COVID-19 отандық киім-кешек өндірісіне ауыр соққы болды. 2020 жылдың 11 айының қорытындысы бұл салада көптеген сегмент бойынша құлдырау тіркелгенін көрсетті. Әсіресе, тоқыма өнеркәсібі өндірісі 40,8%-ға төмендеді. Жаңа туған балаға арналған киім тігу (-40,1%), сырт киім (-39,4%), шұлық (-25,2%) тігу көрсеткіші азайған. Бас киім өндірісінде ғана өсім (+54,1%) байқалды. Былтыр бас киім тіккендер 1,2 млрд теңге табыс тапты. Ал мектеп формасын тігетін кәсіпорындар шығынға батты. Олар тіккен өнімнің қоймаларда жатқанына жылға жуық уақыт болды.
Ішкиімнің 99,7 пайызын шетелден аламыз
Energyprom.kz агенттігінің дерегіне сүйенсек, 2020 жылы 11 айда 40,6 миллиард теңгенің киімі өндірілді, бұл алдыңғы жылмен салыстырғанда 10,2% көп. Өңірлерді киім өндірісі бойынша жіктесек, ең көп киім Алматы облысында тігіліпті. Бұл өңірде 8,6 млрд теңгенің киімі тігіліп, 1,8% өсім көрсеткен. Алматының өз басында 5,6 млрд теңгенің киімі тігілген, өсім – 5,1%. 6,3 млрд теңгенің киімін тіккен Шымкент қаласы 54,9% өсімге қол жеткізді. Кешелі бері БАҚ құралдарында жария боп кеткен бұл статистикаға Жеңіл өнеркәсіп кәсіпорындары қауымдастығы күмәнмен қарайды. Қауымдастық президенті Любовь Худова тиісті министрлік пен әкімдіктерге сауал жолдап, мардымды жауап алмай отыр. Қауымдастықтың күмәнданатын себебі – былтыр біздің киім-кешекке деген сұранысымызды импорттаушылар қамтамасыз еткен. Energyprom.kz агенттігінің дерегі мұны растап отыр – 2020 жылдың 10 айының қорытындысы бойынша киім-кешек импорты 98,9% болған. Іш киімнің 99,7%-ы, сәбилер киімінің 99,5%-ы, тоқылған сыртқы киімдер, шұлықтың 95,5%-ы, спортқа арналған костюмдердің 73,2%-ы импортталған киімдерді құрайды. Қазақстанға әкелінетін жеңіл өнеркәсіп өнімдері көлемінің экспортқа қарағанда 30 есе көп болуы да ойлануға бір себеп. Былтыр шетелдік өндірушілер елімізге жеткізген киім-кешектің құны 1,195 миллиард доллар болыпты. Ал қазақстандық экспорттаушылар 41 миллион доллардың ғана киім-кешегін жөнелткен.«Ұсынысымызды елеген адам болмады»
«Былтырғы мамырда отандық киім өндірісіне пандемияның оңай соқпайтынын айттық. Себебі елімізде жеңіл өнеркәсіп саласында карантинге дейін де қиындықтар болған, ал пандемия жағдайды тіпті ушықтыра түсті, – дейді Любовь Худова. – 2019 жылы елімізде бұл салада 992 кәсіпорын жұмыс істеген, оның 13-і ірі, 27-і орта және 952 шағын кәсіпорынды құрады. Онда еңбек ететіндердің 90%-ға жуығы әйелдер. Бұл компаниялар табыссыз қалса да, көп жағдайда, қайырымдылық ретінде бетперделер тікті. Ал бөлшек сауда клиентіне арналған киім, аяқкиім және үй тоқыма бұйымдарын шығаратындардың сатылымы тоқтады. Себебі дүкендер 16 наурыздан бастап жабылды, бар ақшасына шикізат сатып алған, дайын тауарлары қоймада қалып қойып, шығын келтірді. Барлық қызметкер жалақысыз еңбек демалысына шығуға мәжбүр болды. Міне, соның салдары биыл біліне бастады». Оның айтуынша, Ресей 2020 жылдың 18 сәуірінде-ақ сән индустриясының бөлшек сауда сегментін пандемиядан зардап шеккен салалар тізіміне қосқан. Киім, аяқкиім және аксессуар сатумен айналысатын компаниялар мемлекеттік қолдаудың арнайы шараларын қолдану құқын алды. Қауымдастық осыны мысалға келтіріп, жеңіл өнеркәсіпті туристік және консультациялық қызметпен қатар, пандемияға байланысты және теңгенің құнсыздануы мен доллардың күрт өсуінен жағдайы нашарлаған салаларға жатқызуды ұсынған. Сатып алу белсенділігінің 70%-ға төмендегенін ескеріп, сауда орталықтарында пайдалану және коммуналдық қызметтерді 50 пайызға төмендетіп, жалдау ақысын сатылымның 15% деңгейінде белгілеуді сұраған. Себебі мемлекет пен бизнестің бірлескен әрекеті жеңіл өнеркәсіпте, әсіресе импорт алмастыруда қол жеткізген нәтижені сақтауға көмектеседі деген ниет болған. «Алайда