Кейбір сарапшылар отандық медицинадағы революция туралы айтуда: тұңғыш рет жасанды зерде инсультты емдеуге атсалысты. Сырқат таяуда үйіне жазылып шығады. Дегенмен мамандар қуануға әлі ерте дейді. Себебі біріншіден, бұл – Алматыдағы тек бір ауруханада енгізілген жоба. Өзге өңірлер мен ауруханалар қамтылмаған. Бәрін ЖЗ-мен жабдықтау әзірге көзделіп отырған жоқ. Екіншіден, көптеген дәрігер бұл кеселді уақытында анықтауға қауқарсыз.
Адамға зиян адами фактор
Инсульттың дер кезінде анықталмауына адами фактор әсер ететін көрінеді. Біріншіден, шаршаған дәрігер сырқатқа жете көңіл бөлмей, оның жағдайының өзгергенін байқамауы мүмкін. Екіншіден, адам көзінің мүмкіндіктері шектеулі: тіпті КТ түсірілімінің өзінен дәрігер алаңдатарлық өзгерістерді аңғармай қалуы ықтимал. Ал компьютер «көзі» адам миының сұр және ақ түсті заттарының ондаған мың түс-реңктерін (адам көзі – тек 30 реңкті) айыра алады және ми тіндерінің өзгергенін экспресс-режимде анықтайды. Азаматтардың арыз-шағымын талдай келе, осы байламның растығына көз жеткізуге болады. Осы жолдар авторының әкесі де ұқсас қиыншылыққа кезікті. Аяғы ісініп, жүрісі қиындаған Пішенбай ақсақал 2019 жылдың шілдесінде Нұр-Сұлтан қаласындағы Республика даңғылы бойында орналасқан «Дерматология орталығына» жатқызылады. Сонда түнде инсультқа душар болады. Қаумалаған қауымды әңгімесімен үйіріп әкететін, сөзді әріден қозғап, тарихпен тұздықтап, мәнерлі, әсерлі, әуезді тілмен жеткізе білетін шежіре қарияның кенет тілі күрмеліп, теріс қарап жата беруінің себебіне дәрігерлер мән бермеген. Тек туған-туысқанның талап етуімен арнайы қараған невролог бұл тосын мінездің мәнін анықтады. Алтын уақыт босқа кеткендіктен, қазір ұзақ сауықтырудан өтуге тура келіп отыр. Семейлік Ерболат Еңсебаев 61 жастағы анасы, мұғалім Гүлнәр Кәрімқызының ауруханада инсультке ұшырағанын баяндады. «2020 жылдың тамызында анам Гүлнәрдың бас миы ұлпасында қатерлі емес ісік, менингиома табылды. 1 қыркүйекте ол Семейдің Жедел медициналық жәрдем ауруханасының нейрохирургиялық бөліміне госпитализацияланды. Анам ауруханаға өз аяғымен барды. Оның барлық анализі жақсы болды, операцияға ешқандай қарсы көрсетілім болмады. 3 қыркүйекте ісікті алып тастау отасы жасалды. Бастапқыда жағдайы қанағаттанарлық болған. Алайда 4 қыркүйекте, түсте бізге палаталас көршісі WhatsApp арқылы видеоқоңырау шалып, анамыздың денесінің бір жақ бөлігі сал болып қалғанын жеткізді», – дейді Ерболат. Алдында мейірбике қысымын өлшеп кетіпті: қан қысымы күрт төмендегенін көрген. Бірақ дәрігер «екі сағат жатқан соң тұрып жүре беруге» рұқсат етеді. Екі сағаттан кейін тісін жууға дәретханаға кеткен Гүлнәр Кәрімқызы құлап қалады. Алғашқы көмек көрсетуге медициналық қызметкерден ешкімді таба алмаған сырқаттар амалсыз өздері сүйемелдеп, сүйреп, оны төсегіне қайта жатқызады. Дәрігері операцияда болып, шұғыл келе алмаған. Артынша келгенімен, «операциядан кейін мұндай жағдай қалыпты екенін» айтып, кетіп қалыпты. «Палаталас әйел қайта телефон соғып, анамыздың жағдайы одан ары нашарлағанын, ол естен танып, дірілдеп-қалшылдап, құсқанын хабарлады. Науқастар шу көтергенде ғана екі медбике келіп, оны реанимацияға алып кетеді. Анам тосыннан құлағанда, миына жеткілікті көлемде оттегі жетпеген, бұл бас миының ишемиясына соқтырған. «Атеротромботикалық инсульт» деген қосымша диагноз қойып отыр. Бөлімнің медқызметкерлері шешемнің шағымдарына құлақ аспаған. Назар аударғанда мұндай залал болмас еді», – деп қынжылады Е.Еңсебаев. Ол анасының жағдайына алаңдайды: аурухананың бас дәрігерінің орынбасары «мұндай аурулар ұзақ өмір сүрмейді» деп үзілді-кесілді айтыпты. Бірақ Ерболат үміт үзбейді: «Шешем дауыстарға жалтақтап қарайды, шақырса мойын бұрады, шамалы болса да эмоция білдіреді, жылайды. Біз аурухананың реабилитациялық орталығында оны емдеуді сұраған едік. Бірақ катеторымен, асқазанындағы зондпен бірге ауруханадан шығарып жіберді», – дейді Е.Еңсебаев. Қарағандылық Әлия М.-ның анасы да инсультке тап болды. «Анам – І-топтағы мүгедек. Оған электронды цифрлық қолтаңба керек. 2020 жылғы 16 желтоқсаннан бері ХҚКО-ға өтініш беріп келеміз, оның қызметкерлері үйге барып, анама ЭЦҚ жасап берсе дейміз. Қаңтар аяқталуға таяу, ешкім де келген жоқ. Инсульттен кейін анамның бет-аузы қисайып кетті. Біз ЭЦҚ-ны онлайн алуға талаптандық, видеорегистрация кезінде бейнесі сәйкес келмегендіктен автомат түрде ары қарай жібермей тастайды», – дейді Әлия.ТМД-да тұңғыш рет...
