Кез келген дәуірде, кезеңде аға буынның жастарға сыни көзбен қарайтыны дәстүрге айналып кеткендей. Бірақ жастардың көзқарасын жоққа шығара беруге бола ма? Жалпы, өнер атаулының құндылықтары да адам мен заманына сай құбылып отыратынында болса керек. XX ғасыр музыка саласында төңкеріс жасап, көптеген жаңа бағыт тудырды. Одан бері талай жыл өтсе де, қазақ қоғамында субмәдениетке қатысты толығымен оң пікір қалыптасты деп айта алмаймыз.
Музыка қоғамды тек сауық-сайранға сүйрей бермей, белгілі бір деңгейде санасында дүмпу жасап, жаңа өзгерістерге бейімдей алуы керек тәрізді. Жаңа өзгеріс дегеннен шығады, бұл сөзді жиі қолдануымыздың өзіндік себебі бар. Қазір жастар ғана емес, орта буын да үзбей тыңдайтын қазақстандық музыка топтары жетерлік. Осыдан 2-3 жыл бұрын сынның астында қалған олар өздерін мойындата бастады. Бүгін соның екеуі – 91 (Ninety One) мен «Ирина Кайратовна» тобына ерекше тоқталамыз.Сын ширатты ма, сыншыны қиратты ма?
Әңгімені әріден бастасақ. 2001 жылы «Орда» тобы сахнаға шыққанда стилі де, әні де өзге жастарға үлкендер жағы үрке қарады. 2015 жылы 91 (Ninety One) тобы жаңа субмәдениеттің негізін қалаушы ретінде танылды. Кейін басқа да поп топтар қаптай бастағанымен, 91 тобы әлі күнге дейін үздіктер қатарында келеді. 1990-жылдары Оңтүстік Кореяда Батыстың электроника, электропоп, хип-хоп, заманауи ритм-н-блюз элементтерінің басын құраған K-pop жанры бастау алды. 91 тобы осы жанрдан үлгі алғаны жиі айтылады, бірақ көшірме деп кінәлауға тағы болмас. Алайда «еліктеушіліктен туған» деп айыптайтындар жетерлік. Айыптаудың басты екі себебі бар. Біріншісі әнді жылдам айтып, сөздері түсініксіз болып естіледі десе, екіншісі киім мен сән үлгісіне қатысты. Бірақ 91 тобы босқа тыраштанды дей алмаймыз. Көптеген әлем елдерінде тыңдарманы табылып, қазақ тілінің насихатталуына аз да болса септігін тигізді. Әдетте қазақстандық тыңдарман ресейлік әншілерді тыңдайды, ал 91 бұл үрдісті сәл де болса бұза алды. Топты құрған әнші Ерболат Беделхан әуел бастан-ақ басты мақсат өзгеше форматтағы өнер иелерінен әлемдік трендке сай қазақ тіліндегі контент жасау екенін айтқан. Әуелде тек махаббат, сезім жайлы ән айтып танылған топ соңғы 2 жылда әлеуметтік, жастар мәселесі мен саяси оқиғаларға көңіл бөле бастады. Өз кезегінде бұл жастардың азаматтық көзқарасын қалыптастыруға ықпал ететіні сөзсіз. Бүгінде YouТube желісінің ықпалы артып жатыр. Қай әнші мен қай әннің сұранысқа ие екенін осы желі арқылы білеміз. Мәселен, жаңағы айтқан 91 тобының бейнеклиптерін қанша көрермен қарағанын шолып көрсек. Men Emes деп аталатын ән YouТube арқылы 13,9 млн рет тыңдалса, жаһандық проблемалар жайлы Bari biled туындысы 7,1 млн, Bayau әні 7,4 млн көрілім жинаған. Мұны неге тізіп отыр демеңіз. Себебі қазақ тілінде ән айтып, бір ғана желіде миллиондап тыңдарман жинау қиын. Оның үстіне, бұл құлақ үйренген той әндері емес. Осыдан 3 апта бұрын 91 тобы мен «Ирина Кайратовна» тобы бірлесіп, Taboo туындысын жариялаған болатын. Осы аралықта бейнебаян 2,3 млн көрермен жинап үлгерген екен. «Ирина Кайратовна» (ИК) тобы осыдан шамамен 5 жылдай уақыт бұрын жастар өмірін бейнелейтін юмор, треш бағытындағы қысқа фильм түсіріп таныла бастаған. 