бұл ұсыныстардың бірі де назарға алынбады. Бүгінге дейін ешқандай көмек алмадық. Әрине, Қарапайым заттар экономикасы бағдарламасына жеңіл өнеркәсіп саласы үшін 6 пайыз ставкамен несие береді, бірақ мәселе несиеде емес, басқада. Мектеп оқушылары үшін тігілген формалар қоймада қалып қойды. Олар бұл киімді тігуді 2019 жылдың соңында бастаған, себебі 2020 жылдың тамыз айына үлгеруі тиіс болды. Жыл бойы сол киімді тіккен тігіншілерге жалақы төледі, тиісті салығын аударды, ал киім таратылмай қалды. Бұл – кәсіпорын үшін үлкен шығын. Біз ең болмағанда мектеп формасын тіккен кәсіпорындарды салықтан босатуды сұрадық. Ұсынысымызды елеген адам болмады», – дейді Любовь Николаевна. Оның айтуынша, бренд топтамасын жасаушы компаниялар да шығынға батқан. Олар өнімін көкwтемде сауда үйлеріне таратамыз деп дайын отырғанда коронавирус килігіп, төтенше жағдай жарияланды, сауда үйлері карантинге жабылды. Ең қызығы, сауда үйлері карантиннен зардап шегуші деп танылды да, сол сауда үйінде тауарын сатуға қоятын жеңіл өнеркәсіп саласы өкілдері зардап шегуші деп танылмады. Олардың өнімі де қоймада қалып қойған. Былтыр бірқатар кәсіпорын киім-кешектің орнына бетперде тігуге көшкен еді, олар да пайдаға кенеле қоймапты. Себебі шекара жабық тұрғанда отандық тігін компанияларына бетперде мен қорғаныш киімдерін тігу туралы ұсыныс айтылғанымен, шекара ашылғанда Үкімет ол тауардың бәрін сырттан импорттай бастаған. Ал бетперде мен қорғаныш киімін тігіп жатқан кәсіпорындар абдырап қалыпты.«Ғимаратты жалдау ақысына жеңілдік жасамады»
Карантиннен әупірімдеп шығып жатқан кәсіпкерлер де жоқ емес. Соның бірі – Нazifa брендінің негізін салушы Қазипа Мұхаметқали. Ол пандемия басталғанда үйден аттап шыға алмай қалғанын айтады. Тігін цехы орналасқан ғимаратта жұмыс тоқтаса да, жалдау ақысын төлеп келіпті. «Мемлекет тарапынан жалға алған ғимараттың жалдау ақысына кешірім жасалады дегенімен, жекеменшік сектордағы кеңсе иесі жеңілдік бермеді. Жеңілдік бермеді деп өкпе арта алмаймын, бұл – оның бизнесі. Сондықтан төтенше жағдай жарияланғаннан бері жалдау ақысын үздіксіз төлеп отырдым. Мемлекет тарапынан несие төлемін шегеру жеңілдігін ғана алдым. Ал жұмысшыларды үй демалысына жіберуге мәжбүр болдым», – дейді Қазипа Қалиқызы. Ал өзі қол қусырып отырмай, сәуір айының ортасында Instagram-дағы Нazifa шебер мектебі парақшасы арқылы «Киім пішудің оңай әдістері» атты тегін шеберлік сабағын бастайды. Қазақстандағы қыз-келіншектер, көпбалалы аналарға қолданыстан шығып қалған, сәннен кеткен киімді өзгертіп, жаңа бұйымға айналдыруды үйретті. Бұдан бөлек, «Отандастар» қорымен бірге әлемнің түкпір-түкпіріндегі қандас қыз-келіншектерге онлайн режимде шеберлік сабағын өткізеді. Мыңнан астам қыз-келіншек қатысып, миллионнан астам көрілім болды. Тамызда карантин жеңілдетіліп, жұмыс басталғанда кәсіпкер ауқымды тапсырысқа ие болады. «Ол тапсырысты абыроймен атқарып, табысқа кенелдім. Бүгіндері матадан жасалатын бұйымның бәрін тігіп жатырмыз, қыз жасауына әлі де сұраныс бар, той киімдері, кештерде киетін көйлектерге де тапсырыс мол. Негізгі өнімдеріміз ішкі нарыққа бағытталған. Қазір күнделікті тұрмыста киетін спорттық киімдерге тапсырысты аяқтап, бір партиясын жөнелттік. Алматыдағы саудагерлер интернет саудаға ауысып жатыр, солардың бірі 25-35 жастағы қыз-келіншектерге арналған киімдерге тапсырыс берді. Біз – тігіп берушіміз, сатушы – басқалар. Біз үй бұйымдарын ғана сатамыз», – дейді кәсіпкер. Пандемия әр салаға әртүрлі әсер етті. Жеңіл өнеркәсіп саласы бұл сынақтан жеңіл өтеді деген болжам орындалмады. Себебі бұл саладағы киім-кешек өндірісі, әсіресе тоқыма өнеркәсібі шатқаяқтай бастады. Сондықтан бұл саланың аяқ алысын әлі де зерделеп көру керек-ау...Халима БҰҚАРҚЫЗЫ