Құрдымға тартқан құмар ойын
Құрдымға тартқан құмар ойын
285
оқылды

Букмекерлік кеңселердің ба­сына қара бұлт үйірілді. Олай деуге негіз бар. Өйткені соңғы бір-екі айда екі бірдей құ­­марханаға тексеру жүргізіліп, қо­мақты айыппұл салынып, жұ­мыстары тоқтатылды.

Бұл тексеріс алғашқы емес. Бұған дейін 2018 жылдың мамыр-тамыз айларында Бас прокуратураның ара­ласуымен 5 ірі шұғыл-іздестіру шарасы ұйымдастырылып, еліміздің 17 қаласында ойын бизнесіне ұйытқы болған 4 трансұлттық ұйымдасқан топ ұсталған болатын. Олар заңсыз әрекет ету арқылы 12 млрд теңгеден астам табыс тапқан болып шықты.

Осы жолғы құрықтауға көшейік. Салық және басқа да қаржылық заң­бұзушылықтарды анықтау мақ­сатында Алматы қаласы бойынша Ұлттық қауіпсіздік басқармасы про­куратура органдары қызметімен бір­лесе отырып, соталды тергеу ша­ралары аясында заңсыз ойын биз­несімен айналысып келген «Олимп» букмекерлік конторының әкімшілік кеңсесіне тексеріс жүргізді. Осының нәтижесінде салықтан жал­тара отырып, интернет арқылы ойын бизнесін заңсыз жүргізгені үшін 2019 жылдың 29 қарашасында Алматы қаласы мамандандырылған ауданаралық әкімшілік сотының шешімімен «Олимп» букмекерлік кеңсесіне Only bet ЖШС мен Alpha bet ЖШС берген лицензияларды алты ай мерзімге күшін жою үкімі шығарылды. «Олимптің» ресми ақпараты бойынша, кеңсе өз жұмысын 2007 жылы 15 ма­мырда бастап, букмекерлік қызмет жүргізуге 10 жылға лицензия алған. 2017 жылы ойын бизнесімен айналысу мерзімі аяқталса да жұмысын тоқтат­паған. Сондай-ақ E-Gambling Mon­tenegro d.o.o компаниясы берген ин­тернет арқылы ойын жүргізу лицен­зиясы да Черногорияда беріліп, кең­сенің еуропалық клиенттерімен жұмысын жүргізетін қолдау қызметі де сол жақта екені анықталып отыр. «Букмекерлік кеңсесі» ЖШС өсімпұл мен айыппұлдарды есепке ала отырып, салықтық тексеру нәтижелері бойынша Олимп.kz ЖШС-62 мил­лиард теңге, ал Alpha-bet ЖШС-на 83 миллиард теңге есептелді.

Сонымен қатар Қаржылық мони­торинг комитеті Finbet букмекерлік компаниясының да жұмысын тоқ­татты. «Комитеттің экономикалық зерттеу қызметінің қаржылық мо­ниторинг бойынша тексеруі нәти­жесінде Finbet букмекерлік компа­ния­сының заңсыз іс-әрекетіне тос­қауыл қойылды. Аталған ұйымның лауа­зымды тұлғалары Қазақстан аума­ғында ойын бизнесімен заңсыз айна­лысқан. Құмар ойындарға бәс тігу Алматы қаласы, Шымкент қаласы, Алматы, Атырау, Батыс Қазақстан, Маңғыстау, Павлодар облыстарындағы 43 нүктесінде жасалған» делінді Қаржылық мониторинг комитеті хабар­ламасында. Яғни, бұл бәс қабыл­даушылар Қазақстанда заңсыз жұмыс істеп келген. Букмекерлік компа­ния­ның ғимаратына тінту жүргізген құзырлы органдар күдіктілердің тергеу изоляторына уақытша жабылғанын айтты. Комитеттің мәліметіне қара­ғанда, букмекерлік компанияның жылдық заңсыз табысы 3 миллиард теңгеге жеткен.

Атап өту керек, Қазақстанда ойын бизнесінде заңмен бекітілген талапты орындамау орын алып жатады. Міне, осы заңбұзушылыққа бой берген букмекерлік кеңселердің қызметі қызу талқылануда. Дегенмен таяқтың екі ұшы бар. Бұл туралы жыл басында өткен жиында бук­мекерлік және лотерея бизнесі өзін-өзі реттеу ұйымының атқарушы директоры Гүлмира Бергенова: «Кез келген монополияның соңы жақ­сылыққа апармайды. Біріншіден, нарықта бәсекелестік болмайды. Екіншіден, қызмет көрсету сапасы нашарлайды. Үшіншіден, шетелдік компаниялардың экспансиясы басталады. Осылайша, елдегі ақша сыртқа кетеді. Бюджеттік түсім­дер азаяды. Нарықта жауапсыз ойын­шылар көбейеді. Қысқасы, нарық «көлеңкелі» бизнеске көшеді. Ал бұл бізге керек емес. Егер ойын бизнесіне қатысты мекемелер заңға қайшы әрекетке барса, лицензиясынан айырылсын, бұған қарсылығымыз жоқ. Алайда ойын бизнесіне қатысты мекемелерді басқа жағынан қыспау керек» деген болатын.

