Елімізде 1 ақпаннан бастап коронавирус індетіне қарсы жалпы вакцинация басталады. Денсаулық сақтау министрі Алексей Цойдың мәлімдеуінше, екпе үш кезеңде жүргізілмек. «Спутник V» вакцинасы ең бірінші дәрігерлерге салынатын болса, одан кейін білім беру мекемелерінің мұғалімдеріне, ал үшінші кезең студенттер мен оқушыларды қамтымақ. Осылайша, министрлік жыл соңына дейін 6 миллион адамға екпе егуді жоспарлап отыр. Одан бөлек, вакцинация ерікті түрде де жүргізілуде. Бүгінде Жамбыл облысында 1 000 адам екпе салдырып үлгерген. Алайда ел арасында вакцинацияға қатысты үрей мен үміт қатар жүруде. Біреулер екпе алған дұрыс десе, енді бірі вакцина салдыруға түбегейлі қарсы. Осы орайда, тараптарды тыңдап көрген едік.
«Індетті жеңетін бірден-бір жол – вакцинация»
«Қазфосфат» ЖШС директоры, Қазақстанның Еңбек Ері Мұқаш Ескендіров өңірге жақсы вакцина келсе, бірінші болып салдыратынын айтады. – Вакцинадан басқа қазір кеселмен күресудің жолы жоқ. Сондықтан облысқа жақсы вакцина келіп жатса, міндетті түрде салдырамын. Бұқаралық ақпарат құралдарынан естіп жатқанымыз Ресей, АҚШ, Израиль мемлекеттері вакцина жасаумен мықтап айналысып жатыр. Ал отандық вакцина туралы әзірге толыққанды ақпарат жоқ. Десе де, менің екпе егуге көзқарасым дұрыс. Мен басқарып отырған «Қазфосфат» ЖШС-нің 20 қызметкері ерікті түрде вакцина салдырды. Олардың жағдайы жақсы. Дәрігерлерден бөлек, өзіміз де денсаулықтарын бақылап отырмыз. Барлығы толықтай жұмыста жүр. Ал коронавирусқа қарсы вакцинаның кері әсеріне келер болсақ, Ресей мемлекетінде адамдар екпеден кейін ауырып жатқанын естідім. Алайда қарапайым тұмауға қарсы екпенің өзі әркімнің денсаулығына әртүрлі әсер етеді ғой. Түптеп келгенде бір адамның алмаға аллергиясы болуы мүмкін. Яғни, әркімнің денсаулығы әрқалай. Сондықтан мен 1 миллион адам вакцина салдырып, соның үш-төртеуінде теріс әсері байқалса, бұл қалыпты құбылыс деп есептеймін. Өздеріңіз бағамдап қарасаңыздар, біз үнемі үреймен өмір сүре алмаймыз ғой. Немесе қашанғы бетперде киіп, сақтық шараларын сақтап жүреміз? Сондықтан қазір індетті жеңетін бірден-бір жол вакцинация деп ойлаймын, – дейді Қазақстанның Еңбек Ері.«200 мың теңгені неге бірден бермейді?»
Екпе салдырған еріктінің бірі – Айбек Қадірәлиев. Ол вакцинацияға азаматтық ұстаныммен барғанын айтады. – Мені екпе сал деп ешкім қинаған жоқ. Өзімнің денсаулығым үшін және азаматтық міндетім деп қабылдап, вакцина салдырдым. №1 қалалық емханаға барып, ең әуелі денсаулығымды тексерттім. 6-7 сынама тапсырып, одан кейін анкета толтырдым. Барлығы автоматты түрде жүргізілгендіктен, сынамамның қорытындысы тез-ақ шықты. Ал вакцина салғаннан кейін өзіме жеке дәрігерді белгілеп, 10 күн бақылауда болатынымды айтты. Сонымен қатар 22 күн күнделік жүргізетін болдым. Қазір күнделікті жағдайымды күнделікке жазып, одан бөлек дәрігер тәулік бойы денсаулығымды бақылап отыр. 22 күннен кейін күнделігімді апарып өткізіп, тағы бір екпе салынатыны айтылды. Оны енді сол сәтте көрерміз. Қазір жағдайым қалыпты. Екпенің ешқандай кері әсері байқалған жоқ. Бір айта кетерлігі, сынақ үшін ерікті түрде екпе салдырғандарға 200 мың теңгеден берілетіні айтылды. Бірақ оны бірден ала алмайтынымыз қызық болып тұр. Яғни, екпе салдырғаннан кейін 42 күн өткенде 50 мың теңге береді, одан кейінгі 50 мыңды 90 күннен кейін, ал қалғанын 180 күн өткенде қолымызға ұстатады. Неге осы қаржыны бірден бермеске? Маған осы жағы түсініксіз. Өзім вакцинацияға қаржы мұқтаждығынан барған жоқпын. Бірақ сол 200 мың теңгені аламын деушілердің қатары қалың. Егер осы соманы бірден беретін болса, вакцина салдыратындардың саны көбейер еді деп ойлаймын, – дейді Айбек.«Вакцинаны жүз пайыз салдыруға дайынбыз»
