«Церебра» инсультқа ем бе?
«Церебра» инсультқа ем бе?
256
оқылды

Кейбір сарапшылар отандық медицинадағы революция туралы айтуда: тұңғыш рет жасанды зерде инсультты ем­­деуге атсалысты. Сырқат таяуда үйіне жазылып шығады. Де­­­­генмен мамандар қуануға әлі ерте дейді. Себебі бі­­рін­­­­шіден, бұл – Алматыдағы тек бір ауруханада енгізілген жоба. Өзге өңірлер мен ауруханалар қамтылмаған. Бәрін ЖЗ-мен жабдықтау әзірге көзделіп отырған жоқ. Екіншіден, көптеген дәрігер бұл кеселді уақытында анықтауға қауқарсыз.

Адамға зиян адами фактор

Инсульттың дер кезінде анық­­талмауына адами фактор әсер ете­тін көрінеді. Біріншіден, шар­шаған дәрігер сырқатқа жете көңіл бөл­мей, оның жағдайының өзгер­генін байқамауы мүмкін. Екін­шіден, адам көзінің мүмкіндіктері шек­теулі: тіпті КТ түсірілімінің өзінен дәрігер алаңдатарлық өз­герістерді аңғармай қалуы ықти­мал. Ал компью­тер «көзі» адам миының сұр және ақ түсті зат­­­тарының ондаған мың түс-реңк­терін (адам көзі – тек 30 реңкті) айыра алады және ми тіндерінің өзгергенін экспресс-режимде анық­тайды. Азаматтардың арыз-шағымын талдай келе, осы байламның рас­тығына көз жеткізуге болады. Осы жолдар авторының әкесі де ұқсас қиыншылыққа кезікті. Аяғы ісініп, жүрісі қиындаған Пішенбай ақ­сақал 2019 жылдың шілдесінде Нұр-Сұлтан қаласындағы Респуб­лика даңғылы бойында орналасқан «Дерматология орталығына» жат­қызылады. Сонда түнде ин­сультқа душар болады. Қаумалаған қауым­ды әңгімесімен үйіріп әкететін, сөзді әріден қозғап, тарихпен тұз­дықтап, мәнерлі, әсерлі, әуезді тіл­мен жеткізе білетін шежіре қа­рияның кенет тілі күрмеліп, теріс қарап жата беруінің себебіне дәрі­герлер мән бермеген. Тек туған-туысқанның талап етуімен арнайы қараған невролог бұл тосын мі­нездің мәнін анықтады. Алтын уақыт босқа кеткендіктен, қазір ұзақ сауықтырудан өтуге тура келіп отыр. Семейлік Ерболат Еңсебаев 61 жастағы анасы, мұғалім Гүлнәр Кәрімқызының ауруханада ин­­­сультке ұшырағанын баяндады. «2020 жылдың тамызында анам Гүлнәрдың бас миы ұлпасында қатерлі емес ісік, менингиома табылды. 1 қыркүйекте ол Семейдің Жедел медициналық жәрдем ауру­­ханасының нейрохирургиялық бө­­­­лі­міне госпитализацияланды. Анам ауруханаға өз аяғымен барды. Оның барлық анализі жақсы болды, опе­рацияға ешқандай қар­сы көрсетілім болмады. 3 қыр­күйекте ісікті алып тастау отасы жасалды. Бастапқыда жағдайы қа­нағат­­танарлық болған. Алайда 4 қыркүйекте, түсте бізге палаталас көршісі WhatsApp арқылы видеоқо­ңырау шалып, анамыздың дене­сінің бір жақ бөлігі сал болып қал­­ғанын жеткізді», – дейді Ер­болат. Алдында мейірбике қысымын өлшеп кетіпті: қан қысымы күрт төмендегенін көрген. Бірақ дәрігер «екі сағат жатқан соң тұрып жүре беруге» рұқсат етеді. Екі сағаттан кейін тісін жууға дәретханаға кет­кен Гүлнәр Кәрімқызы құлап қа­лады. Алғашқы көмек көрсетуге медициналық қызметкерден еш­кімді таба алмаған сырқаттар амал­сыз өздері сүйемелдеп, сүйреп, оны төсегіне қайта жатқызады. Дәрігері операцияда болып, шұғыл келе ал­маған. Артынша келгенімен, «опе­ра­циядан кейін мұндай жағдай қалыпты екенін» айтып, кетіп қалыпты. «Палаталас әйел қайта телефон соғып, анамыздың жағдайы одан ары нашарлағанын, ол естен та­­нып, дірілдеп-қалшылдап, құс­қа­­­­нын хабарлады. Науқастар шу кө­тергенде ғана екі медбике келіп, оны реанимацияға алып кетеді. Анам тосыннан құлағанда, миына жеткілікті көлемде оттегі жетпеген, бұл бас миының ишемиясына соқтырған. «Атеротромботикалық инсульт» деген қосымша диагноз қойып отыр. Бөлімнің медқыз­меткерлері шешемнің шағымда­рына құлақ аспаған. Назар аудар­ғанда мұндай залал болмас еді», – деп қынжылады Е.Еңсебаев. Ол анасының жағдайына алаң­дайды: аурухананың бас дәрі­герінің орынбасары «мұндай ау­рулар ұзақ өмір сүрмейді» деп үзілді-кесілді айтыпты. Бірақ Ер­болат үміт үз­бейді: «Шешем дауыс­тарға жал­тақтап қарайды, шақырса мойын бұрады, шамалы болса да эмоция білдіреді, жылайды. Біз аурухананың реабилитациялық орталығында оны емдеуді сұраған едік. Бірақ катеторымен, асқаза­нын­дағы зонд­пен бірге ауру­ханадан шы­ғарып жіберді», – дейді Е.Еңсебаев. Қарағандылық Әлия М.-ның анасы да инсультке тап болды. «Анам – І-топтағы мүгедек. Оған электронды цифрлық қол­­­таңба керек. 2020 жылғы 16 жел­тоқсаннан бері ХҚКО-ға өтініш беріп келеміз, оның қызметкерлері үйге барып, анама ЭЦҚ жасап берсе дейміз. Қаңтар аяқталуға таяу, ешкім де келген жоқ. Ин­сульттен кейін анамның бет-аузы қисайып кетті. Біз ЭЦҚ-ны онлайн алуға та­лаптандық, видеоре­гис­трация кезінде бейнесі сәйкес кел­мегендіктен автомат түрде ары қарай жібермей тастайды», – дейді Әлия.

