Тараз тұрғыны емделемін деп көзінен айырылды. Патма Мақсұтова жұмысына салғырт қараған дәрігерлердің кесірінен көзінен айырылған екен. Айтуынша, дәрігерлер қымбат дәрі салсаң, көзің көріп кетеді деп сендірген. Бірақ бәрі керісінше болып шыққан.
Патма Мақсұтова сол көзі бұлдырап, көруі нашарлап кеткен соң Облыстық көз емдеу орталығына барған. Ондағылар тексеріп, құны 115 мың теңге болатын дәріні салуды ұсынған. Дәрігерлер екпе салып, «10 күннен соң келесің» деп үйіне жіберген. Алайда келесі күні таңертең жанарында қара дақ пайда болып, көзінен қоймалжың сұйықтық аға бастаған. Патма бірден дәрігерлерге хабарласыпты.«Көзімді көргенде дәрігерлер қатты қорқып кетті. Сосын жалғыз өзімді жеке палатаға жатқызып қойды. Олардың өз араларында инфекция деп жатқанын анық естідім. Мейірбикелер палатаны жиі тазалап отырды, ешкімді кіргізген жоқ. 28 күн ішінде көзіме 150-ге жуық дәрі салды», - дейді Патма Мақсұтова.
Ол ауруханадан шыққан соң арада апта өтпей сол көзінің мүлде көрмей қалған. Ал дәрігерлер болса мұнымен келіспейді. Олар науқасты жары соққыға жыққан деп отыр. Сондай-ақ науқастың қант диабетімен ауыратыны да себеп болған деп болжайды. – Бүкіл ем-домы жазылып берілген. Егер де қандай да бір ауырсыну болса, шағымданар еді. 10 күннен кейінгі жоспарлы тексеруге де келді. Ондай ештеңе болмады. Осы жағдайға байланысты бірнеше сараптамалар тағайындалды. Қазір тәуелсіз сарапшылар Патманың көзі еккен дәрінің кесірінен бе, әлде қатты соққының салдарынан ба соны анықтап жатыр. Әзірге алғашқы сараптама ақ халаттылардың қатесін тапқан. Яғни, олар тиімсіз дәрілерді пайдаланып, қажеттісін бермеген, – дейді Жамбыл облыстық көз емдеу орталығының бас дәрігері Бақыт Досжанова.