Шайнайтын темекі саудасын Қазақстанда қадағалап жатқан ешкім жоқ — мамандар
Шайнайтын темекі саудасын Қазақстанда қадағалап жатқан ешкім жоқ — мамандар
335
оқылды

Елімізде сатылып жатқан снюс – шайнайтын темекінің денсаулыққа зияны шексіз, — деп хабарлайды «Хабар 24» арнасы.

Телеарнаның жазуынша, Швецияда өндірілетін снюс өнімі Қазақстанда емін-еркін сатылып жатыр. Денсаулыққа аса зиян шайнамалы темекі біздің елге контрабандалық жолмен келуі мүмкін.

Бұл өнімді пайдалануға тыйым салу туралы арнайы қаулы қабылданған. Бірақ оның нәтижесі көңіл көншітпейді. Снюс — шайнайтын темекі іспеттес. Тәуелділік тудырады. Тіпті соңы қайғылы жағдайға әкелуі мүмкін. Бүгінде оған бүкіл Еуропада тыйым салынған. Тек өндіруші Швецияның өзінде пайдалануға рұқсат бар.

«Темекісіз Қазақстан» коалициясының басшысы Жәмила Садықова: «Снюс өнімінінің атын пайдаланып елімізге контрабандалық  жолмен есірткі енуі де мүмкін. Мұны бақылап жатқан ешкім жоқ. Денсаулық сақтау министрлігі де ішкі істер департаменті де әлі шара қолданбай отыр», — дейді.

Швецияда шайнайтын темекіні тек ересектер ғана сатып ала алады. Ал біздегі жағдай алаңдатарлық. Қазір мектеп оқушылары мен жасөспірімдер арасында кеңінен тарап барады. Бұл өнім денсаулыққа өте зиян екенін айтып дәрігерлер дабыл қағуда. Мемлекеттік санитарлық бас дәрігер снюс өнімдерін әкелуге, қолдануға, сатуға және таратуға тыйым салу жөнінде қаулы шығарды. 

ҚР ДСМ Тауарлар мен қызметтердің сапасы мен қауіпсіздігін бақылау комитеті төрағасының орынбасары Жандарбек Бекшин: «Ата-аналарға ақпарат бергіміз келеді. Синтетикалық снюстарда никотин бар. Бірақ никотиннің мөлшері өте көп. Мысалы бір темекіде 1,5 мг болса, снюста 250 мг дейін жетеді», — деді. 

Снюсті пайдаланған жасөспірімдер өспейді, мінез құлқы өзгеріп, тіпті агрессивті болады. Үнемі көңілсіз жүреді. Ұйқысы келе береді. Сондай-ақ асқазан ішек-жолдарының түрлі жараларына тіпті онкологиялық ауруларға шалдықтырады.