Террористік және экстремистік насихат жүргізген: Темір тордан шыққан жігіттің өкініші
Террористік және экстремистік насихат жүргізген: Темір тордан шыққан жігіттің өкініші
160
оқылды
Экстремистік діни ұйымдарда жүріп түрлі қылмысық әрекеттерге барған Асхат өзінің жасаған істеріне өкінеді. Ол ислам атын жамылған діни ағымға сауатсыздығының салдарынан өтіп кеткенін айтады. Террористік бағытқа насихат жүргізген жігіт бес жылға бас бостандығынан айырылыпты. Өз өміріне балта шауып, түзету мекемелерінде жазасын өтеген Асхат алдағы өмірін жақсы бағытқа бұрғысы келеді. Экстремистік ұйымның жетегінде кетіп, тағдыры темір тордың ащы дәмін татқызған жігітпен «Айқын» республикалық газетінің тілшісі тілдесіп көрді. Асхат алғашқыда өзінің деструктивті діни ұйымның қатарына еніп кеткенін аңдамапты. Бұл қателігін ол өзіне өмірлік сабақ болғанын жеткізді. Ол 2017 жылы экстремистік ұйымдарда қызмет еткені үшін бас бостандығынан айырылыпты.
«Ислам діні мені бала кезімнен қатты қызықтыратын. Бірақ бұл қызығушылығымның теріс деструктивті ағымға еріп кетуіме себепші болғанына қатты өкінемін. Әсіресе, ислами жолдағы сауатсыздығым осындай зор қателікке жол беруіме әкеліп соқты. Діни сауатым шын мәнінде жеткіліксіз болып, сол себепті ақ-қарасын ажырата алмаппын. Өзімнің жасаған істеріме қатты өкінемін. Бірақ, амал нешік?!. Құлағыма құйған әңгімелерге бас шұлғып, нағыз мұсылман екенмін деп істегенімнің бәрі шын мәнінде күнәнің өзі болып шықты. Мен террористік және экстремистік бағытта насихат жүргізгенім үшін бес жылға сотталдым. Жазамды ЕЦ- 1666/25 түзету мекемесінде өтедім. Үйімде үш балам мен адал жарым, кәрі әкем мен шешем қалды. Бұл олар үшін аса ауыр соққы болып тиді. Ендігі өмірімді жақсы арнаға бұрып, ел қатарлы еңбек еткім келеді», - дейді Асхат (толық аты-жөнін айтқысы келмеді.
Асхаттың түзу жолға бету бұрып, өзінің қателіктерін түсінуіне түзету мекемесіндегі теолог және психолог мамандардың зор септігі тиіпті.
"Сот болды. Бас бостандығымнан айырылғаннан кейін темір торлы абақтыға қамалдым. Түзету мекемесіне түскеннен бастап осында жұмыс істейтін теологиялық және психологиялық қызмет өкілдері менімен белсенді жұмыс жүргізе бастады. Тұрақты түрде менің әлеуметтік байланыстарымның қалпына келуіне қолдау көрсетіп, менімен әңгімелесіп отырды. Күн сайын келіп менің көңіл күйімді сұрайтын. Дін тақырыбында түрлі бейнематериалдар көрсетті. Мұнымен қоса, бізге Қазақстан мұсылмандары діни басқармасының өкілдері жиі бас сұғатын. Олармен кездескен кезде шынайы исламның мүлде бөлек әлем екенін ұқтым. Әрине, кеш болса да өзімнің өткен өмірімде жасағанымның бәрі ағаттық екенін ұқтым. Шынымды айтсам, алғашқыда түрме болғандықтан маған осылай жақсы қарайды деп күтпеген едім. Менің террористік және экстремистік бағыттағы мақалаларым үшін бәрі маған қырын қарайтынына сенімді болғанмын. Бірақ олай болмай шықты. Осында келгелі менің пікірім толықтай жақсы бағытқа өзгерді, - дейді Асхат.
Осылайша ой-түсінігі өзгеріске түсіп, қателіктерінен сабақ алған Асхат өз жақындарымен де қайта қатынаса бастаған.
«Деструктивті ағымға енгелі барлық жақын-жуықтарыммен байланысты үзіп алғанмын. Маған берілген көмектің арқасында біртіндеп өзімнің туған-туысқандарыммен және достарыммен қайтадан араласа бастадым. Қоршаған адамдармен бұрынғыдай ашық-жарқын сөйлесетін болдым. Түрмеде отырып түрлі жанрдағы көптеген әдебиеттерді оқыдым. Жұмысқа да орналастым. Сөйтіп аттай зулап үш жыл өте шықты. Осы уақыт ішінде бұрын есіме кіріп те көрмеген, көптеген маңызды нәрселерді түсіндім, -дейді Асхат.
Өткен өмірінен осылай сыр шерткен жігіт түзету мекемесінің қызметкерлеріне өзінің шынайы алғысын білдірді.
«Мекеме әкімшілігіне, психологиялық қызмет қызметкерлеріне, Қазақстан мұсылмандары діни басқармасының өкілдеріне, атап айтқанда Қанат Алшымбаевқа, Диас Байжігітов пен Серікжан Қамалашқа шын ниетпен зор алғысымды білдіргім келеді. ЕЦ-166/25 мекемесінің теологиялық қызметінің қызметкері менімен бірге өткізген көп жұмыстары үшін ерекше рахметімді айтамын. Осы азаматтың арқасында мен дәстүрлі ислам дінінің қадір-қасиетін, отбасының адам өміріндегі орнының қаншалықты жоғары екенін, ал ең бастысы Отаным – Қазақстанның мен үшін орны қандай екенін ұқтым, - дейді ол.
Облыстық қылмыстық атқару жүйесі департаментінің мәліметінше ЕЦ-1666/25 түзету мекемесінен экстремистік қылмыстары үшін жазасын өтеген 10 адам мерзімінен бұрын босапты.
«Діни радикализм және оның алдын алу мәселессі жазасын өтеу орындарында ерекше мемлекеттік бақылауға алынған. Деструктивті діни ағымдарға ерушілермен нақты оңалту оның ішінде экстремистік және террористік қылмыстары үшін сотталғандармен жұмыстарын жетілдіру мемлекеттік бағдарламалық құжаттарда қарастырылған. Қазақстан Республикасының діни саладағы мемлекеттік саясат тұжырымдамасында оларға қол жеткізу индикаторлары анықталған. Діни экстремизм тақырыбы қылмыстық атқару жүйесі мекемелерінің де қызметінің негізгі бағыттарының бірі болып табылады, - дейді Ақмола облысы қылмыстық атқару жүйесі департаментінің баспасөз хатшысы Ирина Горнова.
Ведомство алдағы уақытта да аталған бағыттағы жұмысты жетілдіруді мақсат еткен. Ал бұл Асхат сияқты талай жастардың болашаққа жаңа өмірге бет бұруына мүмкіндік беретіні анық...

Абзал Алпысбайұлы, Ақмола облысы