Жоғарыда атап өткеніміздей, «Спутник V» вакцинасы ең бірінші кезеңде ақ халатты абзал жандарға салынады. Осы орайда, облыстық Қан орталығының директоры Гулам Умаровтан вакцинацияға дайындық барысын білген едік. – Вакцинацияға қызметкерлерімізбен 100 пайыз дайын отырмыз. Қажетті тексерістің бәрінен өттік. Енді облыстық Денсаулық сақтау басқармасы кезегімізді белгілеп берсе, сол бойынша екпе салдыру жұмыстарын жүргіземіз. Негізі, біздің жұмыс адамның қанымен байланысты болғандықтан, онсыз да мамандарымыз жылда түрлі вакцина салдырады. Сондықтан бойымызда ешқандай қорқыныш жоқ. Барлық қызметкер ерікті түрде келісіп отыр, – дейді Г.Умаров.«Ақша төлесе, халықтың үрейі еселенеді»
Ақын, сазгер Үміт Битенова Үкіметтің вакцина салдырғандарға ақша төлегеніне түбегейлі қарсы. – Егер ерікті түрде вакцина салдырғандарға Үкімет ақша төлесе, бұл халықтың үрейін еселей түседі. Вакцинаға деген сенімсіздік туады. Одан бөлек, ақша жүрген жерде сынақ пен санақ та қатар жүретіні белгілі. Яғни, адамдар өздерін сынақ алаңында жүргендей сезінеді. Түптеп келгенде 200 мың теңге бергендіктен, әркім мұның артында есеп тұрғанын түсініп отыр. Сондықтан егер мемлекет вакцинаға жүз пайыз сенімді болса, ақша төлеуді тоқтатқаны дұрыс. Сондай-ақ коронавирусқа тестен өту де тегін болуы керек. Сонда ғана халықтың Үкіметке, вакцинаға деген сенімі оянады. Әйтпесе, өз-өзімізді зертханадағы тышқандай сезінетініміз анық, – дейді Битенова .«Қазіргі вакцинаны салдыру – асығыстық»
Тараз қаласының тұрғыны, зейнеткер Ләззат Байболатова дәл қазіргі вакцинаны салдыру асығыстық екенін айтады. – Қазіргі вакцинаға қатысты ел арасында түрлі әңгіме айтылып жүр. Алыс-жақын шет мемлекеттердегі жағдайды да теледидардан көріп отырмыз. Сондықтан толық сынамадан өтіп, 100 пайыздық дәлеліне жетпеген вакцинаны салдыру асығыстық деп ойлаймын. Бір жыл бойы Үкімет сақтық шараларын күшейтіп, бәрімізді үйде ұстап келді. Соның арқасында өзге елдерге қарағанда біздегі жағдай қалыпты болды. Енді қырқына шыдаған халық қырық біріне де шыдайды ғой. Тағы жырты жыл дей ме, әлде бір жыл ма, үйде отырып, сақтануға дайынбыз. Тек бізге толық сынамадан өтіп, 100 пайыздық дәлеліне жеткен вакцина ұсынса болғаны. Одан бөлек, өзіміздің отандық вакцина болса, сеніміміз артар еді. Сондықтан қазір әліптің артын бағып, сәл күте тұру керек деп есептеймін, – дейді қала тұрғыны.P.S.
Міне, халықтың пікірі осындай. Біреулер вакцинаны ерікті түрде салдырғанын айтса, екіншілер екпеге ақша төленгеніне күмәнмен қарап отыр. Ал үшінші жақ вакцина салдыруға түбегейлі қарсы. Біздікі – бұқараның үнін жеткізу. Ал кімдікі дұрыс, әлде бұрыс екенін көзі қарақты оқырман қауым өздеріңіз бағамдай жатарсыздар. Халық сөзінен билік те бір байлам шығарады деп сенеміз.
Саятхан САТЫЛҒАН, Жамбыл облысы