Араға сонша жыл салып анасымен қауышқан Бейбіт Қозыбаев – Атырау облысына қарасты Қызылқоға ауданының тұрғыны. Ол 1996 жылы күзде әскерге кетіп, қайта оралмаған. Қызылқоға ауданына қарасты Жасқайрат ауылының 1977 жылы туған тұрғынынан 28 жыл бойы ешқандай хат-хабар болмаған.
Қызылқоға ауданының жергілікті тұрғыны, қорғаныс саласының ардагері Есенбай Нұровтың айтуынша, Бейбіт Қозыбаевтың табылуына кәдімгі Тік-Ток желісі себепкер болған. Бейбіттен үмітін үзген сыныптастары оның суретін желіге жүктеген. Өзінің жас күніндегі суретін көрген Бейбіт осылайша сыныптастарына байланысқа шыққан. Қуанышты жаңалықты естіген бойда сағыныштан шерменде болған Маржан ана Алматы облысына жол тартып кетті. Өкінішке қарай, Бейбіт Қозыбаев осынша уақыт бойы туған анасынан жырақта жүруіне қандай жағдайлар себеп болғанын ашып айта алмайтынын айтты.
Анасымен амандықта қауышқан ерекше тағдыр иесі Бейбіт Қозыбаев қырғыз қызымен шаңырақ көтерген. Төрт баланың әкесі. Тағдырдың сынағына тап болған Бейбіттің бір әкеден тараған бауырлары да бар. 28 жыл бойына бір-бірінен жырақта жүрген ана мен бала, бауырлары қазір жамыраса көрісіп, мәре-сәре күй кешіп жатыр.
Өкінішке қарай, жыл сайын елімізде 500-ге дейін адам хабар-ошарсыз кетеді. Әлемде жыл сайын дерлік бірнеше миллион адам жоғалып кетеді. Ерте ме, кеш пе, жоғалған адамдардың 80%-ы туралы деректер анықталып жатады, яғни олардың өлі немесе тірі екені белгілі болады. Ал жоғалғандардың 20%-ы хабарсыз кетеді екен.
Осындай ерекше тағдыр иесінің бірі атыраулық Әнел (өтінішімен есімі өзгертілді – авт). 16 жасында ата-анасы көз жазып қалған Әнел араға 19 жыл салып, туған елге 35 жасында оралған болатын.
19 жыл бойына жат жерде құжатсыз күн көрген қазақ қызы басынан өткен қилы тағдыры туралы айтып берді.
«2000 жылдар отбасымыз үшін қиындау кезең болды. Әлеуметтік жағдайымыз аса бір керемет емес еді. Қазір ойланып отырсам, ол кезде көп отбасы қиналған сияқты. Мен сол кезде пойызда тамақ сатып жүрдім. Бір стансадан отырып, екінші стансаға дейін су, тәтті сусындар, тәтті бөлкелер сияқты тамақтарды сататынмын. Сөйтіп, нәпақа тауып жүргенімде Душанбеге дейін апаратын пойызда бір тәжік жігітімен таныстым. Жап-жаспын ғой. Әлгі жігіттің мені «ұнатып қалдым» дегеніне сеніп, онымен бірге қол ұстасып, Душанбеден бір-ақ шықтым. Екеуміз бірге тұрдық. Ол маған үйленгісі келетінін айтты. Бірақ ата-анасы рұқсат бермеді. Тәжіктерде ол жағынан ата дәстүрлері қатал екен. Жігіттеріне басқа ұлттың қызын алғызбады», – деді ол.
Жат жерде жүріп тағдырдың талай теперішін көрген Әнел Қазақстаннан кетерде жеке басын куәландыратын құжатын да алып үлгермеген болатын. Қазақстанға кері қайтқысы келгенімен, оралудың амалын таба алмаған.
«Түрлі жағдайды бастан өткердім. Дәмханаларда даяшы болып жұмыс істедім. Бара-бара қазақ тілін де ұмыта бастадым. Тіпті, елге ораламын деген үмітім біржола сөнді», – деді ол. Әселдің елге оралуы кездейсоқ жағдайдың тосынсыйы десек те болады.
Әдеттегідей даяшы болып жүргенінде қазақстандық азамат Әнел жұмыс істейтін дәмханаға тамақтануға келеді. Ол атыраулық кәсіпкер Нұрқасым Хамзаұлы еді. Әнел сөйлесе келе оның қазақстандық екенін және елге қайтқысы келетінін естігеннен кейін кәсіпкер отандасымызға көмек қолын созған.
Кәсіпкер Нұрқасым Хамзаұлының өтінішімен іске сол кездегі сенатор Сәрсенбай Еңсегенов араласып, Сыртқы істер министрлігі, Тәжікстандағы Қазақстан елшілігіне шығып, кейіпкеріміздің елге оралуына ықпал еткен.
«Туған еліме оралғаныма қуаныштымын. Әлі күнге дейін шүкіршілігімді айтып отырамын. Өкінішке қарай, әкем Табылған менің із-түзсіз жоғалғаныма құса болып, өмірден өтіп кетіпті. Әкемді көре алмадым. Қазір анамның қасындамын. Анамның ас-суын дайындап, қызмет қылып жүргеніме бақыттымын», – деді Әнел.
Елге оралып, еңбекке араласқан Әнел өзінің басынан өткен қилы тағдыры басқаларға сабақ болғанын қалайды.
Баян ЖАНҰЗАҚ