Қазандықтар іске қосылды: салғырттық емес, сақтық қажет
Қазандықтар іске қосылды: салғырттық емес, сақтық қажет

Жылыту маусымы басталды. Оған дайындық барысы да қазіргі кезде ерекше бақылауға алынған. Дегенмен жылу әзірге тек үш-төрт өңірде ғана қосылды. Солардың алдыңғы легінде Шығыс Қазақстан мен Солтүстік Қазақ­стан облысы тұр. Бұл екі аймақ жылыту маусымының жы­луын өзгелерден ертерек сезді. Артынша Нұр-Сұлтан мен Қарағанды қалаларына да жылу жетті.

Бір қызығы, елімізде бір жыл ішінде жылу ақысы 14%-ға тө­мен­депті. Үкімет коммуналдық қыз­мет­тің бұл түрін қаңтарда 5,5%-ға, ақпанда 8,7%-ға арзандатты. Осы­лайша, 2019 жылдың тамызындағы баға біраз түсті. Бұған дейін жылу ақысы әрбір жыл сайын шамамен 6,5%-ға қымбаттап келген еді. Әсіресе, 2016 жылдың тамызында бірден 23%-ға артып, 1 гигака­ло­риясы 3 714 теңгеге жеткен бола­тын. Дегенмен биыл оның құны 3 440 теңгеге тең.

Өңірлердегі жылу бағасына тоқталар болсақ, бір жылда Көк­шетау қаласындағы коммуналдық қызметтің бұл түрі бірден 62%-ға арзандап, 1 614 теңгеге түсті. Сон­дай-ақ Шымкентте 25%-ға, Тал­ды­қорғанда 20%-ға арзандады. Ал жылу ақысы қымбат өңірлердің көш басында Алматы, Шымкент, Атырау қалалары тұр.

Биыл әлеуметтік нысандарды жылыту 1 қазаннан басталды. Ал тұрғын үйлерде 15 қазаннан бастап жылу берілетіні белгілі болды. Ауа температурасы күрт төмендеген жағдайда ғана жергілікті әкім­діктер жылыту маусымын ертерек бас­тай­ды. Синоптиктер жақын күндері ауа райы бірнеше аймақта күрт суы­­тады деп болжап отыр. Тұр­ғын­дар бұған қатты алаңдаулы. «Күн суыса үйге тығыламыз, үй суыса қайда барып жылынамыз» дейді олар. Энергетика министр­лігінің деректеріне сүйенсек, энер­гия кәсіпорындарының күз­гі-қыс­қы кезеңге дайындығы ұйым­дас­ты­рылған түрде, кестеге сәйкес өтуде.

Жылыту маусымына дайындық барысы туралы Нұр-Сұлтан қала­сының әкімі Алтай Көлгінов те жақында Instagram-дағы парақша­сында пікір білдірді.

– Ауа райына байланысты мектептер, балабақшалар, ауру­ханалар мен емханалар келіп түс­кен өтініштерге орай жылыту жү­йе­сіне қосылды. Енді тұрғын үйлер мен басқа да нысандарды қосуды бастаймыз. Бұл жұмыс бірнеше күнге созылады. Ережеге сәйкес жылыту маусымы орташа тәуліктік температура +10 градусты көр­се­тіп, 5 күн бойы сақталғанда басталады, – деп жазды қала әкімі.

Таяуда кезекті Үкімет отыры­сында өңірлердің алдағы күзгі-қысқы маусымға дайындығы тал­қыланды. Жылыту маусымына дайындық бойынша атқарылып жатқан жұмыстарға Индустрия және инфрақұрылымдық даму министрі Б.Атамқұлов, Энергетика министрінің бірінші орынбасары М.Досмұхамбетов ерекше тоқта­лып өтті. Белгілі болғандай, жер­гі­лікті атқарушы органдар 10 623 дер­бес қазандықты жөндеуді жос­парлаған, оның ішінде 10 606 қа­зандық немесе 99,8 пайызы да­йын­далды. Жылу желілерін да­йын­дауға қатысты жоспарланған 4 990 шақырым жылу желілерінен ағымдағы кезеңде 4 943 шақырымы немесе 99,1%-ы жөнделді. Жылу желілерін жөндеу бойынша тө­мен­гі дайындық Нұр-Сұлтан қала­сын­да – 73,6%, Маңғыстау облысын­да – 91,7%, Атырау облысында – 96,8%.

Тұрғын үйлерді жылыту мау­сымына дайындау бойынша Батыс Қазақстан облысында (84,5%), Түр­кістан облысында (94,9 %), Шым­кент қаласында (90,7%) жұ­мыс қарқыны төмен екенін айтты министр.

Әлеуметтік нысандардан ЖОО – 100%, балабақшалар – 95%, мектептердің 99%-ы жылыту маусымына әзір. Ал денсаулық сақтау нысандарының жылыту мау­сымына дайындығы – 99%.

