Елорда тұрғындарының биылғы қыстан тоңып шығатын түрі бар. Көптеген үйде 1,5 айдан бері жылу құбыры қанжылым ғана болып тұр. Мүлік иелері бірлестіктері құрыла бастаған соң, пәтер иелері кооперативтері көңілсіздеу жүр ме, әйтеуір бұрынғыдай жылыту маусымы қарсаңында пәтер аралап жылу құбырын тексерген ПИК өкілін көрмеді жұрт. Әйтпесе, әлі күнге ПИК-тің қызметі үшін ақы төлеп келеді. Ал олардың тарапынан жауапкершілік сезілмейді. Бұлай деуімізге елорда тұрғындарының әлеуметтік желідегі жанайқайы себеп болып отыр. Біз осы мәселені зерделеп көруге тырыстық.
МИБ құру процесі неге баяу?
Көппәтерлі тұрғын үйлерді күтіп ұстау мәселесі қашанда өзекті болған. Үкімет пәтер иелері кооперативтері жұмысына көңілі толмаған тұрғындардың талғамынан шығатын жүйе жасау мақсатында былтыр жаңа реформаны бастап жіберді. Арнайы заң қабылданып, биылғы 7 қаңтарға дейін елімізде мүлік иелері бірлестігі (МИБ) мен қарапайым серіктестік (ҚС) формасындағы ұйымдар құрылуы тиіс еді. Осылайша, тұрғын үйлерді күтіп ұстауды тұрғындардың өз жауапкершілігіне беру ойластырылған. Алайда бастапқы жоспар жүзеге асар емес. Неге? «Тұрғын үй-коммуналдық шаруашылығының қазақстандық орталығы» АҚ-ның департамент директоры Марғұлан Әбдікәрімовтің айтуынша, бұл процестің баяу жүруінің өз себебі бар. «Заң былтыр жыл басында күшіне енгенімен, нормативтік-құқықтық актілер мен арнайы қаулылар дайын болғанша 2,5 ай уақыт кетті. Сол арада коронавирус пандемиясы килігіп, жұмысқа кедергі жасады. Себебі МИБ пен ҚС құру үшін тұрғындар жиналысын өткізу негізгі талаптың бірі болатын. Ал күшейтілген карантин режимінде жиын өткізуге тыйым салынғаны белгілі. Жиналыс өткізуге шектеу қойылғандықтан, бұл мәселені жазбаша сауалнама жүргізу арқылы реттеуді жөн көрдік», – дейді ол. «Тұрғын үй-коммуналдық шаруашылығының қазақстандық орталығы» АҚ-ның дерегінше, МИБ пен ҚС құруда алғашқы үздік үштікте Алматы (380), Атырау (272) және Нұр-Сұлтан (191) қалалары тұрса, аутсайдерлер үштігінде Қызылорда (1), Солтүстік Қазақстан (3) және Шығыс Қазақстан облыстары (5) бар. Айта кетейік, ПИК-тердің 2022 жылдың шілдесіне дейін жұмыс істеу мүмкіндігі бар. Одан кейін ПИК жабылады немесе сервистік қызмет көрсететін компанияға айналады. Оған дейін тұрғындар көңілінен шығатын ПИК-пен 2022 жылдың маусымына дейін қызметін тұтыну шартын жасай алады. Бірақ тұрғындар түбінде МИБ пен ҚС құруға міндетті. 2022 жылдың шілдесінен соң ПИК-пен тек сервистік қызмет шартын ғана жасай алады.Тұрғындар жауапкершілік алғысы келмейді
МИБ пен ҚС құру туралы әңгіме айтылғалы әлі бір шешімге келмеген тұрғындар көп. Жуырда ғана жаңа үйден пәтер алған Бейбітгүл Исаева МИБ құру мәселесінде көршілерінің пікірі екіге жарылғанын айтады. «Көршілерім МИБ құруға қарсы емес, бірақ оған дейін элиталы үйлерге қызмет көрсететін ПИК-тің қызметін тұтына тұрайық, МИБ құрған соң сол ПИК-пен сервистік қызмет шартын жасаймыз. Алайда ол ПИК пәтердің шаршы метріне 75 теңгеден ақша алмақшы. 75 теңгені қымбатсынып жатқан тұрғындар көп. Олар бірден МИБ құрып, электрик пен сантехникті тұрғындар арасынан тағайындауды ұсынады. Себебі 3 бөлмелі пәтер иелері ПИК-пен шарт жасасақ, ай сайын 6 мың теңгеден төлеуге шамамыз келмейді. Көршілердің ортақ чатында күніне 500 пікір жазылса да, 4 айдан бері бір шешімге келе алмай отырмыз», – дейді. МИБ құрудағы бір мәселе сол ұйымға жетекші болуға ниетті адам жоқ. Бұл пікірді Нұр-Сұлтан қаласы Тұрғын үй және тұрғын үй инспекциясы басқармасының маманы Еркебұлан Көшкінбай растап отыр. Оның дерегінше, елордамызда жобамен 3 600 МИБ құрылуы керек. Себебі қалада сол шамада көппәтерлі тұрғын үй бар. Ал бүгінге