Көпбалалы аналар үшін 2019 жыл 21 мың теңгемен есте қалатын болды. Осынау әлеуметтік көмектің дауы талай әлеуметтік қызметкерді тәлтіректетіп, талай отбасының тағдырын шешіп тастады.
Отағасы мен отанасының табысы отбасындағы әр адамға шаққанда 21 мың теңгеге жетпесе, әр адамға мемлекеттен осынша ақша төленеді дегенді естіген жұрт халыққа қызмет көрсету орталығына қарай ағылды. Кейбірінің табысы шын мәнінде жетпесе, кейбірінде сәл-пәл асып кетіп жатты. Не керек, ілінгендер қарық болып, ал қол жеткізе алмағандардың кейбірі түрлі қитұрқылыққа барудан да тайынбады. Иә, ақша адамға не істетпейді? Қажеттілік адамды пендешілікке де жетелейді екен. Жалған құжат өткізу былай тұрсын, отбасылық табыс мекенжай құжатына тіркелген адамның бәрін қосып есептелетін болған соң зейнетақы табысқа кіріп кетеді деп, ХҚК орталығынан мекенжайын ауыстырту үшін бүкшеңдеген, таяқ ұстаған талай қарияны жетектегендерді де кездестірдік-ау. Ана баласынан мына баласының үйіне немесе қызының, ағайынының үйіне тіркеліп жатқандардан аяқ алып жүре алмайсыз. Бір-бірімен жанжалдасу, кезекке талас, бәрі-бәрі болды. Ол кездегі әлеуметтік қызметкерлердің жүйкесін де түсінуге болады. Қарапайым халыққа түсіндіру де қиын, бір сұрағанын тағы келіп сұрайды. Міне, жарты жыл бойы халыққа қызмет көрсету орталығы осындай дүрбелеңге ұласты.
Ең сорақысы, әлеуметтік жәрдемақы үшін құжат жүзінде некесін бұзып жатқандар да кездесті. Әйтеуір, жәрдемақыны алудың небір айла-әрекеті көз алдымызда қалыпты жағдай сияқты өтіп жатыр.
Жуырда ақпараттық коммуникациялар орталығында өткен брифингте Шымкент қалалық жұмыспен қамту және әлеуметтік қорғау басқармасы басшысының орынбасары Нұрғали Егембердиев жыл басынан бері мегаполисте 7 437 жұп неке қидырса, 2 605 ажырасу тіркелгенін атап өтті.
Ал негізінен судьялықпен қатар медиаторлықты да қоса атқаратын Шымкент қаласы Еңбекші аудандық сотының судьясы Қайрат Ізбасаров сотқа келіп түскен неке бұзу туралы талап-арызда түрлі себептердің болатынын және биыл әлеуметтік жәрдемақы алу үшін де ажырасуға бел буған жағдайлардың да жиі орын алғанын жасырмады. «Жыл басынан бері неке бұзуға арыз берген тараптарды талдағанымызда істің 35 пайызы татуластыру бойынша аяқталды. Яғни, ажырасамын деп ниеттеніп келгендердің біраз бөлігін қайта татуластырып, отбасын сақтап қалдық. Жұбайлардың арасында түрлі жағдай бойынша жараспай қалғандар бар. Неке бұзу бойынша келіп түскен талап-арыздың биылғы ерекшелігі де арнайы әлеуметтік көмекке қол жеткізу үшін деген сылтаулар кездесті. Оларға «не үшін ажырасасыз?» деп сұрақ қойғанымызда, «жалғызбасты ана немесе асыраушысынан айырылған деген мәртебе алсақ мемлекеттен көбірек қолдау көреміз бе деп отырмыз» деген жауапты да естідік. Тіпті, бірге тұрамыз, бірақ некелікті бұзыңыз деп те жатады. Біз оларға мемлекеттен берілетін жәрдемақының ондай мәртебеге ешқандай қатысы жоқ екенін, бастысы, табыс деңгейі екенін айтып түсіндірдік. Кейбірі оны түсініп, талап-арыздарын қайтарып алды», – дейді Қайрат Ізбасаров.
Иә, қарапайым халық үшін осындай шулы жыл болған биылғы жыл, сірә, ұмытыла қоймас. Шымкентте атаулы әлеуметтік көмек алу барысында кірісін жасырған 3 030 отбасыға төлем тоқтатылып, 4 521 отбасыға қайта есептеулер жүргізілген.
Сонда қазақ қоғамындағы отбасы құндылықтарының құлдырауға ұшырап бара жатқаны ащы да болса шындық болғаны ғой...
Назгүл НАЗАРБЕК,
Шымкент қаласы