Шымкентте коммерциялық ұйымдарға жалған шот-фактура жасаған сегіз адамнан тұратын ұйымдасқан қылмыстық топ анықталды. Жалған құжаттың жалпы сомасы 7,7 миллиард теңгеден асады. ҰҚТ мүшелеріне қатысты қылмыстық іс сотқа жолданды.
Хабарламада ұйымдасқан қылмыстық топ қызмет көрсету, тауар тиеу және жөнелту бойынша іс жүзінде орындалмаған қызметі үшін шот-фактура жасаған. Материалдық өтемақы үшін қолма-қол ақша алып отырған. «Тергеу барысында қылмыстық топ 2017-2020 жылдар аралығында жалпы сомасы 7,7 миллиард теңгеден асатын бюджетке салық төлеуден жалтару мақсатында коммерциялық ұйымдарға жалған шот-фактура жасағаны анықталды» деп атап өтті Шымкент қалалық Экономикалық тергеу департаменті. ҰҚТ мүшелеріне бірден бес бап бойынша қылмыстық іс тергеліп, сотқа жолданады. Оның ішінде 216-бабы 3-бөлігі «Іс жүзінде жұмыстар орындалмай, қызметтер көрсетілмей, тауарлар тиеп-жөнелтілмей шот-фактура жазу бойынша әрекет жасау», 262-бабы 1-бөлігі «Ұйымдасқан топты немесе қылмыстық ұйымды құру, сол сияқты оған немесе қылмыстық ұйымның құрылымдық бөлімшесіне басшылық ету». Бұған дейін де тура осындай оқиға болған. Түркістан облысының екі тұрғыны мемлекетті 7 миллиард теңгеге алдап кеткені айтылған еді. Олар да жалған шот-фактураларды жұмысты орындамай жазып беріп отырған. Жетісу аудандық сотының үкіміне сәйкес екі айыпталушы да 5,5 және 3 жылға бас бостандығынан айырылды.Айша ЕРСҰЛТАН