Балықтың обалы – браконьерге
Балықтың обалы – браконьерге
310
оқылды

Атырауда жыл аяғында балық­тың өлімі туралы дерек тағы да қай­таланды. Өткен жылы желтоқсанда жаппай қырылған балықтың өліміне кінәлілер деп танылған мекемелер жазасын алды. Енді ес жиып, бола бергенде 17 балықтың өлігі шығып шошытты. Алайда бұл жағдай «балық жаппай қырылып жатыр деп айтуға әлі негізсіз» дейді құзырлы органдар.

Балықтардың өлімі фактісі бойынша 19 желтоқсанда арнайы комиссия құ­рылған. Олар судан зиянды заттардың құ­рамы мен рұқсат етілген шекті мөлшер сынамаларын алды.

Оқиғаның мән-жайы туралы өңірлік коммуникациялар қызметінде өткен бри­фингте Атырау облыстық орман шаруа­шылығы және жануарлар дүниесі аумақтық инспекциясы басшысының міндетін атқарушы Арман Молдашев мәлімдеме жасады.

– Тексеріс жұмыстары барысында барлығы 17 балық табылды. Оның ішінде: 15 қылышбалық, бір табан және бір мөңке анықталған. Балық өліміне себеп Жайық өзенінің бойында «Атырау мұнай өндеу зауыты» ЖШС-нің су тоғанында 50 шаршы метрлік аймақта құрылған браконьерлік балық аулау құралдары болуы мүмкін. Өйткені ұсталған балықтарда механикалық зақым байқалған. Барлық жиналған балық сараптамаға жіберілді, – дейді А.Молдашев.

Атырау облысының экология депар­таменті, «Қазгидромедцентр» АҚ Атырау филиалы және Атырау облысы бойынша тауарлар мен қызметтердің сапасы мен қауіп­сіздігін бақылау департаменті бас­та­ған жұмысшы топ осы аймақта күн сайын хи­миялық анализ үшін судың сынамасын алады.

– 19 желтоқсанға дейін зиянды зат­тар үшін шектеулі рұқсат етілген мөл­шер­ден асу тіркелмеген. 18, 19 және 20 жел­тоқсандағы су сынамаларын зерттеу нәти­желері 3 күнде дайын болады, – деді Атырау облысы бойынша тауарлар мен қызметтердің сапасы мен қауіпсіздігін бақылау департаменті басшысының мін­детін атқарушы Амантай Жұмағалиев.

Сайып келгенде, су құрамының зерт­теулер нәтижесі шыққанға дейін бол­жам бойын­ша балықтардың өлуіне браконьер­лер себепкер.

Жайық өзенінде желтоқсан сайын ба­лықтың қырылу фактісі дәстүрге айналып кетпес үшін құзырлы мекемелер су құрамын тексеруден бөлек, өзен бойын жағалай қоныстанған зауыттар мен мекемелердің де зиянды қалдықтарды шығаруын жіті қа­дағалауға алатын уақыты жетті.


Атырау облысы