Қисайған үйдің тағдырын комиссия шешеді
Қисайған үйдің тағдырын комиссия шешеді
193
оқылды

Алматы қаласының Зер­делі ықшамауда­нын­дағы №179 үй қазір ел наза­рын­да. 2013 жылы ғана пай­да­лануға берілген 9 қабатты, 72 пәтерлі мем­лекеттік бағ­дарлама арқылы са­лын­ған тұрғын үй қисайып, тұр­ғындарды уақытша басқа жерге көшіру жайлы шешім қабылданған.

Қажетті қаржы қала бюдже­тінен бөлінеді. Әрине, тұрғындар өз баспаналарынан көшкенімен, олар уақытша жалдамалы пәтерге бар дүние-мүлкін алып кете алмайды. Сол себепті пәтерлерді тонау әрекеттерінен сақтау үшін тәулік бойы тәртіп сақшылары ұйымдастырылған. Тұрғын­дар­дың өз үйіне қайта оралу не оралмау мәселесі сараптамадан соң белгілі болмақ. Егер қисайған үй қауіпті деп танылса, онда ғи­марат бұзылады. Әкімдік тұрғын­дарға басқа пәтер беру жолын қарастырады. Ал прокуратура үйдің қалай қабылданып, пай­далануға берілгенін анықтап, тек­серу жұмыстарын бастамақ.

Қазір үйдің алдыңғы жағында үш, артында үш, жанында екі шам­шырақ бар. Сол бойынша күн­де екі рет геодезиялық құрал­мен өлшеу жүргізіледі. Мамандар әрбір өзгеріс журналға жазыла­тынын айтады.

Мамандар қисайған үйге таяу маңнан ашық қалған өртке су себу үшін қолданылатын су шүмегін тапты. Нәтижесінде, топырақ дым­қылданған.

«Біз ұңғыманы бұрғылап көр­дік және өртке су себу үшін қол­данылатын шүмектен аққан су 15-17 метр тереңдікке дейін то­пырақты дымқылдағанын айта аламыз. Бұл – алдын ала болжам, зертхана нақты қорытындыны 27 желтоқсанда шығарып береді» дейді Қазақ геотехникалық инс­титуты инженерлік-геологиялық бөлімінің бас инженері Алтай Ыдырысов.

Биыл жазда көршілес №180 үйден өрт шығып, құтқарушылар өртке су себу үшін қолданылатын су шүмегін қолданғанын, сосын оны ашық қалдырғанын тұрғын­дар да растап отыр. Бұл болжамды Қазақ геотехникалық институты мамандары да мақұлдады. Енді топырақтың дымқыл тартуына кімнің кінәлі екенін Төтенше жағдайлар жөніндегі департамент пен прокуратура анықтауы тиіс.

«27 желтоқсанда Қазақ гео­техникалық институты ақырғы қорытындыны айтады. Содан соң біз 15 күннің ішінде зерттеу жұ­мыстарына кірісеміз. Тұрғын үйді бұзу керек пе әлде мықтау керек пе, нақты қорытындысын айта­мыз» дейді «ҚазҚСҒЗИ» АҚ сейс­микалық төзімділік, ғимараттар мен құрылыстарды қарап-тек­серу орталығының директоры Жасұ­лан Омаров.

Қазір Алатау ауданы Nur Otan партиясы филиалы жанынан штаб құрылған. Онда Төтенше жағдайлар жөніндегі департа­мент, әкімшілік қызметкерлері, поли­цейлер, ТҮКШ төрағасы бар. Олар демалыссыз, күн сайын таңертеңгі 9.00-ден кешкі 20.00-ге дейін жұмыс істеп жатыр.

Тұрғындардың өз үйін тастап шыға салуы оңай болмады. Ба­лаларды балабақшаға, мектепке апару керек. Қыстың көзі қырауда тұтас отбасының жалға пәтер та­буы да қиын. Оның үстіне бақан­дай 72 отбасы көшіріліп отыр. Штаб мүшелері тұрғындарға қо­лайлы жалдамалы пәтер табуға да көмек қолын созуда. Әзірге жал­дамалы пәтер үшін үш айға ке­лі­сімшарт жасалады. Алдын ала есеп бойын­ша осы мерзімде қи­сайған үйді зерттеп, қажет болған жағдайда оны мықтап, реттейді.

Алдағы уақытта Зерделі ық­шамау­данындағы барлық үй ар­на­йы тексеруден өтеді. Мұндай ше­­шім қабылдауына негіз жоқ емес. Бұрынғы Алғабас, қазіргі Зерделі ықшамауданында үйдің қисаю жағдайы бұрын да болған. Оның үстіне тұрғындар осындағы әрбір үйде қабырғаның жарылуы кез­десетінін жоққа шығармайды. Пәтер есіктерінің дұрыс жабыл­ма­уы да қалыпты жағдайға айналған.

Біраздан бері күн мен түнін үреймен өткізіп келген тұрғындар енді арнайы комиссияның шеші­мін күтеді.