Желтоқсанның 21-і мен 22-сі аралығында Үндістанның Джейпур қаласында өтетін 2-Kaaryat International Film Festival кинофестиваліне режиссер Жаңабек Жетіруовтің «Шынырау» фильмі қатысуда.
Әлемнің үздік фильмдерін көрсетіп, дүниежүзінің киногерлерін басын қосатын бұл фестиваль – Үндістанда өтетін жас байқаудың бірі. Фестиваль бағдарламасында толықметражды және қысқаметражды көркем фильмдер, деректі және анимациялық фильмдер көрсетіледі. Соның арасында Қазақстанның Мәдениет және спорт министрлігі тапсырысы бойынша Ш.Айманов атындағы «Қазақфильм» АҚ түсірген «Шыңырау» фильмі де бар.
Фильмінің сюжеті бойынша құдық қазушы Еңсеп пен ұлы Жомарттың шиеленіскен қарым-қатынасы суреттеледі. Картинада екі жасөспірімнің арасындағы махаббат туралы да баяндалады. Оның түсірілімі Маңғыстау облысында өтіп, ондағы Қарақия ойысы, Үстірт шоқысы және Каспий теңізі көрініс табады. Басты рөлдерде Асылхан Төлепов, Алдабек Шалбаев және Айжан Жетіру ойнады.
Мәскеуде Әбіш Кекілбаевтың 80 жылдығына орай ұйымдастырылған Қазақстан киносы апталығы «Шыңырау» фильмімен ашылды. Сол кездегі Ресейдегі Қазақстанның елшісі Иманғали Тасмағамбетов «Ол кісі еліміздің әдеби мұрасына ғана үлес қосып қойған жоқ. Ол – рухани дамудың бағыт-бағдарын көрсеткен ойшыл» деген болатын. Туынды негізі Қазақстанның халық жазушысы Әбіш Кекілбаев романының желісі бойынша түсірілген. Режиссер фильмді екі жыл бұрын түсірген. Оған дейін үш жыл бойы Әбіш Кекілбаевпен ақылдасып, оның батасын алған болатын. Алайда жазушы картинаның экранға шыққан сәтін көре алмады.
Айта кетсек, бұл туынды Бангладеште өткен XVII халықаралық фестивалінің азиялық фильмдер байқауына қатысып, «Үздік операторлық жұмыс» жүлдесін жеңіп алды. Одан бөлек, «Шыңырау» фильмі биыл қараша айында Қытайдың Сямэнь қаласында өткен XXVIII Бүкілқытайлық «Алтын әтеш және Жүз гүл» атты фестивальдің конкурстық бағдарламасына қатысқан. Желтоқсан айының басында отандық кинотуынды Американың Аризона штатында өткен Asian International Film Festival Arizona кинофестивалінің конкурстық бағдарламасына және Үндістанның Тируванантапурам қаласында өткен Керала Халықаралық кинофестивалінде бағын сынаған болатын.