дейін небәрі 200-ге жуық МИБ құрылыпты. «Ең басты мәселе – бастамашы топ жоқ. Ешкім өз атына МИБ ашқысы келмейді, бәрі қолым тимейді дейді. Заңның мақсаты – тұрғын үйді күтіп-ұстау билігін тұрғындардың өзіне беру, ал тұрғындардың ешқайсысы ондай жауапкершілік алғысы келмейді. Екіншіден, тариф көтеріледі деп қорқады. Себебі бүгінде ПИК 10 үйді басқарып отырғандықтан, 10 үйге екі сантехник, екі электрик ұстайды. Ал МИБ құрылған соң әр үйге бір сантехник, бір электрик ұстау керек болады дегенді алға тартады. Бірақ бұл мәселенің шешімі барын түсінгісі келмейді», – дейді Еркебұлан Маратұлы. Біздің есебіміз бойынша, Нұр-Сұлтан қаласында 3 600 МИБ немесе ҚС құрылатын болса, сонша адам жұмыспен қамтылады. Олардың жалақысы, кем дегенде 42 500 теңге болады. Ал жалақыны көтеруді тұрғындар жиналысы шеше алады. Еркебұлан Маратұлының айтуынша, астанада құрылған МИБ-тердің жұмысы әрқилы. Жақсы жұмыс істеп жатқаны да, МИБ арқылы пайда көздеп жүргендер де бар көрінеді. Шымкент қаласындағы Сапаны бақылау басқармасының бас маманы Перизат Тәжиеваның айтуынша, МИБ пен ҚС құруға тұрғындардың көбі қарсы. Олар да жауапкершілік алғысы келмейді. «Сондықтан бүгінде түсіндіру жұмысына басымдық беріліп отыр. Әр аудан өз аумағында түсіндіру жұмысына кіріскен. Мегаполисте 2 мыңнан астам көппәтерлі тұрғын үй бар. Ал сол үйлерде МИБ пен ҚС құру қашан аяқталатынын болжау қиын», – дейді бас маман.ПИК-ті қалдыруға болмай ма?
Тұрғындар арасында ПИК-ті қалдыруға да мүмкіндік берілуі керек дейтіндер бар. Олар жұмысын жақсы атқаратын ПИК-терді жауып тастау әділ емес, сондықтан тұрғындарда таңдау құқы болуы керек деген пікірде. Ұнаса да, ұнамаса да «ПИК жабылуы керек» деген шешімді ақылға қонымсыз дейді. Тұрғын үй және тұрғын үй инспекциясы тұрғындардың бұл өтінішін салалық министрлікке жеткізген, бірақ құзырлы орын ПИК-тер жабылатыны о баста шешілген мәселе екенін шегелеп тұрып айтыпты. «Халықтың мен үшін біреу істеп береді деген менталитетін өзгертуіміз керек. Әр тұрғын өз пәтерінен басқа, сол көппәтерлі үйдегі тұрғындармен ортақ мүлкі барын түсінуі керек. Ал оны күтіп ұстау үшін қаражат жұмсап, қаржының жұмсалуын бақылау үшін МИБ құруға атсалысуы керек. Пәтерімді ғана күтіп ұстаймын, басқасында шаруам жоқ деген түсініктен арылатын кез келді», – дейді Марғұлан Жеңісұлы.ПИК-тің бәрі періште емес
ПИК-терге 2022 жылдың шілдесіне дейін жұмыс істеуге рұқсат берілген. Бірақ соған дейін адал қызмет етуге құлқы жоқ ПИК-тер де бар болып шықты. Салдарынан елордадағы көпқабатты үйлер тұрғындары апаттан көз ашпады, биылғы қыста сол жағалаудағы үйлерде құбыр жарылу, сағаттап сусыз қалу қалыпты нәрсеге айналды. Есілдің сол жағалауындағы көпқабатты тұрғын үйдің бірінде қабырғаның жарылғаны анықталды. Тұрғындар ПИК өкіліне қабырғаны жөндеу үшін қанша шығын қажет екенін есептеуді сұраған. ПИК өкілі 1,2 млн-1,8 млн теңге жұмсалады деп есептеп берген. Кейін тұрғындар осы жұмысты атқаратын мамандардан жарылған қабырғаны бітеу үшін 504 мың теңге ғана қажет екенін анықтап білген. Ал екінші мысал жауапкершілікке қатысты: есте болса, апта бұрын астаналықтар жылу бағасының көтерілгені туралы мәселе көтерді. Құзырлы орындар тариф қымбаттаған жоқ деген жауабын берді. «Бақсақ – бақа екен» демекші, бұл мәселеге де ПИК жауапсыздығы себеп болыпты. Жекелеген ПИК-терге жылу есептегіш құралды тиісті мерзімде тексеруден өткізу керегі, егер уақытында тексеруден өткізбесе, «Теплотранзит» мекемесі ол үйге берілген жылу ақысын жоғары тарифпен белгілейтінін ескерткен. Алайда ПИК ол ескерту туралы тұрғындарға тіс жармаған және жылу есептегіш құралын тексеруден өткізбеген.Айдана БЕГІМ