Жылыту маусымына дайындық жұмысы Үкіметтің тұрақты ба­қы­лауында. Бұл жөнінде Премьер-министрдің орынбасары Роман Скляр хабарлады. Оның сөзінше, биыл жылыту маусымына дайын болу мақсатында министрлік 2019-2020 жылдарға арналған жұмыс жос­па­рын бекіткен. Соған сәйкес облыс­тардың, Нұр-Сұлтан, Алматы және Шымкент қалала­ры­ның әкімдіктері 15 қазанға дейін барлық нысандарды, соның ішінде инженерлік желілерді, дербес қа­зан­дықтарды дайындап, халықты және коммуналдық-тұрмыстық ұйым­дарды отын қорымен қам­та­масыз етуі қажет екен. Жоспарға сай, «Нұрлы жол» мемлекеттік бағ­дарламасы шеңберінде 37,9 млрд теңгеге жылумен, сумен жабдықтау және су бұру бойынша 18 жоба жүзеге асырылып жатыр. Жалпы дайындыққа қарамастан, бірқатар өңірде бекітілген жөндеу жұмыс­та­рының кестесінен артта қалу­­шылық барын байқауға болады.

Ал төтенше жағдайлар бо­йынша қауіпсіздік шараларын әлі де болса пысықтау керек-ақ. Өйт­кені осы жылдың ішінде бір ғана Нұр-Сұлтан қаласының өзінде 423 өрт оқиғасы тіркелді. 12 адам қаза тапты, оның 5-еуі – балалар.

Елордада өрттен көз жұмған 5 баланың қайғылы қазасы да дүйім жұрттың қабырғасын қайыстырып кеткені рас. Осы оқиғадан соң жылыту маусымы қарсаңында Ақмола облысында көпбалалы отбасылардың үйіне тегін түтін датчиктері орнатылды. Одан кейін де бірнеше ірілі-кішілі өрт, ыстан улану оқиғалары тіркелді. Был­тыр­ғы жылу беру маусымында Шым­кент қаласында 6 газбен улану оқиғасы орын алды. Сал­д­а­рынан 8 адам қайтыс болып, 1 адам жарақаттанды. Түркіс­тан облысы Келес ауданы Бе­с­құ­быр ауылдық округіне қарасты Қош­қар ата ауылында да бір от­басы газдан уланып қайтыс болды. Оқиға орнынан 4 адамның мәйіті та­былды. Шақырылған орынға кел­ген авариялық бригада тексеріс барысында асүйде «Очаг» марка­лы жылу қазандығының орнатыл­ғанын, ал жылу қазандығының мұр­жасы сырдың банкасымен жабылғанын байқаған. Мұржада түтін тартқыш жоқ, жылыту қазан­ды­ғының тартқыш сенсоры ажы­ра­тылған. Техникалық қызмет көр­­се­ту бойынша шарт жасал­ма­ған. Түптеп келгенде, қауіптің бәрі қа­уіпсіздік шараларын сақтама­ған­нан болып отыр.

Павлодарда да бір отбасы 2 бала­сымен уланып көз жұмды. Баянауыл ауданының Ұзынбұлақ ауылында тілсіз жау бүтін бір отба­сының өмірін қиып кетті. Ысты газдан улану салдарынан Бекба­тыровтар отбасынан 4 адам – ата-анасы мен 4 және 7-сыныпта оқи­тын екі бала қаза тапты.

Енді биылғы маусымда осын­дай қайғылы оқиғаларға жол бер­мес үшін төтеншеліктер қандай ша­раларға кірісуі керек? Тұрғын­дар жылыту маусымында нені ес­керу қажет? Бұл туралы Нұр-Сұл­тан қаласы ТЖД «Байқоңыр» ауда­нының ТЖБ инженері Аслан Жұмабеков пікір білдірді.

Ол «газдан улану жағдайла­рының жиі орын алуына, ең алды­мен тұрғындардың өздері кінәлі» дейді. Білікті маман газ қондыр­ғыларын дұрыс пайдаланбау, жылыту маусымының алдында мұржаларды тазаламау апатты жағдайлардың жиі орын алуына себепші болатынын ескертті.

Иә, шынында да, қарапайым ғана қауіпсіздік қағидаларының сақталмауынан бүгінде оқыс оқи­ғалар да, адам шығындары да кө­бейді. Тағы бір айта кетер мәселе, өкінішке қарай, жыл сайын мил­лиондаған қаржыға тек түсіндіру жұмыстарын жүргізетін маман­дар­дың әрекетінен ауыз толтырар­лық­тай нәтиже де болмауда. Мы­салы, 2018-2019 жылдары жылыту маусымы кезеңінде түсіндіру, үгіт-профилактикалық жұмыстары жүргізілгеніне қарамастан, Ақмола облысында 328 өрт оқиғасы тір­келіп, 36 миллион 360 мың теңге материалдық шығын келген. Өрт­тен 8 адам түрлі дәрежеде дене жа­­рақатын алып, 17 адам қаза бол­­ған. Былтырғы жылу беру кезе­ңінде ТЖД өрт сөндіру бөлімше­лері 21 адамның өмірі мен 20 мил­лион теңгенің материалдық затын өрттен аман алып қалғанын да айта кеткен жөн.

