Кәмелетке толмағандар арасында суицидтің алдын алу
Кәмелетке толмағандар арасында суицидтің алдын алу
1,764
оқылды

Қазіргі қоғамда орын алып тұрған келеңсіз қылықтың бірі - адамның өз жанына қиянат жасап, өз-өзіне қол салуы оқиғасы жиілеп тұр. Бұндай жаратылысымызға жат әдеттерден арылудың жолы рухани кеселден өзімізді қорғау арқылы болмақ.

Суицид термині ХVІІ ғасырда пайда болған. Алайда ХVІІІ ғасырдың ортасына дейін мұндай ұғым қоғамда кеңінен пайдаланылмаған. Бірақ бертін келе ХХ ғасырдың алғашқы кезеңінен бастап тұрғындардың өзіне-өзі қол жұмсауы етек ала бастаған. Міне, осы кезде ғылымда «суицидология» (суицид туралы ілім) атты дербес зерттеу саласы қалыптасты.

Жалпы, «суицид» латын тілінен алынған «қасақана өзін-өзі өлтіру» деген мағынаны білдіретін сөз. Өкінішке қарай, бұл термин қазіргі уақытта көп қолданатын сөзімізге айналып бара жатқандай. Соңғы жылдары «жасөспірімдер суициді» деген ұғым өз алдына айтыла бастады. Бұл дерт өмірге енді қадам басып келе жатқан жеткіншектер арасында етек алғаны өте өкінішті.

Шетелдік ғалымдардың пі­кірінше, суицидтің үш түрі бар. Оның біріншісі – шынайы суицид. Мұндай жағ­дайда адам өмір­ден түңі­леді, үнемі көңілсіз жү­реді. Өмір сүрудің мән-ма­ңызын жоғалтады. Ақыры өзіне-өзі қол жұмсауға бел байлайды. Екіншісі – жариялы суицид. Әдетте, мұндай жолды таң­дағандар өлместен бұрын өлгісі келетіндігіне өзгелер­дің назарын барынша ауда­руға бейім тұрады. Мәселен, біреумен ренжіссе бол­ға­ны қолына суық қару немесе ар­қан-жіп ала жүгіріп, «өлем» деп өзгелерді үрейлендіргісі келе­тіндер осы топқа жа­тады. Ал үшінші түрі – жасырын, яғни құпия суицид. Бұған барғандар өзіне-өзі қол жұмсаудың жақсы еместігін, абырой әпермейтінін жақсы түсінеді. Алайда оларға тір­лікте кездескен қиын­дықтан шығатын жол жоқ болып көрі­неді. Бұған көп­шілігінде на­шақорлар мен ішімдікке са­лы­нып кеткендер дайын тұрады.

Қазақстан Денсаулық сақтау министрлігі ЮНИСЕФ Балалар қорымен бірлесе отырып, «Қазақстандағы балалар мен жастар арасындағы суицид жасауға әрекеттенудің таралуын, түпкі себептерін, қауіп факторларын және суицид саласындағы қорғауды зерттеу» бағдарламасын жүзеге асырды, соның нәтижесінде дәлелге негізделген нәтижелер алынды. Зерттеу жасөспірімдер мен жастар арасында суицид жасау қаупін тудыратын келесі мінез-құлық факторларын анықтаған – депрессия белгілері, мазасыздану, өлім туралы ойлау, албырттық, агрессиялық, эмоция мен мінез-құлықтағы қиындықтар, бұрында өзіне қол салуға әрекеттену, әл-ауқат деңгейінің төмендігі, аутоагрессиялық мінез-құлық, сыртқы факторларға деген психологиялық тұрақтылықтың жоқтығы, стресс және өмірдегі стресс тудырушы оқиғалар, психобелсенді заттарды пайдалану/шектен тыс пайдалану, тұлғааралық қатынастар сапасының нашарлығы, зорлық, зәбір көру, отбасындағы психикалық мәселелер және/немесе суицидтік мінез-құлық, құрдастарының түрткілеуі. Әр сала мамандары суицид оқиғасы жиiлеуiнiң әртүрлi себептерiн алға тартуда. Суицид себептерiнiң арасында әлеуметтiк жағдай, тиiстi отбасылық және қоғамдық тәрбиенiң жоқтығы, моральдық және физикалық зорлық-зомбылық, есiрткi қолдану, жоғары сынып оқушыларының төменгi сынып балаларының намысына тиетiн әрекеттер жасауы сияқты жағдайлар негізгі факторлар.Бұл үшін денсаулық сақтау саласын, сонымен бірге, білім беру, жұмысқа орналастыру, полиция, сот, дін, заңнама, саясат және БАҚ секілді басқа да салаларды қамтитын инновациялық, кешенді салааралық бағдарлама мамандардың ғана емес, сонымен бірге, халықтың сауаттылығын арттыруда аса маңызды. Бұл өзіне қол жұмсауға және жалпы психикалық мәселелерге деген ағат пікірлерді (стигма) азайтуға септігін тигізеді.

