Қара түтінге тұншыққан Теміртау
Қара түтінге тұншыққан Теміртау
401
оқылды

Елбасы түлеп ұшқан Теміртау – республикада экологиясы ластанған ең лас қала болып танылды. Қалада шаң-тозаңды, улы газды иіскеп қана емес, «қолмен» ұстап көруге болады. Себебі Теміртауға күнде «қара» қар жауады.

Қала тұрғындарының еңсені басқан қара тұман мен темір татитын ысты ауаға шағымданып жүргеніне 3 жылдың жүзі болды. Әлеуметтік желілерде қаланы бас­қан қара күйе мен тұтасқан түтіні түсірілген видео мен фото қаптап жүр. 18 мың адам тұратын шағын қала облыс орталығына тиіп тұр. Алайда облыс басшылығы бұл мә­селені түбегейлі шешуге дәр­­мен­сіз. Себебі Экология, гео­ло­гия және табиғи ресурстар ми­нистр­лігінің ақпараты бойын­ша Теміртау қаласында ауаға тараған зиянды қалдықтардың 80%-дан астамы «АрселорМиттал Теміртау» кәсіпорнына тиесілі. Ірі инвесторға талап қойып, қор­ша­ған ортаға төнген қауіпті жою жергілікті әкімдіктің қолында емес. Соңғы 3 жылда 51 млрд тең­­ге­­ден астам қара­жат жұм­сал­ғанына қарамастан Қара­ған­ды об­лысында жыл сайын ауаға 590 тон­наға таяу зиянды қалдық таралады.

2018 жылы қыркүйекте Елбасы Қарағанды облысына жасаған жұмыс сапары кезінде Теміртау қаласының экологиясына арнайы тоқталған болатын.

«Аймақтағы өнеркәсіп кәсіпорын­­дары ауаға 1 жылда 600 мың тоннаға жуық залалды заттар шығарады. 600 тонна дегеніңіз – республика бойынша атмосфераға бөлінетін зиянды заттардың төрт­тен бір бөлігі. Теміртауда тіпті «қара» қар жауыпты» деген болатын Нұрсұлтан Назарбаев. Құрышты қаланың келешегіне алаңдаған Тұңғыш Президент Теміртаудағы «АрселорМиттал Теміртау» кәсіпорны басшы­лы­ғына экологияны жақсартуды тап­сырды. Елбасы сапарынан кейін облыс әкім­дігі Теміртау экологиясын сауық­ты­рудың кешенді жоспарын бекітті. Өңірде қоршаған ортаны қорғау жөніндегі кеңес құрылды. Одан бері жылдан астам уақыт өтті. Теміртауды торлаған қара түтін ыдырамады. Қала қара түтінге оранып, шенеуніктер берген уәденің орындалуын әлі күтуде.

Осыдан бір жарым ай бұ­рын Парламент Мәжілісінің Эко­логия мәселелері және таби­ғат­ты пайдалану комитеті Темір­тау қала­сында «Аймақтың ірі кә­сіп­орындарының шығарын­ды­ларын азайту мен тазартудың жаңа технологияларын енгізу» тақырыбында кеңейтілген көш­пелі отырыс өткізді. Оты­рысқа Мә­жі­лістің 13 депутаты, Эко­ло­гия, геология және табиғи ресурстар министрі, вице-министр, коми­тет төрағалары, департамент ди­рек­торлары, Қарағанды облыс­тық және Теміртау қалалық мәс­лихаттарының депутаттары, әкім­дер, Nur Otan партиясының өкіл­дері, экологтар мен қала тұр­ғын­дары қатысты. Олар «Ар­се­лорМиттал Теміртау» АҚ өкіл­­­­дерімен кездесіп, ірі кәсіп­орын­­ның техногендік әсерін тө­мен­­­дету, өндірісті жаңғырту секіл­ді өзекті мәселелер қаралды.

– Біз Теміртауға кездейсоқ кел­ген жоқпыз. Мұнда ірі өнер­кә­­сіптік кәсіпорынның бірі – «АрселорМиттал Теміртау» жұ­мыс істейді. Компания қала құрау­шы кәсіпорын ғана емес, соны­мен қатар қоршаған ортаны ластау­дың негізгі көзі болып отыр. Біз­­дің комитет министрлікпен бір­­лесіп осы жерде ластаушы кә­сіп­­­орындардың заманауи техно­ло­­гияларға көшу мәселелерін тал­қы­­­ладық, – деді комитет төрағасы Глеб Щегельский.

– Компания соңғы 6 жылда жалпы сомасы 11 млрд теңгеге таби­ғат қорғау шараларын жүзеге асыр­ды. Былай қарап отырсақ, бұл сома үлкен және нәтиже болуы тиіс. Алайда ластаушы зат­тардың шығарындылары тек 13,5 мың тонна шаңға қысқарды, бұл шығарындылардың жалпы көле­мінің 6,5%-ы ғана. Осыған бай­ла­нысты атмосфераға ластаушы заттардың шығарылуын қысқарту бойынша тұжырымдамалық тех­никалық шешімдерді қайта қарау қажеті туындады, – деді Экология, геология және табиғи ресурстар министрі.

