«Орынсыз шектеу кәсібімізді тұралатты»
«Орынсыз шектеу кәсібімізді тұралатты»
246
оқылды

Батыс Қазақстан облысының орталығы Орал қаласында қағаз-картон қабылдайтын 6 мекеме бар. Бар болғанымен, олардың қай-қайсысы да тап қазір жабылудың аз-ақ алдында тұр. Тұрғындар мен мекеме-кәсіпорындардан жиналған 1 тоннаға жуық макулатура мекемелердің ауласында тау болып үйіліп жатыр. Қағаз қалдықтарын отандық зауыттарға жеткізудің шығыны шаш етектен. Ал Ресейдің қарға адым жердегі бес бірдей губерниясына шығаруға тыйым салынған. Неге дейсіз ғой? Енді осы мәселенің астарына үңіліп көрелік.


Оралдық кәсіпкерлердің жанайқайы

Индустрия және инфра­құры­лымдық даму министрлігінің 2019 жылғы 19 ақпандағы №89 «Қал­пына келтірілген қағазды, кар­тонды, макулатураны және қал­дықтарды, ірі қара малдың өң­дел­меген терісін әкетуді реттеудің кейбір мәселелері туралы» бұй­ры­ғына сәйкес, қалпына келтірілген қағазды, картонды, макулатураны және қалдықтарды еліміздің аума­ғынан әкетуге 2 жыл мерзімге ты­йым салу енгізілген еді. Бұл ереже қа­ғаз қалдықтарын шетел асыр­май, отандық қағаз өңдеу зауыт­та­рына жеткізуді мақсат еткені анық. Алайда жергілікті кәсіп иелерінің айтуынша, егжей-тегжейі есеп­тел­мей һәм жан-жақты зерттелмей шығарылған бұйрық батыс­қа­зақ­стандық кәсіпкерлердің оң жам­басына келмей тұр.

Батыс Қазақстан облыстық та­биғи ресурстар және табиғат пай­далануды реттеу басқармасы­ның бөлім басшысы Фариза Сұл­ташеваның айтуынша, біздің өңір­де тұрмыстық қалдықтарды қабыл­дайтын 16 кәсіпорын болса, соның жетеуі макулатура алады екен. Қа­ғаз қалдықтарын қабылдап, за­уыттарға тасымалдайтын кәсіпо­рын­дардың қатарында «Куксов», «Борисов», «Глухов», «ВТС-Уральск», «Жайық Полимер», «Фостисс ХХІ» секілді жекеменшік кәсіпкерлер бар. Ал «Үсенова» жеке кәсіпкерлігі ақ қағаз қалдық­тарын қабылдап, өңдеп, одан түрлі майлықтар мен әжетхана қағазда­рын шығарады.

– Қазақстанда қағаз өңдеумен айналысатын екі-ақ зауыт бар. Оның екеуі де Алматы қаласында. Бірі – бұрыннан жұмыс істеп келе жатқан «Қазақстан қағаз зауыты» болса, екіншісі – өткен жылы іске қосылған «Нұр қағаз» деп аталатын өндіріс ошағы. Осы отандық за­уыт­тарға шикізат жетпей жатыр де­ген сылтаумен қағаз қалдықта­рын шетелге шығаруға тыйым са­лынды. Бұл шектеу заңды күшіне енбес бұрын өңірлердің ерекше­ліктері ескерілуі керек еді. Мәсе­лен, Батыс Қазақстан облысының аумағы Ресейдің бес бірдей губер­ниясымен (Астрахан, Волгоград, Саратов, Самара, Орынбор) шек­теседі. Үшбу бұйрық шықпас бұ­рын біз жинаған шикізатымызды Самара, Қазан, Набережные Чел­ны қалаларына оп-оңай шығарып, пайда тауып отырдық. Тіпті, «Қай­сысы қағазымызды қымбат бағаға қабылдар екен?» деп кәсіпорын таңдайтын едік. Қойылған шектеу­дің кесірінен кәсібіміз тұралап қал­ды. Өзіңіз ойлап көріңізші, елі­міздегі ең ірі қағаз өңдеу орны саналатын «Қазақстан қағазы за­уытына» айына тек 5 000 тонна ши­кізат керек екен. Ал статистика­лық деректер бойынша елімізде жылына 350-400 мың тонна қағаз қалдықтары жиналады. Жақында ғана сол зауытқа барып келдім. Бұрын шикізат жеткіліксіз деп да­был қаққан кәсіпорын, енді өңір­лерден келген макулатураны қа­был­дауға құлықсыз. Басты себеп – қажетті шикізаттың жетіп арты­луы. Ал күні кеше іске қосылған екін­ші зауыттың қуаттылығы ау­қымды. Бірақ ол күні бүгін толық­қанды жұмысына кірісе қойған жоқ. Макулатураны бір жүк маши­насына тиеп, Алматыға жеткізу үшін 400-500 мың теңге жұмсай­мыз. Қыс мезгілінде жол шығыны тіптен қымбаттайды. Бұл біз үшін қып-қызыл шығын. Кезінде қағаз қалдықтарын Самара қаласына жеткізу үшін әрбір жүк көлігіне 70-80 мың теңге, алыстау облыс­тар­ға 100-150 мың теңге ғана тө­леуші едік. Бүгінде кәсіпорынның Атырау мен Орал қалаларындағы бөлімшелерінде 700 тонна қағаз қалдықтары босқа тұр. Бұл ши­кізатты қабылдауға қанша қаржы жұмсадық? Атқарылған еңбектің де, кеткен қаржының да пайдасын көре алмай отырмыз. Дегенмен тұрғындардан макулатураны әлі де қабылдаудамыз. Қалдықты жинай­тын орындарымыз да толып қалды. Бұлай жалғаса берсе, қа­былдауды тоқтататын шығармыз. Қағаздан өзге қалдықтарды тап­сырып, аз да болса кіріс кіргізіп, сол арқылы са­лық пен жұмыс­шылардың ең­бека­қысын төлеп отырмыз, – дей­ді «Жайық По­ли­мер» жеке кәсіп­кер­лігінің жетек­шісі Жеңіс Қошанов.