ТМД-да тұңғыш рет...

Осы орайда Цифрлық даму, инновациялар және аэроғарыш өнеркәсібі министрі Бағдат Мусин ресми блогы арқылы жариялаған жаңалық сырқаттар үшін үміт отын қайта жаққандай болды. Алматыға барған министр мегаполистегі ең ірі әрі көпбейінді клиника – №7 қалалық клиникалық аурухананың жұмысымен танысты. Сонда Cerebra жобасының тұсауын кесті. – Cerebra дәрігерлерге ин­­­­сультті ерте сатысында анық­тауға көмектеседі. Егжей-тегжейлі са­рап­тамалық есепті компьютердегі веб-платформада немесе iOS және Android-тағы мобильді қосым­шалардан алуға болады. Cerebra жобасына енгізілген жасанды зерде (ЖЗ) 10 минут ішінде инсультті тануға мүмкіндік береді. «Алматы жасанды интеллект зертха­насы­ның» ұжымы – Astana Hub IT-стар­­таптар халықаралық технопар­кінің қатысушысы, – деді Бағдат Мусин. инсульт «Медицина мамандарының байламынша, инсульттен кейін ми­дағы қан айналымын қалпына келтіру және барлық функцияны толық қайтару 4,5 сағат ішінде мүмкін болады. Cerebra жобасына енгізілген ЖЗ инсультты 10 минут ішінде тануға және инсульт ядро­сындағы тіндердің тығыз­ды­ғының өзгеруін есептеуге жәр­­­­демдеседі. Бағдат Мусин осындай жобалардың маңыз­ын және Қазақстанда, әсі­ресе медицина саласында ЖЗ-ны дамыту қажет­­­ін атап өтті. Сон­­­дай-ақ министр жасанды интеллект «Цифрлық Қазақстан» бағдар­ламасының басым клас­­терлерінің бірі екеніне, министрлік стартап­­тармен, зерттеу ұйым­дарымен және бизнеспен бірлесіп жұмыс жүргізіп жатқанына, соның арқа­­сында осынц­­­дай шешімдер іске асатынына назар аудартты», – деп нақтылады Цифрлық даму ми­нистрлігі. Бұл ретте №7 клиникалық ауруханада нейрохирургтер ише­миялық инсультке (мидың ин­фарктісіне) душар болған егде жас­­тағы пациентке күрделі опера­цияны табысты жүргізіп шықты. Жалпы, жасанды зердеге негіз­делген толыққанды радио­логиялық бағдарлама Қазақстанда ғана емес, ТМД көлемінде алғаш рет енгізіліп отырған көрінеді. Клиниканың қабылдау бөл­месіне естен танған, сол аяғы мен қолы сал болып қалған, бет-аузы қисайған ер адам жеткізіледі. Науқас компьютерлік томогра­фиядан өткізіліп, оның деректері Cerebra арқылы өңделеді. Соның негізінде шұғыл механикалық тром­­­­боэкстракция жасалған, қан тамырларынан тромбтар алынған. Ер адам отадан кейін өз-өзіне келе алды. Сана-сезімі қалпына келген. Аяғын бұрынғыдай еркін қозғалта алады, тек қолында әлсіздік се­зіледі. Дәрігерлер сырқатты шыға­руға әзірлеуде. Ары қарай ол реа­билитациялық емдеуден өтуі тиіс.