Мағзұм Мырзағалиевтің ай­туын­ша, министрлік пен «Арсе­лорМиттал Теміртау» 2023 жыл­ға дейін эмиссия көлемін 5 жыл ішінде 30%-ға төмендету ту­ралы келісті. Отырыста екі­жақ­ты ынтымақтастық туралы мемо­ран­дум­ға қол қойылды.

2016 жылдан бері қоршаған ор­таға келтірген залалы үшін компания 4 млрд теңге көлемінде айыппұл төлеген. Дегенмен ми­нистр бас болып келген жиында «Ар­селорМиттал Теміртаудың» бас директоры Парамжит Калон төбе көрсетпеді. Соған қара­ғанда облыс басшылығы ғана емес, Үкі­­меттегі құзырлы министр­лік те инвестордың тақиясына тар келіп тұр. Экология министрі­нің айтуынша, екіжақты мем­оран­думның арқасында қала маңына егілген 500 мың тал эколо­гиялық зардаптың мөлшерін 30 пайызға азай­тады. Компанияға эко­ло­гия­лық кеселді жоюға 2024 жылға дейін уақыт беріліп отыр.

Компанияның атқарушы ди­ректоры Вадим Басиннің айтуын­ша, экологиялық зардаптан «Сары­арқа» магистралды газ құбы­ры құтқарады. Республиканы көк­тей өтіп, тартылып жатқан газ қаланы қара қардан тазартпақ. Алай­да өндірісті газға көшіру бү­гін-ертең бола қоймайтын іс. Яғни, Теміртаудың ауасы жақын арада улы қалдықтан арылмайтыны бесе­неден белгілі болып тұр.


Меморандум негізінде 4 жылға арналған қоршаған ортаны сауықтыру шараларына 134 млрд теңге жұмсалмақ. Аз ақша емес. Алайда компанияның қала экологиясына тигізген зардабы үшін төлеген айып­пұлдарының қала бюджетіне түспейтінін ескерсек, бұл қара­жат­тың да теміртаулықтарға жете­тіні күмәнді.

«Ресми мәліметтер бойынша, «Арселор Миттал» компаниясы кү­ніне 893 мың доллар табыс таба­­ды. Аудиторлық тексеру нәтижесінде 2017 жылы компания 313 млн доллар табыс тапқаны анықталды. 2016 жылдан бастап 3 млрд теңгеден астам айыппұл өндірілді. Алайда нәтижесін көріп тұрған жоқпыз. Ресми мәліметтер бойынша, Теміртау қаласында 179 мыңға жуық адамның үш мың­дайы онкологиялық ауруға шал­дыққан. Өткен 2018 жылы бұл науқастардың қатарына 500-ге жуық адам кірді. Бүгінде Темір­­тау қаласы онкологиялық ауру­лар бойынша алда тұр. Эко­ло­гиялық айыппұлға төленген өтемақылардан осы науқастарға да қаражат бөлу керек» деген болатын депутат Бақытгүл Хаменова.

Экологияны сауықтыру мәсе­лесін Қарағанды облысының жаңа әкімі Жеңіс Қасымбек Темір­таудың даму әлеуетін талқылау жөніндегі кеңесте қарады. Аймақ басшысы «АрселорМиттал Темір­тау» компа­ния­­сының басшы­лы­ғына мәселені төте­сінен қойды.

– Сіздер ел басшылығына жы­­лына 6 млн тонна болат өн­ді­­руге уәде бердіңіздер. Бұл сіз­дер­дің инвестициялық келі­сім­­­­шартыңызда жазылған. Іс жүзін­де нәтиже бір жарым есе аз – осы жылдың қорытындысы бо­­йынша 3,7 млн тонна болат күті­луде. Көлем бойынша өсіп жат­қан жоқсыздар! Өткен жылмен салыстырғанда прокат өндірісі 20%-ға төмендеді, – деді Жеңіс Қасымбек

Өңір басшысы комбинаттағы апаттық ғимараттар мен құрылыс­тарға қатысты мәселелерді де қозғады. «Бұл өндірістегі ірі апат­тарға әкеледі» деп атап өтті ол.

– Қабылданып жатқан ша­ра­­­ларға қарамастан, Темір­тау­дағы экологиялық жағдай шие­ле­нісіп тұр. Сіздер көп ақша сал­­ғандарыңызды баяндайсыздар. Бірақ нәтиже мен нақты іс көрін­бейді, – деді Жеңіс Қасымбек.

Биыл «АрселорМиттал Те­мір­­тау» АҚ жоспарланған алты іс-шараның үшеуін орын­дады. Электр сүзгілерін орнату арқылы газ шығару жолы қайта жаңар­тылды. 11 шаң ұстайтын қон­дыр­­ғыларға жөндеу жүргі­зіл­ді. Сани­тар­лық-қорғау аймағында және «АрселорМиттал Теміртау» АҚ аумағында ағаштар отыр­ғы­­зылды. Қалған жоспарлы іс-ша­ра­лар қазір орындалу саты­сында.

Теміртаулықтардың жанай­қайы Үкіметке жетті. Шетелдік ин­вес­­­торларға шара қолдану, ел мен жердің тазалығын сақтау, табиғат бай­лығын қорғауды міндеттеуге би­лік кешігіп болса да кіріспек. Қан­дай нәтиже шығатынын уақыт көрсетеді.


Ләззат ҚОЖАХМЕТОВА, 
Қарағанды облысы