«Ұлы дала зары» – ашаршылық туралы түсірілген фильм. Фильмді түсіру үшін 5 жыл қаржы жинаған. Тіпті, басында кей кәсіпкерлер қаржы беруге де қорыққан. Соңында краудфандинг тәсілі арқылы елден ақша жинаған. Бір жылда 500 мың теңге түсіпті. Продюсер осы фильм үшін меншігіндегі мүлкінің біразын сатып, қарызға кірген. Таныстары қолындағы барын беріп, бірі студиясын ұсынса, екіншісі деректер тауып беруге тырысқан. Соның арқасында «Ұлы дала зары» өмірге келді.
Қариялардың батасы мың «Оскардан» артық
Қазақстандық кинотуынды «Оскар» сыйлығының «Шет тілдегі үздік фильм» номинациясына ұсынылған. Фильмнің режиссері – Марина Қонарова. Сол кезде «Қазақстанның киногерлер одағы» АҚШ-тағы «Оскар» комитетіне біз жақтан осы кинотуындымызды ұсынды. Біз АҚШ-қа фильмді жолдадық. «Оскар» сыйлығы комитетінің шешімімен қазақстандық фильмді қабылдағаны туралы хаттама шығарды» деген еді продюсер Ернар Мәліков. «Оскар» сыйлығына ұсынумен мәселе бітпейді. Әуелі фильмнің мықты жарнамасы болуы қажет. Ал насихат үшін аз қаржы кетпейді. Ал ол қаржыны табу мүмкін бе? Бұл сауалымызды продюсер Ернар Мәліковке қойдық. – Қазір start-time.kz-те 250 мың теңгедей ақша жиналды. Жеке таныстарымнан да алып жатырмын. Әзірге 500 мың теңгедей бар. Одан кейін біздің Америка елшілігіндегі жігіттер Қазақстанға қоңырау шалып, бұл жақтағылар 3 000 доллардай ақша жинап берді. Бізге оның өзі де көмек. Бірақ енді «Оскарға» ілгерілету деген біршама қаржыны қажет етеді. Америкада ешкім ақысыз ештеңе істеп бермейді. Hollywood Reporter, LA Times сияқты беделді басылымдарға аты мәшһүр публицистер мақала жазуы үшін 10 мыңнан 30 мың долларға дейін сұрайды. Қазір мен оларға бар жағдайды жасырмай айтып отырмын. Алайда америкалықтар көзің мен сөзіңнің әдемі болғаны үшін қызмет көрсетпейді. – Ақша тапты делік. «Оскардың» өтуіне аз уақыт қалды. Жарнама жасап, насихаттап үлгереміз бе? – Сыйлықтың берілуіне аз уақыт қалды. Шынын айту керек, ақша берейін деп жатқан да ешкім жоқ. Осыдан екі ай бұрын Мемлекеттік хатшы Қырымбек Көшербаев менің көзімше, министрге тапсырма берген еді. Бірақ министрлік тарапынан қолдау болған жоқ. Ұлттық киноны қолдау мемлекеттік орталығына «қарастырылсын» деген бір ғана хат жіберген кезде мұндай қиындықтар тумас еді. Өкінішке қарай, ондай қолдау болмады. Ал Ұлттық киноны қолдау орталығы мемлекеттік мекеме болғандықтан, олар өз бетінше шешім шығара алмайды. Ал «Ұлы дала зары» ашаршылық туралы фильм емес пе? Ашаршылық – ұлттың трагедиясы. Әрине, өз басым министрлікті кемсітейін не болмаса өкпе артайын деген жайым жоқ. БАҚ-тан журналистер хабарласып, «Оскар» сыйлығы туралы сұрап жатқаннан кейін мәселенің мән-жайын баяндап отырмын. – Жалпы, насихат дұрыс жүрсе, фильмнің «Оскар» алуға үміті бар ма? – Насихат жұмыстарына көпшілік тарапынан қолдау өте көп. Біреулер 200 теңге, біреулер 500 теңгесін жіберіп жатыр. Тіпті, зейнетақысын аударған қариялар бар. Ұлттың қасіретін бейнелейтін фильм болғандықтан, жанашырлық танытып отыр деп ойлаймын. Ашаршылықтан қырылған әр қазақтың көрген зобалаңын, тартқан тауқыметін фильм арқылы, деректі фильмдер