Үкімет басшысы күре жолда қауіпсіздікті қамтамасыз етуді тапсырды
Үкімет басшысы күре жолда қауіпсіздікті қамтамасыз етуді тапсырды
5,172
оқылды

Премьер-министр Асқар Мамин ауа райының бұзылуына байланысты жауапты органдарға жолдағы қауіпсіздікті қамтамасыз етуді тапсырды, – деп хабарлады «ҚазАқпарат».

«Өткен аптада ауа райына байланысты жолдағы жағдай қиындады. Қар мен жаңбыр жауып, 11 облыста жол жабылды.

Олар: БҚО, Ақтөбе, Жамбыл, Түркістан, Алматы, Қарағанды, Атырау, Ақмола, СҚО, ШҚО, Қостанай облыстары. БАҚ және СМС-хабарламалар арқылы жолға шықпау туралы ескертілді. Бірақ, осы ескертулерге қарамастан, көптеген жүргізуші жолға шығып кетті», – деді Ішкі істер министрі Ерлан Тұрғымбаев Үкімет отырысында.

Министрдің айтуынша, 16-22 желтоқсан аралығында 104 жол-көлік оқиғасы тіркеліп, соның салдарынан 39 адам көз жұмған. Өткір мәселеге қатысты министрдің баяндамасын тыңдай келе Үкімет басшысы нақты тапсырма берді.

«Жүргізушілер мен жолаушылардың қауіпсіздігін қамтамасыз ету – аса маңызды міндет. Болжамдарға сенсек, алдағы уақытта ауа температурасы төмендейді. Осы ретте жолдағы жылыту және тамақтану пункттері дайын болуы керек. Өңірлердің әкімдіктері осы мәселені бақылауда ұстауы керек. Индустрия және инфрақұрылымдық даму министрлігі мен «Қазавтожол» компаниясы автожолдарды қардан тазарту үшін техниканы барынша тартуы тиіс. ІІМ автожолдарда кезекшілік және қауіпсіздікті қамтамасыз ету жөніндегі жұмысты жалғастырсын», – деді Асқар Мамин.