Фонограммамен ғана ән айта алатын әншілердің кім екені енді ресми түрде айқындалады. Мәдениет және спорт министрлігі тиісті құжатты жария етті. Мұндай ереже тәуелсіз Қазақстанда алғаш рет қабылданбақ. Кеңес кезінде де болмаған. Керісінше, ол заманда концерттерде, бұқаралық іс-шараларда алдын ала жазылып, тексерілген таспаны пайдалану ынталандырылған деседі. Бұл халық ардақтайтын дарын иесі антисоветтік әлденені әнге қосып жібермеуі үшін қажет болыпты. Ал қазір фонограмманы шектеу не үшін қажет?
«Фанера» – ұйымдастырушылардың талабы
КСРО-да «Песня года» секілді көп «жұлдыз» жиятын концерттерде әншілер ән айтпайтын, тек өз тректеріне құлақ қойып, аузын ашумен болатын. Өткен ғасырдың 90-жылдарының басында эстрада «жансыз дауысты» жаңа деңгейге шығарды. Мысалы, бала кезімізде ересектермен бірге «Мираж» тобының концертіне бардық. Сол кездің өзінде осы атаумен ондаған ұжым өнер көрсететінін айтатын. Оның солистері көп болғанымен, дауысы біреу ғана екені кейін анықталды: опера әншісі болуды армандаған Маргарита Суханкина «Мираждың» әндерін орындап, таспаға түсіруге келіскен, ал өзі топтың мүшесі болудан бас тартқан. Оның сұрауымен дауыстың кімдікі екені айтылған жоқ. Нәтижесінде, топтың орындаушылары үнемі ауысқанымен, дауыс сол бұрынғыдай қалған. Қазір «фанерамен» айту ешкімді де қайран қалдырмайды. Тек ақау туып, өшіп қалмаса болғаны. Сондай өз әнінің сөзін де білмейтінін байқатқан орындаушыларға қатысты видеожазбалар интернетте қаптап жүр. КешYOU, RinGo, Ayumi секілді бойз және герлз-бендтердің негізін қалаушы, экс-продюсері Алуа Қонарова әртістер көрермен алдында «тірідей» өнер көрсетуі тиісті екенін айтады. «Әйтпесе, елес сияқты. Аузы-басын қисайтып сахнада өзі тұрады, бірақ дауысы жоқ. Көрерменді алдаған дұрыс емес. Барлық концерт пен қойылым жанды дауысқа құрылғаны жөн. Сонда ғана отандық өнер бәсекеге қабілетті болады, шыңдалады. Продюсер ретінде фонограммамен күресуге күш салдым. Әйткенмен, ұйымдастырушылар көбіне фонограмманы талап етеді. Жақсы аппаратурамен жабдықтағысы, таза дауыспен ән айтуға қажетті дыбыспен қамтамасыз еткісі келмейді. Содан жанды дауыс туралы райдерімізді орындай бермейтін. Бұл, әсіресе өңірлерге тән», – деді ол. Яғни, жанды дауыспен концерт бере алатын дарынды, қабілетті, күміс көмей әншілерден қазақ елі қазір де кенде емес. Тек онысы ұйымдастырушыларға қызық емес.«Плюс» – ұят, «минуске» – рұқсат
Мәдениет және спорт министрлігі фонограммаға тыйым салуға бармады. Өйткені экс-министр Арыстанбек Мұхамедиұлы айтқандай, «бұл отандық эстраданың 70 пайызын өлтіріп тынады». Сондықтан ел Парламенті 2020 жылы «Мәдениет туралы» заңға өзгеріс енгізіп, ұйымдастырушыларды фонограмма қолданылатыны туралы көрерменге хабарлауға міндеттеумен шектелді. Заң күшіне енгенімен, ондағы тетіктер іске қосылуы үшін министрлік деңгейінде заңды актілер қабылдануы керек. Осы орайда, Мәдениет және спорт министрі Ақтоты Райымқұлованың тиісті бұйрығының жобасы енді ғана жарияланып отыр. Ол «Музыкалық туындыларды орындау кезінде фонограммалардың пайдаланылуы туралы көрерменге хабарлау қағидаларын бекіту туралы» деп аталады. Оған сәйкес, ойын-сауық, мәдени-бұқаралық іс-шараларды ұйымдастырушылар, сондай-ақ шығармашылық ұжымдар мен орындаушылар көрерменге фонограмма қолданылатынын алдын ала хабарлауы шарт. Сонда таспадағы тректі тыңдау үшін концертке бару-бармауды көрерменнің өзі шешеді. Бұрын ондай таңдау берілмейтін. Бірден айта кетелік, ұйымдастырушылар плюстік, яғни дауысы бар фонограмма пайдаланатыны жөнінде ғана көрерменді құлағдар етуі тиіс. Ал «минустік (минусовка) фонограмма туралы көрерменді хабардар ету міндетті емес». Фонограмма туралы ескертетін ақпарат афишада, басқа да сыртқы, көрнекі жарнама нысандарында, көшеде таратылатын үнпарақта және өзге баспа өнімдерінде, билет кассасы жанындағы плакатта, БАҚ пен әлеуметтік желідегі хабарландыруда көрініс табуы шарт. Бұл ретте ұйымдастырушылар фонограмма деген сөз клиентті үркітеді деп санап, ол туралы ақпаратты оқылмайтындай ұсақ қаріппен теруі мүмкін. Министрлік бұған жол бермеудің жолын қарастырыпты: «мұндай ақпараттың көлемі ақпарат алаңының жалпы мөлшерінің кемінде 20%-ын құрауы тиіс және қазақ, орыс, ал қажет болған кезде басқа да тілдерде көрсетіледі». Сондай-ақ осы ақпаратты артқы фонмен тұтасып кететіндей қаріппен беруге немесе ақпаратты қабылдауды төмендетудің өзге де тәсілдерін пайдалануға рұқсат етілмейді.Үнсіз домбыра – деградация көрінісі