арқылы көрсете беруіміз керек. Ұлттың басынан өткен қасіретті ұрпақ білуі тиіс. Дәл осындай фильмге министрлік тарапынан қолдау болмағаны – өте өкінішті. Бұл фильм насихаты жақсы болса, сыйлық алуға мүмкіндігі бар еді. «Оскар» алсақ та, алмасақ та, бұл фильмнің орны бөлек» деген пікірлер естіп жатырмын. Бір апа телефон соғып, «үш зейнетақымды беремін» дейді. Осындай үлкен қариялардың хабарласып, батасын беріп жатқаны мың «Оскардан» да артық дер едім. Биыл саяси қуғын-сүргін құрбандарын ақтау ісі бойынша арнайы мемлекеттік комиссия құрылды. Бұл – үлкен жетістік. Бірақ біз мұнымен тоқтамаймыз. 1921-22 жылдары өтетін барлық байқауға фильмді қатыстырамыз. Жұмыс жүргізіле береді.Фильмді ілгерілетуге мақсатты қаражат қарастырылмаған
«Ұлы дала зары» фильмінің продюсері осылай дейді. Ал Мәдениет және спорт министрлігіне хабарласып, не себепті қолдау болмай отырғанын сұрағанымызда, мынадай жауап алдық. Онда: «Қазақстан Республикасының Мәдениет және спорт министрлігі Е.Мәліковтің «Ұлы дала зары» фильмін ілгерілетуге қаржылай қолдау көрсету туралы өтініші бойынша келесіні хабарлайды. 2019 жылдың 3 қаңтарында «Кинематография туралы» Қазақстан Республикасының заңы қабылданып, министрліктің кино өнері саласындағы саясаты тұжырымдамалық негізде өзгерді. Аталған заң талаптарына сәйкес, бірыңғай оператор ретінде құрылған Ұлттық киноны қолдау мемлекеттік орталығы арқылы ұлттық фильмдердің өндірісі қаржыландырылады. Бұл ретте бәсекеге қабілетті киноөнім шығару және мемлекеттік қаржыландырудың ашықтығын қамтамасыз ету мақсатында киножобаларды іріктеу бірнеше кезеңнен тұратын ашық конкурстар өткізу арқылы жүзеге асырылады. Сонымен бірге қолданыстағы заңнамаға сәйкес, мемлекет тарапынан киножобалар толық 100% және жеке кинокомпаниялармен бірлескен жобалар ішінара қаржыландыру мүмкіндігі бар. Алайда Е.Мәліковтің «Ұлы дала зары» кинокартинасының өндірісі 100% мемлекеттік бюджеттен тыс қаражат есебінен түсірілгенін ескере отырып, оның ілгерілетілуіне мақсатты қаражат қарастырылмағанын айта кеткен жөн. Осы орайда, аталған фильмді қаржыландыру қолданыстағы заңнамаға қайшы келеді. Өкінішке қарай, республикалық бюджеттен «А» санатындағы халықаралық кинофестивальдарға қазақстандық фильмдерді қатыстыру және шетелде қазақстандық кино күндерін өткізу бағдарламалары аясында жыл сайын бөлінетін қаражат, осы жылдың бюджетін қалыптастыру кезінде коронавирус індетіне байланысты қолдау таппады. Осылардың негізінде «Ұлы дала зары» фильмін және басқа да жеке меншік қаражат есебінен шығарылған фильмдерді, министрлік тарапынан қолдаудың мүмкіндігі шектеулі» делінген. Демек, «Ұлы дала зары» фильміне тек көпшілік тарапынан ғана қолдау жасауға мүмкіндік бар. Ал «Оскардың» өтуіне санаулы уақыт қалды. «Ұлы дала зары» фильмін осынау аз уақыт ішінде жарнамалап үлгере ме? Осындай сәтте «Мемлекетке қол созбай-ақ қойыңдар. Мен-ақ қолдайын» дейтін кәсіпкер табыла кетсе, қанеки?! Әттең-ай дерсің... Мемлекеттің мүддесін қолдайтын азаматтар қандай күшті кино түсірсе де, оны мемлекет қолдамайтын заңдылық бізден басқа қай елде бар екен?!Айым БЕКТҰР