Мемлекет субсидия бөлсе де, интернет тарифтері қымбат, жылдамдығы баяу — Сенат төрағасы
Мемлекет субсидия бөлсе де, интернет тарифтері қымбат, жылдамдығы баяу — Сенат төрағасы
263
оқылды

Дариға Назарбаеваның төрағалығымен Сенатта жиын өтті, — деп хабарлады Сенаттың әлеуметтік желідегі ресми парақшасы.

Жиында Сенаттың 26 желтоқсанда өтетін кезекті отырысының күн тәртібіне 11 мәселе енгізу туралы ұсыныс қаралды.

Сенат Төрағасы отырыс барысында Бюро мүшелеріне білім беру, денсаулық сақтау жүйелерін цифрландыру мен ауылдардағы интернет мәселелерін шешуді тапсырды.

Дариға Назарбаеваның айтуынша, қазір аймақтарда интернет жоқ және ол мұғалімдер жүктемесін ұлғайтады деген сылтаумен «Күнделік» электрондық күнделігі сервисінің жұмысы шектеле бастады.

«Әрбір жекелеген жағдайдың шешімін іздестіру керек. Әкімдіктер мен жергілікті білім басқармаларына электронды күнделік неге тиімсіз? Өйткені ол барлық білім беру, тестілеу, сабаққа қатысу, сабақ өткізу жүйесін ашық көрсетеді. «Күнделік» барлық сабақтардың болатынын әлде қағазда ғана қалатынын анықтап береді. Бүгінгі күні электронды күнделік оқушылардың үлгерім деңгейін, мұғалімдердің өздерінің дайындығын – осының бәрін көрсетіп отыр. Бұл оларға тиімсіз», — деді Д.Назарбаева.

Сенат төрағасы сондай-ақ ауылдық нысандарға, оның ішінде әлеуметтік инфрақұрылым объектілеріне жоғары жылдамдықтағы интернет жүргізу үшін әкімдіктерге бөлінген қаражатты игеруді тексеру қажеттігі туралы да айтты.

Дариға Назарбаева интернет тарифтеріне де назар аударды. «Біздің медициналық мекемелер мен жалпы білім беру мекемелеріне интернет тарифтері неге бір есе жоғары, ал жылдамдығы неге бір есе төмен? «Қазақтелеком» жыл сайын осы мақсаттарға мемлекеттен субсидия алғанның өзінде осындай. Мұның да түйінін шешу керек», — деді ол.

Сенат төрағасы отырысты қорытындылай келіп, депутаттардың ел аймақтарына алдағы сапарына тоқталды.

«Менің ойымша, аймақ басшылары сирек баратын ең шалғай елді мекендерде болған жақсы. Осы сапарлар кезінде депутаттардың негізгі мақсаты сайлаушылардың аманаттарын жинау және азаматтардың өзекті мәселелерін шешу болуы тиіс. Жаңа жылда Сенатта өңірлер күндерін өткізуді жоспарлап отырмыз, ол ақпарат бізге өте қажет болады», — деді Сенат төрағасы.