Концерттер туралы жарнама телеарналардан көп беріледі. Сол себепті қағидаларда осыған бөлек мән берілген. Атап айтқанда, радио, телеарналарда жарияланатын жарнамада концерттік іс-шараның фонограммаға құрылатыны туралы хабарламаның ұзақтығы кемінде 5 секундты құрауы тиіс. Ұйымдастырушылар фонограмма сөзін жұрттың көбі естімейтіндей етіп айта салуы да ықтимал. Оған тосқауыл қою үшін құжатта аталған хабарламаның дыбыс деңгейі концертті өткізу туралы жалпы хабарламаның дыбыс деңгейінен төмен, бәсең, ақырын болмауы керегін белгілейді. «Фонограмма пайдаланылатыны туралы дыбыстық хабарлау кезінде оны өзге дыбыстармен бұрмалауға және міндетті ақпараттың естілуін немесе ажыратылуын төмендетудің өзге де тәсілдерін қолдануға жол берілмейді» делінген министрдің бұйрығы жобасында. Егер жарнама-хабарландырудың жалпы ұзақтығы эфир уақытының 15 секундынан аспайтындай қысқа ғана болса, «фонограмма пайдаланылады» деп айта салуға рұқсат етіледі. Жалпы, фонограммаға қазір бірнеше елде – біздің көршілеріміз Қытайда, Әзербайжанда, Өзбекстанда және Түрікменстанда тыйым салынған. Әзербайжанда бұл шектеу сол кездегі министр, танымал әнші Полад Бюльбюль-оғлының бастамасымен 2001 жылы енгізілді. Алайда онда Мәдениет министрлігіне тікелей бағынатын мекемеде – Гейдар Алиев атындағы сарайда ғана жанды дауыспен ән шырқау талап етіледі. Басқасында міндетті емес. Түрікменстан осы қадамға 2005 жылы ата дәстүрін сақтау үшін барды. Президенттің жарлығында солай делінген. Орталық Азия халықтарында зор дауысы алты қырдың астынан естілетін кең тынысты нағыз дарындар ғана ақын-әнші деп дәріптелген. Бұл елде әнші-актерлерге концерттік залдар мен стадиондарда да, сондай-ақ ірілі-ұсақ тойларда да тек жанды дауыспен ән айту жүктелген. Өзбекстанда 2015 жылдан бастап «Узбекнаво» эстрадалық бірлестігі шешім шығарып, жанды дауыспен ән айта алмайтын барлық әншіге лицензия беруді тоқтатты. «Узбекнаво» өкілі Әзізбек Турдиевтің айтуынша, Өзбекстанда вокалдық қызметпен және тиісті бизнеспен айналысқысы келетін тұлға осы бірлестікке жүгініп, арнайы комиссия алдында ән шырқауы шарт. Сынақтан сүрінбей өтсе ғана лицензия алады. Оңтүстік көршіде әншілер мен орындаушылар жылына 1 рет концерт ұйымдастыруға лицензия алады. Бұрын ол рұқсатнаманы алу үшін комиссияға орындайтын әндері жазылған дискіні жіберсе жеткілікті болатын. 2018 жылдың желтоқсанынан бастап барлық мемлекеттік іс-шарада фонограммаға тыйым салынды. Өзге концерттерде ұйымдастырушылардан әндердің ең кем дегенде 60%-ы жанды дауыспен орындалуы талап етіледі. Ең қатал заң Қытайда: онда фонограмма үшін әкімшілік жаза және айыппұл қарастырылған. Мұндай тыйым 2008 жылғы олимпиададан кейін енгізілді, себебі салтанатты гала-концертте жаһан жұртшылығы алдында сахнаға әнші қыз орнына басқа бойжеткен шығып, соның әніне аузын жыбырлатқан. Бұл бар істе үлгілі болуды қалайтын қытай режимін мазақтау ретінде қабылданды. The Daily Telegraph дерегінше, 2009 жылғы қыркүйекте алғашқы жазаланғандар пайда болды: жас поп-әнші қыздар Фэн Цзиюань мен Йин Юканьге Ченгду қаласындағы концертте фонограммамен ән айтқаны үшін 50 мың юань (шамамен 7 мың доллар) айыппұл салынды. Олар тіпті солист емес, бэк-вокалда ән айтқан. Бірақ мәдениет департаментінің жауапты қызметкерлері олардың микрофондары сөндірулі тұрғанын және олардан ешқандай сигнал тарамағанын байқап қалған. Айтпақшы, шығыс көршіде динамиктен төгілген әуен-мелодияға елтіп, музыкалық аспапта өтірік ойнауға да қатаң тыйым салынған. Ал бізде тартпаса да, сахнаға домбыра алып шығатын «халтурщиктер» көп.