Алматылық жас ғалымдардың зерттеуі нәтиже берді
Алматылық жас ғалымдардың зерттеуі нәтиже берді
221
оқылды

Қазақ ұлттық қыздар педагогикалық университетінің жас ғалымдары «Bi0,1Dy0,9MnO3 құрамды висмутпен допирленген диспрозий манганитін алу жолы» атты патентке ие болды. Бұл туралы оқу орнының Баспасөз қызметінің жетекшісі Жандар Асан хабарлады.

Инновациялық өнертабыс наноқұрылымды бейорганикалық материал синтездеп алғаны үшін беріліп отыр.

Химия ғылымдарының докторы, профессор Мұхаметқали Матаевтың жетекшілігімен Жаратылыстану факультетінің оқытушылары Жанар Тұрсынова, Мөлдір Абдраймова мен Әсел Кездікбаева бірнеше жылдан бері оқу орнындағы Кешенді химия-биологиялық ғылыми-зерттеу орталығында тәжірибе жүргізіп келеді. Табанды еңбек пен ізденіс босқа кеткен жоқ. Ғылыми ортада мойындалды, айтарлықтай нәтижеге қол жеткізді.

Ғалымдар алдағы уақытта да осы тараптағы зерттеулерін жалғастыратындығын айтады. Оған университеттің материалдық-техникалық базасы толық мүмкіндік береді.

– Өнертабыс перовскит құрылымы бар жаңа қатты ерітінділерді алу технологиясына жатады және химиялық өнеркәсіпте қолданыс табады. Сонымен қатар ол спинтроника элементтерін жасау кезінде және ақпаратты жазатын магниттік тасымалдағыштардың тығыздығын арттыру үшін пайдаланылады, – дейді ғалымдар.

Жандар Асанның ақпаратына сүйенер болсақ, бұл ғылыми топ  иеленген екінші патент. Ғалымдар бұған дейін «YbBiNaFeOқұрамды висмутты – ферритті алу жолы» атты өнертабысқа ие болған еді. Ол наноқұрылымды бейорганикалық материалды синтездеп алғаны үшін берілген.