Әріптестері араша түсті
Әріптестері араша түсті
231
оқылды

Қоғамда резонанс тудырған оқиғаға үкім шықса да, жанайқайы басылар емес. Дүниеге келген шарананы тоңазытқышқа тірідей салып, өмірінің үзілуіне себепкер болған дәрігерлерге тағайындалған жазаға әріптестері келіспей, жазаны жеңілдетуді сұрады.

Облыстық перинаталдық ор­та­лық директорының міндетін уақытша атқарушы Асқар Кенже­ғалиев аталған мекеме қызмет­кер­лері бұрынғы әріптестеріне шыққан сот үкімі тым қатаң деген пікір білдіріп отыр. Атырау облыстық Денсаулық сақтау басқармасының баспасөз қызметінің мәліметіне сүйенсек, перзентхана қызметкерлері  кінәлі деп танылған экс-дәрі­герлерге кесілген жаза уақыты тым ұзақ, сондықтан мерзімді қысқартуға ұсыныс жасаған. – Ешкім сот үкіміне қарсы емес. Алайда өз ұсыныс­ымыз­ды құжат жүзінде дайындап, Мем­лекет басшысына жеткізуге то­лық құқымыз бар деп есеп­тей­міз. Жазаны жеңілдетуге қатысты шаралар қолдануға болады деген үмітіміз басым. Әріптестерімізге қатысты шығарылған үкім тым қатаң. Бұған дейін олар көптеген сәби мен ананы ажал аузынан арашалап қалды, біраз отбасын бақытқа кенелтті. Бола­шақта да әріптестеріміз қо­ғамға мол пайда әкеледі. Меди­цина қызмет­керлері сот процесі біржақты өткеніне реніш біл­діруде. Осын­дай өте күрделі жағдайда меди­цина қызмет­керлері қа­лыпты режимде қызмет етіп, тікелей міндетін атқара алмайды. Бұдан кейін ізімізді басып жатқан жас медицина қызмет­керлерінің мамандығына деген жауап­кер­шілігі қалай болады? Осының бәрін ескере отырып, Мемлекет басшысына, сондай-ақ дәрігер құқығын қорғайтын респуб­лика­лық қа­уымдас­тықтарға, кәсіп­одақ ұйым­дарына өтінішімізді жол­дап, әріп­тес­теріміздің жаза­сын жеңілдетуге көмектескіміз келеді, – деді Асқар Кенжеғалиев. Медицина қызметкерлерімен Атырау облысы әкімінің бірінші орынбасары Серік Айдарбеков және облыс әкімінің орынбасары Бақытгүл Хаменова, мәслихат депутаттары кездесіп,  талап-тілектерін тыңдады. Дәрігерлермен жүздесуде об­лыстық перинаталдық орталық директорының міндетін уақытша атқарушы  Асқар Кенжеғалиев сот үкімімен келіспеген орта­лықтың ұжымы жаппай жұмыс­тан кету жөнінде арыз беріп жат­қаны туралы ақпарат шын­дыққа жанаспайтынын мәлім­деді. Tyrsin       Тұрсын ЖҰМАБЕКҚЫЗЫ, Атырау облысы