Miras кеңесіндегі кезекті ойлар
Miras кеңесіндегі кезекті ойлар

Түркістан қаласында «Nur Otan» партиясы Түр­кістан облыстық филиалы жанындағы Miras қоғамдық кеңесінің отырысы өтті.

Жиынды аталған кеңестің мүшесі, профессор Әміреқұл Әбуов жүргізді. Ол 10 қаңтарда елімізде кезекті сайлау өткенін, мемлекетіміз демократиялық жол­мен даму бағытындағы маңыз­ды қадам жасағанын атап өтті. Елдің өз таңдауын жасап, саяси додада «Nur Otan» партия­сының жеңіске жеткенін мә­лімдеді. Күн тәртібіндегі екінші мә­селе – «Nur Otan» партиясы Түркістан облыстық филиалы жанындағы Miras қоғамдық кеңесінің 2021 жылға арналған жылдық жоспары бойынша да келелі ойлар айтылды. Түркістан облыстық Мәде­ниет басқармасы басшысының орынбасары Асылхан Темір­ханұлының айтуынша, 2020 жылы Түркістан қаласында Амфитеатр мен «Конгресс холл» көпсалалы кешені пайда­лануға беріліп, ауылдық кітап­хана ашылған. Биыл «Ұлы дала елі» орталығы, «Ясауи» музейі, драма театр, облыстық ғы­лыми-әм­бебап кітапханасы пайдалануға беріледі. Қазір облыста 2 кәсіби театр жұмыс істеп тұр. Театрлар мен филармония Тәуелсіздіктің 30 жылдығына байланысты ау­дан­дар мен қалаларға, ауыл­дарға «Ауылым, саған өнерім» ат­ты 30 гастрольдік іссапар ұйым­­­дас­тыруды жоспарлап отыр. – Биыл өткізілетін іс-шара негізінен Қазақстан Тәуел­сіз­дігінің 30 жылдығы және Түр­кістан қаласында өтетін Түр­кі­тілдес мемлекеттер ынтымақ­тас­тығы кеңесінің саммиті ая­сында ұйымдастырылатын бо­лады. Атап айтқанда, «Театр көк­темі-2021» түркі халықта­ры­ның театр фестивалі, «Түр­кіс­таным – Тұраным» түркі сурет­ші­лерінің симпозиумы, «Түр­кілер төрі – Түркістан» түркі әлемі ақын, жазушыла­рының кездесуі және кітап көрмесі, «Алтын сақа» түркі әлемінің ани­мациялық фильм­дер фес­тивалі, «Сәлем саған, Түркістан» түркі халықтарының өнер фестивалі өтеді. Әр аудан, қалада бір-бір облыстық дең­гейдегі мәдени іс-шараларды ұйымдастыру жоспарланған. Әрине, мұның бәрі алдағы жағ­дайға байланысты. Егер пан­демия тоқтайтын болса, жоспар толық орындалады. Ал күрделі жағдай сақталса, карантин ережесіне бағынамыз, – деді А.Темірханұлы. Жиында «Nur Otan» пар­тиясы Түркістан облыстық филиалы төрағасының бірінші орынбасары Бейсен Тәжібаев мәдени-рухани іс-шаралардың мазмұнын байыту, идеялық және идеологиялық маңызын арттыру жөнінде ұсыныс берді. Сонымен қатар ақындар ай­тысын ұйымдастыру қажет­тігіне де тоқталды. Түркістан­ның та­ри­хынан сыр шертетін жаңа кітаптар шығарудың да маңызды екенін атап өтті. Ақын, облыстық мәслихат депутаты Бекарыс Шойбеков тек ел Тәуелсіздігінің 30 жыл­дығымен шектеліп қалмай, ұлы тұлғаларымыздың мерей­той­ларын, қазақ баспасөзінің қара шаңырақтары саналатын «Ай­қап» журналының 110 жыл­дығы, «Ақиқат» журналы мен «Жас Алаш» газетінің 100 жыл­дық айтулы мерекелері де на­зарға алынса деген пікірін білдірді. Түркістан облыстық «Ру­хани жаңғыру» жобалық кең­сесінің басшысы, ақын Айдар Сейдәзім «Рухани жаңғыру» бағдар­ламасын жүзеге асыру бойынша 80-ге жуық іс-шара жоспар­ланғанын мәлімдеді. Miras кеңесінің мүшелері карантинге байланысты көп­теген жобалар қысқарып, бір­қатары онлайн режимде өтке­ніне тоқталды. Дегенмен өңірдің зиялы қауым өкілдері рухани және мәдени саланы дамыту бағытында жұмыстар бір сәтке де толастамауы керек деген тұ­жы­рымға келді. Кез­десу соңын­да «Nur Otan» партиясы Түркіс­тан облыстық филиалы жанын­дағы Miras қоғамдық кеңесінің 2021 жылға арналған жылдық жоспары ұсынылып, қабыл­данды.

Әбілмансұр ЖАСАН