Елордада және өзге де аймақ­тарда өрт қауіпсіздігі айлығы ая­сында Қоғамдық қабылдау ак­ция­сы тұрақты түрде ұйымдастырылып тұрады. Жақында ғана 2019-2020 жылдары жылу кезеңіне дайындық мәселелері бойынша түсіндіру жұмыстары толықтай жүргізілген. Қабылдау барысында өрт қауіп­сіздігі мәселелері бойынша 400-ден астам адамға кеңес беріліпті. Адамдардың көпшілігі үйде электр жарығынан өрттің алдын алу және өрт болған жағдайда не істеу қа­жеттігін сұрағаны анықталды. Сұ­рақ­тарға қолданыстағы заңнама негізінде жауап берілді. Сондай-ақ өртке қарсы тақырыпта 600-ден астам үгіт-насихат материалдары таратылып, жылыту пештерін қысқа дайындау, құбырларды тазарту қажеттілігі түсіндірілді.

– Жыл сайын суық түскенде және күзде жылыту маусымы жа­қындағанда өрт қауіпсіздігі айлығы өткізіледі. Оның шеңберінде де­пар­тамент қызметкерлері аула­лар­ды аралап, рейдтер жүргізеді. Бұл кезде үгіт-насихат жұмыстары күшейтіледі. Аралау барысында пештер мен түтіндіктерді, электр жылытқыштардың орнатылуына негізгі акцент жасалады. Үй иеле­ріне пештер мен түтін мұржаларын орнату кезінде ақаулықтарын жою жөнінде ұсыныстар беріледі, өртке қарсы тақырыптағы жарнамалар тапсырылады, – дейді А.Жұма­беков.

Сайрам ауданы Төтенше жағ­дайлар басқармасының инженері, азаматтық қорғау аға лейтенанты Ғалым Сопбек Қазақстанның барлық облыстарында өрт қауіп­сіздігі айлығы жарияланғанын айтып, осы бағытта атқарылып жатқан іс-шараларға тоқталды.

– Жылыту маусымында тұр­ғын­дардың жылыту құрылғы­ла­рына салғырт қарауы салдарынан көптеген қайғылы оқиғаға ұшырап жатқандығы жасырын емес. Осындай қайғылы оқиғалардың алдын алу мақсатында біз төтенше жағдайлар қызметкерлері өрт қауіпсіздігі айлығында «Оңтүстік Жарық Транзит» ЖШС-нің Сай­рам аудандық электр жүйелері, «ҚазТрансГазАймақ» АҚ Сайрам газ шаруашылығының маманда­ры­мен және жергілікті атқарушы органдармен бірлесіп, аудан аума­ғындағы тұрғын үйлерге үгіт-на­сихат жұмыстарын ұйымдастырып жатырмыз. Ескерту жадынамалары таратылып, орталық көшелерге билбордтар, плакаттар орнату арқылы және теледидар, интернет желілері арқылы халыққа кеңінен жеткізіп жатырмыз. Осыған қа­рамастан, мен жұмыс атқаратын Түркістан облысы Сайрам ауда­нында биылғы жылы 1 адам улы газбен уланып, ауыр жарақат алды. Осындай жағдайларды болдырмау мақсатында барша тұрғындарды сақтық шараларын қатаң сақтауға шақырамыз. Әсіресе, электр құ­ралдарын және жылыту пештерін орнату барысында мұқият болы­ңыздар. Ақауы бар розеткаларды, басқа да заттарды қолданбаңыздар. Оты жанған пешті қараусыз қал­дырмаңыздар, өрт қауіпсіздігі шарт­тарына сәйкес келмейтін пеш­терді қолдануға жол берме­ңіздер, – дей келе сақтық шара­ларын естен шығармауды, от пен суды пайдалануда абай болу керек екенін еске салды.

Расында, мұндай жұмыстар кезінде салғырттық танытуға бол­майды. Әйтпегенде апатты жағдай­лардың, оқыс оқиғалардың орын алуы әп-сәтте екенін біз түгілі сіз­дер де жақсы білесіздер. Сон­дық­тан жылыту маусымы кезінде әр адам бірінші кезекте сақтық шараларын алдын ала қолға алып, қауіпсіздік қағидаларын берік ұс­тан­са жылыту маусымынан келіп-кетер кедергі де, қауіп-қатер де жоқ.