Ш.Уәлиханов атындағы Тарих және этнология институтының мұрындық болуымен 3 томдық «Қазақстан тарихы. Энциклопедия» еңбегі жарық көрді. Әр том шамамен 105-107 баспа табақ, 850 беттен артық. Энциклопедияда қазақ халқының көне заманғы тарихынан бастап бүгінгі өміріне дейінгі негізгі оқиғалар, тұлғалар мен құбылыстар қамтылған.
«Қазақстан тарихы. Энциклопедиясының» бас редакторы – институт директоры, ҰҒА корреспондент-мүшесі Зиябек Қабылдинов. Еңбекті жазуға Қазақстан тарихының белгілі мамандары түгел дерлік тартылды. Белсенді авторлар қатарында М.Қойгелді, Т.Омарбеков, Б.Кәрібаев, Б.Көмеков, Н.Әлімбай, О.Ысмағұлов, С.Борбасов, С.Әжіғали, А.Тоқтабай, М.Әбусеитова, Д.Қыдырәлі, Б.Қойшыбаев т.б. көптеген ғалымдар бар. Жаңа энциклопедия ел тарихында бұрын-соңды болмаған еңбек. Қазақстан тарихының 5 томдығына енбеген көптеген тарихи, этнологиялық, тұлғалық мәселелерді осы кітаптан табуға болады. Қазақ этносының тарихы протоқазақтардан б.з.д. 500 жылдықтан бастап 2,5 мың жылдық оқиғалар қамтылған. Энциклопедия Қазақстан халқының тарихи санасын, тарихи білімін, отаншылдығын нығайтуға оң әсер ететіні даусыз. Бұл еңбекті дайындау барысында шығармашылық топ энциклопедиялар дайындаудың әлемдік тәжірибесін және заманауи технологияны пайдалануға барынша тырысты. Алайда қаржылық шектеулерге байланысты кітапқа енгізілген суреттер ақ-қара бояумен берілді. Энциклопедияға қазіргі қазақ ұлтының негізі болған көне тайпалар, этникалық топтар мен халықтар және олар құрған мемлекеттер жайындағы мәліметтер археология, тарихи антропология, нумезматика ғылымдарының соңғы жетістіктеріне сүйеніп жазылды. Сақ, массагет, скиф, ғұн, үйсін т.б. тайпалардың өмірі, шаруашылығы, географиялық ортасы, этникалық ерекшеліктері туралы қысқа, нұсқа, түсінікті мәліметтер беріледі. «Біз кімбіз, қайдан шықтық, қайда барамыз?» деген саналы азаматты толғандыратын сұрақтарға осы еңбектен толыққанды жауап алуға болады. Бүгінгі Қазақстан орналасқан Еуразия кіндігіндегі қазақ жері ықылым замандардан бері біздің бабаларымыз өмір сүрген, туып-өскен ата-мекенінің территориясы екенін мыңдаған факті дәлелдейді. Сондай-ақ бұл еңбекте қазақ халқының дәстүрлі қолөнері, салт-жоралғылары, сакралды (киелі) ұғымдары, үй-мүліктері, киімдері, шаруашылығының негізгі сегменттері туралы этникалық ақпарат барынша жан-жақты қамтылды. Энциклопедияның әр томына орта есеппен 1 500-дей мақала енгізілген. Үш жылда осындай зор көлемдегі 3 томдық энциклопедия дайындау –шығармашылық топтың зор жетістігі. Энциклопедияның таралымы – 1 000 дана. Кітап еліміздің барлық ірі кітапханаларына таратылады. Бұл еңбекті мектеп, колледж, ЖОО оқытушылары тарих пәнін оқытуды сапалы деңгейге көтеру мақсатында пайдалана алады.Гүлнар ЖҰМАБАЙҚЫЗЫ