Cанкт-Петербор саммитіне қатысты
Cанкт-Петербор саммитіне қатысты
136
оқылды

Елбасы Нұрсұлтан Назарбаев Санкт-Петерборда өткен Жоғары Еуразия эко­номикалық кеңесінің отырысына қатысты. Басқосуда Еуразия экономикалық ода­ғы аясындағы мемлекетаралық ынты­мақтастықтың басты мәселелері талқы­ланды, ұйым жұмысының аралық қорытын­дысы жасалып, алдағы кезеңдегі ин­тегра­циялық қарым-қатынастың келе­шегі сөз болды.

Жиында Ресей президенті Владимир Путин Қазақстанның Тұңғыш Президентіне ұйымның құрылуы мен нығаюына қосқан үлесі үшін алғыс айтты.

– Мен осы қауымдастықты құруға бастамашы болған Жоғары Еуразия экономикалық кеңесінің Құрметті Төрағасына ризашылығымды білдіргім келеді. ЕАЭО жақсы жұмыс атқарып келеді. Біз сізді Санкт-Петерборда жаңа мәртебеде қар­сы алғанымызға қуаныштымыз, – деді Ресей президенті. – Әлі де шешімін таппаған мәселелер бар, ол түрлі шектеулер мен алып тастауларға байланысты. Бұл кез келген экономикалық интеграциялық бірлестіктерге қатысты.  

Отырыста Еуразиялық экономикалық ко­миссия басшылығы сайланып, комиссия алқасының жаңа құрамы бекітілді. Армения комиссия басшылығын Беларусь еліне тапсырды. Беларусь президенті армян тарапына ЕЭК-де тиімді төрағалық еткені үшін алғыс айтып, ЕЭК алқасының жаңа төрағасы Михаил Мясниковичті таныстырды. Оның кандидатурасын бұдан бұрын ЕАЭО мүше елдері, сондай-ақ ЖЕЭК құрметті төрағасы Нұрсұлтан Назарбаев қолдаған болатын. А.Лукашенко Жоғары Еуразия экономикалық кеңесінің кезекті отырысын 2020 жылдың мамырында Беларусьте өткізуді ұсынды.

Отырыс соңында еуразиялық интеграцияны дамыту, жалпы еңбек нарығы, қызметтердің бірыңғай нарығы, ЕАЭО ішкі нарығының жұмыс істеуі, бәсекелестік, энергетика және басқа да мәселелерді талқылап, бірқатар маңызды ше­шім­дер қабылданды. Мәселен, ЕАЭО ұйымына мүше мемлекеттерде жұмыс істейтіндерді зейнетақымен қамтамасыз ету туралы келісімге қол қойылды. Оған сәйкес, ЕАЭО аумағында еңбек етушілер өз Отанында жұмыс істеген кезеңдері үшін ғана емес, одақтың басқа мемлекеттерінде жұмыс істеген уақыттары үшін зейнетақы алады.

Елбасы Санкт-Петербор сапарында ТМД елдері көшбасшыларының бейресми кездесуіне қатысып, түрлі салалардағы өзара тиімді ынтымақтастықты нығайту мен одан ары дамыту мәселелерін талқылады. Жиында Ресей президенті делегация басшыларына «1939 жыл. Екінші дүниежүзілік соғыстың басталуы» атты көрмеде ұсынылған тарихи құжаттардың мазмұнына тоқталды. Басқосудан соң, бейресми кездесуге қатысушылар тарихи және деректі көрмені бірге аралады.


Халима  БҰҚАРҚЫЗЫ