Чемпионатта топ жарған – Айза
Чемпионатта топ жарған – Айза
139
оқылды

Алматыда мәнерлеп сырғанаудан Қа­зақстан чемпионаты өтті. Төрт күнге созыл­ған жарыстың нәтижесінде қыздар ара­сынан Айза Мамбекова чемпионаттың жеңімпазы атан­ды. Ол алғашқы қысқа бағдарламасын көр­сет­кеннен-ақ алға шығып, топ жарған. Ал қараған­ды­лық Аяна Рахимова 21, 82 балмен соңғы орынға ілікті.

Ал чемпионаттың күміс жүл­де­гері Ажар Жұмаханова атанса, Ясмин Текик қола жүлдені жеңіп алды. Ерлер арасындағы турнирдің «алтыны» Михаил Шайдоровқа бұйырды. Екінші орында Рахат Бралин тұр. Үш көшбасшының тізімін Диас Жиренбаев жапты.

Айзаның осыдан бір жұма бұрын prosports.kz сайтына бер­ген сұхбатында Қазақстан чем­пионатына дайындығымен бөліскен. Сонда ол «Егер бәрі ойдағыдай болып, жеңіс тұғырына жетсем, бірнеше ұпай жинау үшін қаңтарда Польшада өтетін Mentor Torun Cup – 2019 халықаралық жары­сына қатыспақшымыз» деп алдағы жоспарын айтқан.

Айта кетейік, Айза Мамбек «Алтын коньки – 2019» байқауында ең үздік жиырмалыққа кірді. Ол кезде Айза еркін бағдарлама бойынша 84,02 ұпай жинап, 24 қатысушының ішінен 19-орынға ие болды. Бұл турнирдің біріншілігі Ресейдің Елизавета Туктамышева иеленсе, жүлде тұғырының екінші сатысында белорустық Виктория Сафонова алды.

– Хорватиядағы ойыны­ма шыны керек, көңілім тол­мады. Жаттығу бары­сын­да көрсеткен көрсеткіштерім әлдеқайда жоғары еді. Осы жолғы бағдарламамды таза орындай алмадым. Негізі жаттығудан аян­ба­дым. Өз-өзіме деген сенімділік жетіспеді-ау, – деп ақталды сол сайыст­а ол. Енді ал­дағы үміт – Mentor Torun Cup – 2019 ха­лықа­ра­лық жа­рысы. Қа­зақ­стан чемпио­на­тын­да жеңіске жет­кен Айзаның уәдесі еді.

Алматылық Айза мұзайды­нына төрт жасында келді. Содан бері оның бүкіл өмірі осы айдын­да өтуде. Бүгінде мәнерлеп сыр­ға­наудан спорт шебері «Қиял» спорт клубының тәжірибелі жат­тықтырушысы Галина Маслюк­­пен бірге жаттығуда. Оның айтуынша, барлық жатты­ғу елде өткізіледі. Бірақ ара­сын­да көрсеткішті жақсарту үшін шетелдік маман­дардың қаты­суымен оқу-жаттығу жиындарын жібермеуге тырысады. Мәсе­лен, Санкт-Пе­тер­бордағы оқу-жаттығу жиы­ны оған үлкен тә­жі­рибе болды. Со­ның нәтижесінде 2014 жылы ол өзін екі жасөспірімдер ара­сындағы Гран-приге бағын сынап көрді. Сол кезде Айза Чехияның Czech Skate байқауында 22-орын және Хорва­тияның Croatia Cup-та 25-орын алған болатын.

Жас жұлдыздың өзіндік ерек­шелігі – қазақтың ұлы күй­ші­лері Құрманғазы, Дәулет­ке­рей, Нұрғиса Тілендиевтің шы­ғармаларымен жұмыс істей­ді. Ол репертуарды әкесі­мен бірге таңдайды. Сол ерек­ше­­­лігімен Айза Алматыдағы 2016 жылғы Универсиадада 16-орын алды. Содан кейін ол мә­нер­леп сырғанаушы Ели­за­вета Тұр­сын­баевамен бірге Жапо­ния­ның Саппоро қаласында өткен қысқы Азия ойындарында өнер көрсетіп, нәтижесінде 8-орын алған. Міне, осы жарыстар Айза үшін Универсиададан кейінгі есте қаларлық сәттері болды. Оның осындай ұмытылмас, жарқын сәттері әлі де алда деп сенеміз.