Әсіресе балалар мен жасөспірімдер арасында делинквентті (заң бұзушылықпен ерекшеленеді) және аутодеструктивті мінез-құлық деңгейінің жоғары болуы алаңдатады. Қазіргі таңда бұл мінез-құлықтың төмендегідей түрлері кең тараған:Аутоагрессивті мінез-құлық (суицидалды және  парасуицидалды). Суицидтілік мінез-құлықтың ең қауіпті түрі болып саналады.  Бұлардан басқа «ситуативті» суицид деп аталатын (кенеттен пайда болған дағдарысқа жауап ретінде төтеп бере алмай, өз-өзін өлтіру) түрі де болады. Сол себепті өмірдің дағдарыс кезеңдерінде жағдайдан шыға білуге үйрету мақсатындағы алдын-алу шараларын өткізудің маңызы зор.

И.П. Павлов өзін-өзі өлтіруді «мақсат рефлексін» жоғалту деп түсіндірген. Осыған байланысты ол: «Мақсат рефлексі әр адамның өмір мәні және энергия көзі. Өмір қызығы бір мақсатқа жетуге талпыну, егер сол мақсатқа жете алмаса басқа мақсатты көздеп соған қол жеткізу, қызығу, ұмтылу. Соған байланысты біздің өміріміз гүлденеді және мәндене түседі. Егер адамның өмірінде мақсат жоғалса оның өмірі мәнсіз болады. Сол себепке байланысты біз өлген адамдар артынан қалған қағаздардан, олардың өмірлерінің мәні жоғалғанына байланысты олар өз-өздерін өлтіруге мәжбүр болғандарын ұғынамыз. Бірақ адам өміріндегі мақсаттар саны шексіз...»

Осы жерде оқушыларға өз алдына өмірлік мақсаттар қоя білуді үйретуде, өзіне қол жұмсаудың алдын алуда ата-аналар мен мұғалімдердің рөлі жоғары. Ең алдымен мұғалім мен оқушы арасындағы қарым-қатынасты жолға қою керек. Бұл ынтымақтастық педагогикасы деген сөз. Бұдан кейін оқушылармен үнемі кері байланыс жүргізіп отыру керек. Онда оқушылар өздерінің оқулары туралы талап-тілектерін мұғалімге жеткізіп тұрғаны абзал.

Психология ғылымдарының докторы, профессор С. Бердібаеваның пікірінше, «ең маңыздысы, баланың бо­йы­на үміт пен сенім ұялату арқылы жылы сезімдерді дамыту керек. Жеткіншектің мінез-құлқын қада­ғалап отырып, оны анализдей білу де үлкен жетістік дер едім. Соны­мен қатар, психологиялық орталықтар құру арқылы барлық білім беру саласында психо­ло­гиялық қызмет жүйесін, ата-ана­лар­дың, педагогтардың, оқу­шы­лардың психологиялық са­­­уат­­тылығын ашуды жолға қой­ған дұрыс. Психологиялық білім беру, психодиагностикалық зерт­теу арқылы (анкета, тест, әңгі­ме­лесу) мінез ауытқушы­лығын, суицидиалды әрекеттердің алдын алуға да болады».

Бала құқығы барлық заңсыз әрекеттерден, күштерден, физикалық және психологиялық зорлық-зомбылықтан, үлкендер, ата-анасы немесе оның орнындағы заңды жауапты тұлғалар тарапынан көрсетілген жағымсыз күштерден және бала өміріне келтірілген зауалдардан қорғауды қамтамасыз етеді.

Сондықтан да бала өмірін, құқығын қорғау шараларын әлі де болса жетілдіру, балалар мен олардың отбасына арнайы психологиялық кеңес беру,көмек көрсетуге бағытталған іс-шаралардың ұйымдастырылу тиімділігін арттыру қажет. Қазіргі кезде білім беру ұйымдарында оқушылардың арасында суицидтің алдын алу және болдырмау шараларын жүргізудің күннен күнге өзектілігі арта түсуде.

 

Ағима Маханбетова,
педагогика ғылымдарының кандидаты,
«Өрлеу» БАҰО АҚФ ББЖ ҚБАРИ Білім беру үдерісін психологиялық-педагогикалық қолдау кафедрасының меңгерушісі