«Жайық Полимер» жеке кәсіп­керлігі бұл кәсіппен он жылдан астам уақыт шұғылданып келеді. Алғашында «Кушанов» ЖК болып құрылған шағын мекеме кейін қызмет көрсету ауқымын кеңейтіп, атауын өзгерткен. Бүгінде бұл кә­сіпорын тұрмыстық қалдықтардың барлық түрін қабылдайды. Орал қаласының бірқатар шағын аудан­дарында кәсіпорынның қабылдау бекеттері жұмыс істейді. Атап айт­қанда, картон, полиэтилен қал­дық­тары, пластикалық ыдыстар, көлік майынан босаған канистр­лер, пластмасса тұрбаларының қалдықтары, жеміс-жидек жәшік­терін алады. Жеке кәсіпкер алдағы жылы сынған шыны ыдыстарды да қабылдауды жоспарлап отыр.

Облыс орталығындағы «Алтын алма» базарында орналасқан ма-кулатура қабылдайтын «Куксов» жеке кәсіпкерлігінің де жұмысы маңдымай тұр. Бұл бағытпен он жылдан астам уақыттан бері шұ­ғылданатын кәсіпорында да 200 тонна қағаз қалдығы үюлі тұр. Кә­сіпорын қағаз қалдықтары мен картондарды қала тұрғындарынан және көтерме сауда орындарынан қабылдайды екен.

– Шикізатты Ресейге шығаруға тыйым салынғалы бері кәсібіміз тұ­ралап қалды. Жаз айларында әупі­рімдеп арзандау бағаға жүк кө­лігін тауып, Алматыға тасымал­да­ғанбыз. Қыс мезгілінде жалда­натын көлік бағасы шарықтап шы­ға келеді. Бұрын Самара қала­сына апарып жүргенде макулату­раның әр келісін 20 теңгеден қа­былдаушы едік. Қазір бағаны 12 тең­геге түсірдік. Олай етпеске амал қалмады. Тасымалдау шығыны өте қымбат. Жинаған макулатурамыз ашық алаңда, күннің көзі мен жа­уын-шашынның астында тұрып, сапасын жоғалтуда, – дейді «Кук­сов» жеке кәсіпкерлігінің цех бас­шысы Алексей Рыбцов.


Қалдық қабылдайтын «Бори­сов» жеке кәсіпкерлігінде де 120 тон­надай картон, қағаз жинаулы тұр.

– Қайда жіберетінімізді біл­мейміз. Алматы алыс. Басқа жерде өңдейтін орын жоқ. Тыйым сал­ғаннан кейін, қалдық тапсырудан қиындық болмайды деп, 20 шақты мекеменің телефонын берген еді. Бәрі де делдалдар болып шықты. Бұрын макулатураның келісін 20 теңгеден алдық. Енді 10 теңгеге түсті. Ол бағаға ешкім әкелгісі келмейді, – дейді кәсіпорын бас­шысы Дмитрий Борисов.

