Аймақтағы жай қандай?
Аймақтағы жай қандай?
197
оқылды

Nur Otan партиясының орталық аппаратында Партиялық бақылау ко­митетінің отырысы өтті. Онда аймақтардағы жұмыс барысы талқы­ланып, мемлекеттік органдардың этика жөніндегі уәкілдерінің қызметін күшейту шаралары қарастырылды. Алқалы жиынға Мәжіліс депутаты, Nur Otan партиясы партиялық ба­қылау комитетінің төрағасы Павел Казанцев жетекшілік етті.

Отырыста Шығыс Қазақстан және Маңғыстау облыстарының, Шымкент қала­сының партиялық бақылау комиссия­ла­рының, сондай-ақ партияның бірқатар ау­мақтық филиалының жұмысы таныс­тырылды. Мәселен, Шымкент қаласында 2018 жылдың және 2019 жылдың 8 айының ішінде бірқатар жергілікті атқарушы орган басшылары мен мәслихаттың кейбір де­путаттары азаматтардың қабылдауын жет­кілікті деңгейде өткізбегені анықталды. Бұл мәселелер жергілікті партиялық бақы­лау ко­мис­сиясының отырысының күн тәр­ті­біне енгізілді.

Шығыс Қазақстан облысындағы жұ­мыс жағдайын зерделеу және тексеру нәти­желері бойынша жергілікті партиялық бақылау комиссиясының отырыстарын дайындауға арналған жұмыс топтары іс жүзінде құрылмағандығы анықталды. Осы және басқа мәселелерді шешуде Nur Otan партиясының мүшелеріне қатысты ешқандай жаза қолданылмағаны белгілі болды.

Жиында баяндама жасаған Nur Otan партиясы Шымкент қалалық филиалы Партиялық бақылау комиссиясының төрағасы Дариякүл Қожамжарова еліміз­дегі республикалық маңызы бар үшінші қалада Nur Otan партиясының Шымкент қалалық филиалы аймақтық дәрежесін алып, 2018 жылдың қыркүйек айында Nur Otan партиясы Шымкент қалалық филиалы жанындағы партиялық бақылау комиссиясы дербес құрылғанын айта келе, комиссия жұмысына қысқаша тоқталды.

Өз кезегінде Nur Otan партиясы Маң­ғыстау облыстық филиалы партиялық бақылау комиссиясының төрағасы Бай­­шылық Сарман партия жұмысын қайта жаңғырту жұмыстарына комиссия мүшелері белсенді түрде атсалысып жат­қанын айтты. Ол сондай-ақ 11 айдың ішінде аймақтық филиалда 9 комиссия оты­рысы, ал аумақтық филиалда 53 комис­сия отырысы өткенін мәлімдеді.

– Жұмыс кезінде бірқатар әлеуметтік мәселелерді зерделеу жұмыстары жүргізілді. Осы жылдың ішінде 4 партия мүшесінің тәртібі қаралып, олар партия қатарынан шығарылды. 2 партия мүшесіне қатаң сөгіс жарияланды. 24-26 сәуір аралығында партия бақылау қызметінің басшылығымен орталық аппаратта «Құтты мекен» пар­тиялық жобасы аясында республикалық маңызға ие «Жетібай – Өзен» жолын қайта құрылымдау жұмыстары жүргізілді. Қазіргі кезде 35 нысан комиссия мүшелерінің басты назарында. Тағы да тоқтала кетер өзекті мәселе, ол – Ақтау қаласындағы Онкологиялық диспансер құрылысы. Бүгінде Маңғыстау облысында 5 мыңнан аса онкологиялық ауруға шалдыққан науқас бар. Соған байланысты 9 шілде күні Nur Otan партиясы Төрағасының Бірінші орынбасары Бауыржан Байбек Маңғыстау облысына іссапар кезінде 100 орындық Онкологиялық диспансердің құрылысын аяқтау жұмысымен танысып, аталған нысанды партиялық бақылауға алуды тапсырған болатын. Құрылыс жұмысын 20 наурыз күні аяқтау жоспарланып отыр, – дейді Байшылық Сарман.

Баяндамашының айтуынша, қоғамдық қабылдау бойынша комиссия мүшелері азаматтарды арнайы бекітілген график бойынша қабылдаған. Аймақта жалпы 11 айдың ішінде 22 қабылдау өткен. Бақылау комиссиясының назарына мүмкіндігі шектеулі азаматтардың мәселесі, мектеп асханаларын жаңарту жобалары және т.б. өзекті мәселелер алынды. Маңғыстау облысының жанындағы партиялық ба­қылау комиссиясының арнайы жұмыс тобы құрылып, анықтау жұмыстары жүргізілген. Жұмыс барысында бірқатар кемшілік те анықталған.

Ал Шығыс Қазақстан облысындағы Партиялық бақылау комитетінің жұмысын Nur Otan партиясы Шығыс Қазақстан облыстық филиалы Партиялық бақылау комиссиясының төрағасы Мұхтар Төлеген баяндады.

– Партияның бақылау комитеті жұ­мыстың жаңа формасына өтуді көздейді. Шығыс Қазақстан облысының партиялық бақылауында 20 комиссия жұмыс ат­қарады. Ағымдағы жылы партияның өңір­лік және аумақтық филиалдарының жұмы­сына сәйкес 101 жиын өткізіліп, 330 ұсыным енгізілді. Партиялық бақы­лау комиссиясының отырыстарында «Нұрлы жол», «Нұрлы жер» мемлекеттік бағ­дар­ламалардың жүзеге асырылу барысы сара­ланып, барлық мемлекеттік бағдарлама партия­ның ерекше бақылауында болатыны айтылды, – деді ол.

Орталық аппараттағы басқосу кезінде Nur Otan партиясы Партиялық бақылау комитетінің мүшесі Әлия Сапарова мен Nur Otan партиясы Партиялық бақылау комитетінің мүшесі Сәкен Естай да баян­дама жасады.


Әбілмансұр ЖАСАН