Осы орайда Цифрлық даму, инновациялар және аэроғарыш өнеркәсібі министрі Бағдат Мусин ресми блогы арқылы жариялаған жаңалық сырқаттар үшін үміт отын қайта жаққандай болды. Алматыға барған министр мегаполистегі ең ірі әрі көпбейінді клиника – №7 қалалық клиникалық аурухананың жұмысымен танысты. Сонда Cerebra жобасының тұсауын кесті. – Cerebra дәрігерлерге инсультті ерте сатысында анықтауға көмектеседі. Егжей-тегжейлі сараптамалық есепті компьютердегі веб-платформада немесе iOS және Android-тағы мобильді қосымшалардан алуға болады. Cerebra жобасына енгізілген жасанды зерде (ЖЗ) 10 минут ішінде инсультті тануға мүмкіндік береді. «Алматы жасанды интеллект зертханасының» ұжымы – Astana Hub IT-стартаптар халықаралық технопаркінің қатысушысы, – деді Бағдат Мусин.Мәселе толыққанды шешілмейді
Cerebra – дәрігер, нейрорадиолог Меруерт Сайфуллақызы басшылық ететін «Алматы жасанды интеллект зертханасы» жасап шығарған клиникалық-диагностикалық софт. Ол жасанды зердені пайдалана отырып, инсультті ерте кезеңде анықтауға арналған: инсульт-орталығына түскен пациент КТ-дан өткен соң оның түсірілімін жасанды зерде өңдейді. Ізінше Cerebra мидың зақымдалған тұстарын белгілеп, инсульттің туындау ықтималдығының дәрежесін көрсетіп, түсірілімді кері қайтарады. Мемлекеттің инновацияға жауапты органы – QazTech Ventures АҚ мәліметінше, бұл бағдарлама инсульттің барын, сондай-ақ мидың ишемиялық зақымданған орнын анықтайды, терапевтикалық терезені – емдеудің дәл уақытын есептейді. Операция немесе тромболитикалық терапия жасауға кедергі келтіруі ықтимал қарсы көрсетілімдерді табады. Инсульті бар пациенттерді диагностикалау мен емдеуге қажетті басқа да функцияларға ие. Cerebra жобасының SEO-жетекшісі Досжан Жүсіпов әлемде жасанды зердені қолдана отырып, инсультті тез диагностикалау проблемасымен айналысып жатқан шамамен 6 компания барын айтты. Олар негізінен, АҚШ-та, Ұлыбританияда, Бельгияда және Израильде орналасқан. – Дамыған елдерде инсультті анықтау МРТ-зерттеу арқылы жүреді. Бұл – қымбат процедура. Сондықтан дамушы елдерде, соның ішінде Қазақстанда инсульт диагностикасы арзандау КТ-зерттеуге сүйенеді. Тиісінше, бәсекелестерінен басты бір айырмашылығы сол, Cerebra толығымен компьютерлік томография зерттеулеріне шоғырландырылған. Яғни, ол – дамушы елдерде диагностика проблемасын шеше алатын жалғыз өнім, – деді Досжан Жүсіпов. 2020 жылы бұл стартап Kazakhstan Digital Accelerator-да акселерациядан өтті. Сондай-ақ 50 мың доллар грант иеленген. Әйткенмен негізінен жеке инвестицияға қаржыландырылуда. Әрине, дәл қазір бұл жоба елде қордаланған мәселені түпкілікті шешпейді. Мамандар мысалы, емхана түгіл, ауруханалардың барлығы бірдей ақаусыз жұмыс істейтін КТ-лармен жабдықталмағанына назар аудартады. Ал КТ-түсірілімі болмаса, «Церебра» қауқарсыз. Ендеше азаматтардың инсультке ұшырағанын анықтау ары қарай да дәрігерлердің біліктілігі мен мұқияттылығына тәуелді болып қала бермек. Оның үстіне бұл жасанды зерде операция жасамайды: бұл іс те дәрігердің құзырында. Д.Жүсіповтың өзі мойындағандай, бұл тұрғыдан алғанда Cerebra – тек доктордың көмекшісі болып қалады. Сонымен бірге ол ақылы болады. Оған қосылған клиникалар жазылым рәсімдеп, жыл сайын шамамен жарты миллион теңгедей төлеп тұруы тиіс.