Облыс әкімдігі орын алған түйткілді шешу мақсатында Ин­дус­трия және инфрақұрылымдық даму министрлігі мен Экология, геология және табиғи ресурстар министрлігіне батыс өңірлер үшін шектеуді алып тастауды сұрап, хат жолдаған. Тап бүгін белгілісі, кә­сіпкерлердің шағымына байла­­ныс­ты Индустрия және инфра­құрылымдық даму министрлігінде арнайы жұмыс тобы құрылыпты. Олар қағаз қалдықтарына қатысты батыста қалыптасқан жағдайды зерттеп-зерделемек.

– Күні бүгін облыс бойынша 208 қатты тұрмыстық қалдықтарды орналастыру орны бар. Оның екеуі Орал және Ақсай қалаларында болса, қалғандары өңірдің аудан-ауылдарында орналасқан. Аталған полигондарда күні бүгінге дейін 6,3 миллион тонна қалдық жинал­ған деп болжануда. Себебі күні кешеге дейін елімізде қалдықтарды сұрыптап, өңдеп, кәдеге жарату қолға алынбаған болатын. Аудан-ауылдардағы қүл-қоқыс орында­рында орналасқан қалдықтардың басым бөлігі мал шаруашылығына қатысты көң-қоқыстар. Олардан келер қауіп жоқ. Себебі органи­калық қалдықтар уақыты келгенде шіріп, өз қасиетін жоғалтып, қара топыраққа айналады. Бірақ әл­гін­дей көң-қоқыстың арасында да целлофан, пластикалық ыдыс­тар мен әйнектер секілді қатты тұр­мыстық қалдықтар көптеп кезде­се­тіндіктен, оларды да есепке алуы­мызға тура келіп отыр. Өңір­дегі қатты тұрмыстық қал­дық­тар­дың дені Орал және Ақсай қала­лары маңындағы орындарға тиесілі.

2019 жылдан бастап қоқыс по­лигондарына пластмасса, қағаз бен әйнекті алдын ала сұрыптаусыз көмуге шектеу қойылды. Қалдық­тар қабылдайтын орындар ашыл­ғалы бері халық макулатураны жинап, кәсіпорындарға тапсырып, пайда табуға әжептәуір бейімделіп қалған болатын. Қағаз бен картон­ды Ресейге шығаруға салынған тыйым кәсіпкерлерге қолбайлау болып тұр. Осындай кәсіппен шұ­ғылданатын компаниялардың қоймалары толып қалды. Бұлай жалғаса берсе, олар макулатура қабылдауды тоқтатады. Мұндай жағдай өңір экологиясына кері әсерін тигізері анық, – дейді Батыс Қазақстан облыстық табиғи ре­сурс­тар және табиғатты пай­дала­нуды реттеу басқармасының бөлім басшысы Фариза Сұлташева. Осы басқарма кеңселердегі қағаз қал­дықтарын кәдеге жарату мақса­тын­да бірқатар мекеме-кәсіпо­рындарға 400-ден астам экобокс қойған. Қағаз салуға арналған жәшіктер толған жағдайда, жоға­рыда айтылған «Үсенова» жеке кәсіпкерлігі арнайы көлікпен ке­ліп, жинап әкетеді. Мұнда жылына 10 тоннадай макулатура қайта өңделеді. Бірақ негізінен таза, ақ қағаздар қабылданады.

Тығырықтан шығар тағы бір жол – қағаз қалдықтарын өңірде өңдеу. Мамандардың айтуынша, қағаз өңдеу зауытын салуға ниетті кәсіпкерлер баршылық. Алайда қағаз қалдықтарын қайта өңдеу тұщы суды көп қажет етеді екен.

Кәсіпкерлердің айтуынша, бұл түйткілдің төңірегінде тиісінше біраз жиналыс өткенге ұқсайды. Тұрмыстық қатты қалдықтарды қабылдайтын кәсіпорын иелерінің басты талабы – қойылған шектеуге кейбір өңірлер үшін ішінара өзгер­тулер енгізсе немесе арнайы квота бөлінсе дейді. Олар Алматыдағы зауытқа қажетті шикізатты жет­кізіп, артылғанын көршілес елге өткізер едік деп отыр.

Ең сорақысы, аталған кәсіпо­рын­дар қағаз қалдықтарын қабыл­дауды тоқтатса, елді мекендер мен қалалардың санитарлық жағдайы нашарлайтыны күмәнсіз шындық. Сондықтан қоршаған ортаны қағаз қалдықтары жайламасын десек, құзырлы құрылымдар бұл түйт­кілдің түйінін тарқатуға тезірек кірісуі керек.


Бауыржан ҒҰБАЙДУЛЛИН,
Нұрбек ОРАЗАЕВ,
Батыс Қазақстан облысы