Иә, қатты қыспақ бір компанияны ығыстырып, ал екінші «ойыншы» оның орнын басып, кеңістікті тол­тыратыны сөзсіз.

Негізінде Қазақстандағы ойын бизнесіне бірнеше салық салынады. Атап айтқанда, компаниялар кірістің 20% көлеміндегі қосымша салығын төлейді. Бұған компанияның шығын­дары кірмейді. Сондай-ақ әрбір ойын аппаратына салық төленеді. Нақ­тырақ айтсақ, ойын үстеліне – 1660 АЕК, ойын автоматына – 60 АЕК, букмекерлік кеңселердің электронды кассасына 3000 АЕК көлемінде салық салынады. Яғни, қазынаға біраз қаражат құйылады деген сөз.

Дегенмен біреуге пайда әкелген, ел бюджетіне табыс түсірген бизнес екінші адамдарды зар жылататыны анық. Лудоманиямен ауыратындар соңғы ақшасын тіккенімен қоймай, банктен несие алып қарызға да бел­шеден батып жатқаны тағы бар. «Тез байып, жақсы өмір сүрсем» деген ой ғана болады.

«Құмар ойынды әдетке айнал­дырып, оған тәуелді болу, алкоголь және нашақорлыққа тәуелді болумен тең. Құмарлықтың өзіндік белгілері бар. Ойынға құмарлықтан емделу біраз уақыт пен қаржыны талап етеді. Біз арнайы мониторинг жүргіздік, оның нәтижесінде 2015 жылдан бергі төрт жыл ішінде Алматы қаласында құмар ойынның тұзағына түскен 266 адам көмек сұрады, Қарағанды қаласы бойынша 2018 жылдан бастап 7 адам және Астана бойынша 2017 жылдан бастап 46 адам қол ұшын созуға өтініш білдірді» деп 2019 жылғы 25 қаңтар күні Nur Otan партиясы ғимаратында Қазақстандағы құмар ойындар мәселесі мен оны шешу жолдары тақырыбына қатысты өткен жиналыста «Ренессанс» халықаралық қауымдастығының директоры Сергей Мавляев айтқан болатын.

Сарапшылар есебінше бук­мекерлік кеңселерде күніне 900, жы­лына 350 мың адам бәс тігеді екен. Деректерге үнілсек, құмар ойынның тұзағына түскен қазақстандықтардың шамамен 10 млн теңге қарызы бар көрінеді. Соңғы 4 жыл ішінде ойын клубтары мен мекемелеріне қатысты 234 қылмыс жасалған, оның ішінде 81 ойын мекемесіне шабуыл жасау, 53 тонау оқиғасы тіркелген. «Тағы бір айтып өтетін проблема – құмар ойын мекемелерінің ел аумағында заңды түрде тіркелмеуі. Осы себептен бізге оларды бақылау қиын. Бізде құмар ойынның жетегінде кеткендерге қатысты іс көптеп қозғалады. Мысал келтірсек, Алматы қаласында кәме­леттік жасқа толмаған жасөспірім ата-ана­сының рұқсатынсыз 2 млн тең­геден астам қаржыны букмекерлік кеңседе ұтысқа салып, нәтижесінде жеңілген. Сол секілді өткен жылы Шымкентте құмар ойында қомақты ұтыстан айырылып, ызаланған азамат өзінің анасын өлтірген. 2017 жылы тамызда бір топ адам казинода қомақты қаржыларынан ұтылып қалып, ішкі күйігін басу үшін Toyota Land Cruiser автокөлігін өртеп жі­берген. 2018 жылы Астанада ер адам азаматтық некеде тұрып жатқан әйелін мерт қылды. Бұған әйелдің үйде тұрған ақшаны құмар ойынына салып жібергені себеп болған. Осы секілді деректер жеткілікті», – дейді Ішкі істер министрлігі. Міне, ойын құмарлықтың «пайдасы».

Олай болса заңды белшесінен басқандарға айыппұл салып қана қоймай, қылмыстық жауапқа тартқан жөн. Мүмкін сонда ойланар...


Әдебиет БЕЛГІБАЙҰЛЫ