2017 жылдан кейін жастары 20-дан енді асқан топ мүшелері рэп, хип-хоп жанрында ән айта бастады. Бұл топтың өзгелерден бөліп, түсін түстер басты себеп бар. Рэп арқылы елімізде белең алып жатқан отбасындағы зорлық-зомбылық пен нашақорлықтың зиянына жастардың назарын аударғаны шынымен таңғалдырады. Мәселен, «Беги» әнінен соны аңғара аласыз. Туынды жарыққа шыққанда жастардың біразы бұрын бұл нәрселерге қатты көңіл бөлмегенін айтып пікір қалдырған. Яғни, кей кезде «жөнді сөзге құлақ аспайтын» жастарды кінәлап жатамыз, ал оларға зардабы мол дүниелерді музыкамен жеткізуге болады екен. Бірақ ИК тобының мүшелері арагідік тұрпайы әрекеті көп бейнебаян түсіреді. Онда өздері секілді жастардың ішімдік ішіп, есірткіге әуес болғаны суреттеледі. Осы тұста сынай қарайтынымыз жасырын емес. Топ мүшелері бұл әрекеттерін ұғынған адамға «мысқыл» екенін айтады. Қазір олар тек отбасындағы ажырасу, ақшаға құмарлық пен кей шендінің теріс ісін сынайтын әуендер жазумен айналысып келеді. 3 апта бұрын топ «5К» әнін жарыққа шығарды. Қазір туынды 5,3 млн рет қаралған. Жастардың сауық қуған ғұмырын бейнелеген ARRIVA әуені 9,1 млн рет тыңдалыпты. Ал оларға қатысты айтылған мақтау мен даттауды тізіп отырмаймыз. Ең басты сауал – орта буын мен жастардың осындай топтарға қызығуында қандай мән жатыр?Мамандар не дейді?
Роман БҰРҚАШ, музыкатанушы: – Музыканың функциясы өте көп. Ол тек әдемі дыбыс жиынтығы емес, қарым-қатынас құралы. Сондықтан кез келген музыкантта жауапкершілік болуы керек. Азаматтық позицияны білдірер тұста бұғып қалмауы тиіс. Музыканттардың екі тобы бар: әртіс пен тұлға әртіс. Біріншісі – көңіл көтеру үшін сахнаға шығып, баюды көздейді. Екіншісі – шығармашылығында ұстанымы бар нағыз өнерпаз. Сыбызғышыларда «Қос мүйізді Зұлқарнайын» деген күй бар. Сол аңызда ең алғаш адам айта алмаған дүниесін сыбызғы арқылы жеткізеді. Сондықтан музыкант «табиғат қандай тамаша, менің елім, жерім» деген әнді ғана айтпауы тиіс. Музыка – шындықтың құралы, бірақ ләззат та сыйлайды. Ал «Ирина Кайратовна» мен 91 тобына келсек, көбі айтуы мүмкін, «бұл әндер ғасырға жетіп, ұрпаққа таралмайды» деп. Бірақ бұл екі топ халықтың, соның ішінде жастардың көкейінде сайрап жатқан дүниені музыка арқылы жеткізіп отыр. Сол үшін көп тыңдалады. Киім мен шаш үлгісі сыналар, бірақ олар есейеді, қалпына келеді. Сән үлгісі уақытша ғана. Бастысы, олардың не айтқысы келетініне назар аударайық. Қазақ қоғамында танымал эстрада әншілері бар, той жағалап, өзін «тұлға» сезінетін. Бірақ олар халықтың ішінде не жатқанын бүкпесіз жырлағанда, бұл жастар шықпас еді. Яғни, эстрада әншілерінің жіберген кемшілігінің орнын жастар толтыруда. Музыканың тек көңіл көтеру, қызық үшін айтылмайтынын дәлелдеді. Бұл – қазақ жастарына ғана емес, әлем жастарына тән тенденция. Бұған дейінгі заманда да болған. Мерей СЕМБАЙ, өнертанушы: – «Ирина Кайратовна» мен 91 тобы ойын ашық жеткізе алады. Сондықтан оларды «бұзылған», дәстүрге қарсы деп кінәлайтындармен келіспеймін. Музыка өмір секілді ешқашан бір орында тұрмайды, минут сайын дамиды. Ал жастар оны жақсы сезінеді. Өзге ұлттардан ғана емес, өзімізден де өзгеріске бейім жастар шыққанына мен қуанамын. Бұрынғы Біржан сал, Мәди мен Жаяу Мұсалар да сол заманда сынға іліккені жиі айтылады. Алайда олар қоғамның мәселесін жеткізді. Бұл тұста ертедегі кісілерді қазіргі топтармен салыстыруға келмес, бірақ ұқсастық табуға болады. Фонограмма қолданып, той мен шенеунік жағалайтын қазақ эстрадасының көп әншілеріне қарағанда бұл топтарды әлдеқайда жоғары санаймын.Мадияр ТӨЛЕУ