Әлем темекіге қарсы күресте елеулі табысқа жетті. Өйткені қазір жер бетінде 5 миллиард адам темекі өнімдерін жарнамалауға тыйым салынған елде тұрады. Қаптамаларда темекінің зияны туралы көрнекі ескертулер орналастырады және темекіге қарсы басқа да тиімді шаралар қабылданады. Алайда ДДҰ-ның жаңа баяндамасында көрсетілгендей, көптеген ел әлі күнге дейін темекі қаупінен адам өмірін сақтауға қабілетті саяси шаралар бекітпей отыр. Ал елімізде «Салауат Астана» қоғамдық бірлестігі «Халық денсаулығы және денсаулық сақтау жүйесі туралы» кодекс жобасына өз ұсыныстарын ұсынып келеді.
Нәтижесінде, 4 желтоқсан күні Мәжілісте жұмыс тобының отырысы аяқталғаннан кейін «Халық денсаулығы және денсаулық сақтау жүйесі туралы» кодексіне IQOS, GLO және электронды темекіге қатысты қоғамдық орындарда темекі шегуге тыйым салатын түзетулер ұсынылып, енгізілді.
Мәжіліс депутаты Ерсұлтан Бектұрғанов жұмыс тобының отырысында 1-бапқа және 256, 257, 263, 301-тармақшаға өзгеріс енгізу туралы ұсыныс жасады. Ол шылым шегудің баламалы нұсқаларына байланысты терминологияны нақтылау қажетін айтты. Мысалы, «темекіні қыздыруға арналған жүйе» анықтамасы жаңа редакцияда «никотині бар аэрозоль түзілетін темекіні қыздыруға арналған құрылғы» деп жазылатынын атап өтті.
Қазіргі уақытта коалиция Денсаулық сақтау министрлігі мен депутаттық корпустың өзара жұмысының арқасында Қазақстан темекіге қарсы күрес жөніндегі ДДҰ негіздемелік конвенциясының 4-тен астам ережесін орындады. Сондай-ақ 115-баптың 2-тармағының 15 тармақшасы, 115-баптың 2-1-тармағына түзету енгізді. Бұған себепкер болған депутат Кеңес Әбсатаров екен. Темекі өнімдері сатылатын орындарда темекі өнімдерін сату бірнеше жүйеде жүретін болады. Барлығы кәсіпкерлік қызметті реттеу мәселелері жөніндегі ведомствоаралық комиссияның отырысында мақұлданғаннан кейін ғана жүзеге асады. Темекі қорабына, дүкен сөрелеріндегі орнына қатаң тексеріс жүреді.
«Салауат Астана» қоғамдық бірлестігінің төрайымы Жәмилә Садықованың айтуынша, 2009 жылы коалиция сарапшылары мен мамандары «темекі шегудің және маскүнемдіктің алдын алу және шектеу» 159-бабына қатаң тыйым салуды ұсынып, мұны депутаттар мен Денсаулық сақтау министрлігіне ұсынды. Жоғарыдағы түзетулерге де қоғамдық бірлестіктің үлесі бар.
Дүниежүзілік денсаулық сақтау ұйымы ұйғарымымен, №22 темекіге қарсы күрес жөніндегі негіздемелік конвенциясының шешімімен «қыздырылатын темекі» темекі бұйымдарының түрі деп танылды. Бірақ ТМД елдері әлі күнге IQOS, GLO және электронды темекіні шылым қатарына жатқызбайды.
Айзат АЙДАРҚЫЗЫ