Мәселе толыққанды шешілмейді

Cerebra – дәрігер, ней­рора­диолог Меруерт Сайфул­лақызы басшылық ететін «Алматы жасанды интеллект зертханасы» жасап шы­ғарған клиникалық-диаг­нос­ти­калық софт. Ол жасанды зердені пайдалана отырып, инсультті ерте кезеңде анықтауға арналған: инсульт-орталығына түскен па­циент КТ-дан өткен соң оның түсірілімін жасанды зерде өңдейді. Ізінше Cerebra мидың зақымдалған тұстарын белгілеп, инсульттің туын­дау ықтималдығының дәреже­­сін көрсетіп, түсірілімді кері қай­тарады. Мемлекеттің инновацияға жауап­­­ты органы – QazTech Ventures АҚ мәліметінше, бұл бағдарлама инсульттің барын, сондай-ақ ми­дың ишемиялық зақымданған ор­нын анықтайды, терапевтикалық терезені – емдеудің дәл уақытын есептейді. Операция немесе тром­­бо­­­­литикалық терапия жасауға ке­дергі келтіруі ықтимал қарсы көр­сетілімдерді табады. Инсульті бар пациенттерді диагностикалау мен емдеуге қажетті басқа да функ­цияларға ие. Cerebra жобасының SEO-жетекшісі Досжан Жүсіпов әлемде жасанды зердені қолдана отырып, инсультті тез диагностикалау проб­лемасымен айналысып жатқан шамамен 6 компания барын айтты. Олар негізінен, АҚШ-та, Ұлыбри­танияда, Бельгияда және Из­раильде орналасқан. – Дамыған елдерде инсультті анықтау МРТ-зерттеу арқылы жүреді. Бұл – қымбат процедура. Сондықтан дамушы елдерде, со­ның ішінде Қазақстанда инсульт диагностикасы арзандау КТ-зерт­теуге сүйенеді. Тиісінше, бәсе­келестерінен басты бір айыр­машы­лығы сол, Cerebra толығымен компью­­­терлік томография зерттеу­леріне шоғырландырылған. Яғни, ол – дамушы елдерде диагностика проблемасын шеше алатын жалғыз өнім, – деді Досжан Жүсіпов. 2020 жылы бұл стартап Kazakhstan Digital Accelerator-да акселе­рациядан өтті. Сондай-ақ 50 мың доллар грант иеленген. Әйткенмен негізінен жеке инвестицияға қар­жы­ландырылуда. Әрине, дәл қазір бұл жоба елде қордаланған мәселені түпкілікті шешпейді. Мамандар мысалы, емхана түгіл, ауруханалардың бар­лығы бірдей ақаусыз жұмыс іс­тейтін КТ-лармен жабдық­­тал­мағанына назар аудартады. Ал КТ-түсірілімі болмаса, «Церебра» қауқарсыз. Ендеше азаматтардың инсультке ұшырағанын анықтау ары қарай да дәрігерлердің білік­тілігі мен мұқияттылығына тәуелді болып қала бермек. Оның үстіне бұл жасанды зерде операция жаса­майды: бұл іс те дәрігердің құзы­рында. Д.Жүсіповтың өзі мойын­дағандай, бұл тұрғыдан алғанда Cerebra – тек доктордың көмекшісі болып қалады. Сонымен бірге ол ақылы болады. Оған қосылған клиникалар жазылым рәсімдеп, жыл сайын шамамен жарты мил­лион теңгедей төлеп тұруы тиіс.

АйханАйхан ШӘРІП