тұрғандай еді... Ал Шәм­ші туралы білетініміз шамалы еді, әлдебір аңыздар, әлдебір дақ­пырттар еміс-еміс құлағы­мыз­ға жететін... Жастар театры сахналаған спек­такль-концертінде  Шәмші аға­мызбен қайта кездескендей күй кешкенімізді қайтерсің?! Ға­лымбет Тасболатовтың Шәм­ші бейнесі, тағдыры талайлы ком­позитордың образын сана­мыз­да қайта тірілткендей, Шәм­шіні бүгінге алып келгендей көрінді. Қарапайым да наным­ды, боямасыз, біздің жүрегімізде ұя­лаған, құлағы қалқиған қал­пында елестеткенін айтсаңшы! Өзі де, түп төркіні Шымкенттің жі­гіті ұлы тұлғаны асқақ пафос­сыз Семейге алып келгендей екен... Басты бейненің нанымды шық­қаны сондай,  кешегі Те­міржанмен, Ілиямен өзіміз де бір­ге болғандай, олардың жан дү­ниелерін жасанды-жалған­дықсыз, өтірік жаны ашығансы­мақ­сыз,  барын барша, жоғын жоқ­ша сезіндік. Өнерпаздың біз өмір сүрген кешегі қоғамда да, біз өмір сүріп жатқан бүгінгі қо­ғам­да да осылай боларына тағы да бір рет көзіміз жеткенін біл­дік... Спектакльдің әнін әрлеген әрі хормейстері Олжас Тезек­баев­­тың еңбегі туралы бір ауыз пі­кір білдіруге шамамыз жетсе деп тілек тілейік. Жандүниесі му­­­зыкаға толы осынау жас жі­гіттің Семейге оралғанына да көп болған жоқ. Әкесі Сағынай Тезекбаев марқұм да ән десе ішкен асын жерге қоятын, дауыстардың мың түрлі бояуын құ­лағымен емес, жүрегімен ұға­тын азамат еді, әкесі дүниеден өткен соң Семейіне келді де, әке жолын жалғастырды... Осы спек­­такльдің музыкасын мұ­рын­­­дықтап, жетелеп шықты десе де болғандай. Осы жігіттің ар­қасында речитативтік-пуб­лицистикалық стильге құрылған жас­тар театры – музыкалық дра­ма театрына айналғандай... Қа­зақы ұлттық-халықтық негіз­дегі Шәмші әндері көп дауысты, сылдырап аққан сансыз бұлақ­тардың түйісіп, үйлесіп, жа­мыра­ғанындай қуатқа айналып, бүкіл Семей ән салып тұрғандай сезілді бізге... Бір ғана «Сыған се­ре­надасын» алайық! Тоқтар Се­ріков Шәмші шығарғаннан көп жыл өткенде бүкіл қазақ даласына асқақтата қалықтатса, Ғиб­рат Азубаев бұл әннен «ән-спектакль» жасаған болатын... Ал Олжас Тезекбаев  бұл әнді көп дауысты ән-драмаға айнал­дырғанына көзіміз жетті. Жастар театрының бұрынғы Әк­парәліден басталатын стилі мен динамикасы осында қойыл­ған билер арқылы сақталған деп ойлаймыз. Карина Жирен­баева­ның  қойған билерінде әлемдік театрлардан хабары мол қоюшы екенінен хабар беріп тұрғандай, би әндерден кейінгі спектакль­дің жанындай сезіледі. Спектакльдегі Қалдаяқ (әке­сі), Сақыпжамал (анасы), Ақан се­рі бейнелерін сахнаға шығар­ған Естай Шәріпұлы, Сымбат Ах­метова, Еркебұлан Нұғыма­нов өз биіктерінен көріне білген майталман актер екеніне тағы да көзіміз жеткенін атап айтуды жөн көріп отырмын. Режиссер Жұлдызбек Жұма­бай оркестрдің дирижерындай, «сылдырап өңкей келісімге» қол жет­кізген... Семей бүгін ән са­лып тұрғандай! Іске сәт, жастар театры!

Құсмілия НҰР-ҚАСЫМ