Ол – Қазақ ССР-інің халық артисі, Қазақ ССР Мемлекеттік сыйлығының лауреаты, КСРО халық артисі, КСРО Мемлекеттік сыйлығының лауреаты. Ол – Социалистік Еңбек Ері. Ол – халықтың сүйіктісі. Мейірім не десе, ол кісіні айтар едік. Адалдықтың үлгісі қандай десе де, сол кісіні атар едік. Сұлулықтың символы қалай болады десек те, көз алдымызға сол адам елестейтіні анық. Оны барша қазақ жақсы көреді. Қазақ ғана емес, бүкіл посткеңестік елдер оның өнеріне тәнті болғаны анық. Қарапайым қыздың айрықша өнері ән айдынында ерекше қалықтатты. Біз бүгін ешкімге ұқсамайтын, ешкім алмастыра алмайтын бұлбұл үнді Бибігүл Төлегенова туралы сыр шертпекпіз.
Бақытсыз балалық шақ
Оралхан Бөкейдің 60 жылдық мерейтойында бір топ жазушымен бірге Қатонқарағайға барған едік. Сол жолғы сапарымызда Бибігүл Ахметқызының туған ауылына барып, ат басын бұрғанбыз. Сонда бізге жергілікті ағайындар Бибігүл апаның балалық шағы туралы әңгімелеп берген. Қазақтың аяулы қызының қиын тағдыры туралы естігенде, қамығып қалғанымыз да есте. Зұлмат жылдардағы қара бұлт Бибігүл әншінің отбасын да айналып өтпеген екен.
«Еті тірі, жігерлі, алған бетінен қайтпайтын Ахмет Төлегенов білімін толықтыра түсті, кітаптарды оқуға құмар еді. Басшылық жұмысқа үйренді. Ол 1933 жылы Семей қалалық партия комитетінің нұсқаушылық қызметіне орналасты. Ары қарай оны 1934 жылы райком Алматыдағы маркстік-лениндік институтқа екі жылға оқуға жібереді. Оқуға алғыр Ахмет оны үздік бітірген соң, ол табиғаты көркем Шығыс Қазақстандағы Қатонқарағай ауданының аудандық партиясының бірінші хатшылығына тағайындалды. Ахмет аңшылықты сүйетін-ді. Оның пистолетіне қоса, қос уыз аң аулайтын мылтығы бар еді. Қоян, түлкі, тіпті қасқыр аулап, қолына түсіріп жүрді. Бір сөзбен айтқанда, тиынның көзіне от тигізе алатын мерген еді. 1936 жылы Ахмет пен Майнұрдың қыздары қызылшамен жаппай ауырды. Ахметтің осындай қиын-қыстау кезеңде Қауіпсіздік комитетінің төрт қызметкері сау ете түсіп, үйдің астан-кестеңін шығарып, құжатының бәрін жинап әкетеді» деп жазады әншінің ата-анасы туралы естеліктердің бірінде.
Зұлымдықтың тырнағынан құтыла алмайтынын сезген болуы керек. Қайран әке сонда жұбайына «Балаларды алып, Семейге оралыңдар» деген бір ауыз сөзді айтып, шығып жүре береді. «Халық жауының» отбасына да оңай болмағаны белгілі. Әйелі Майнұрды да бір фотодағы адамның көзін әдейі шұқыдың деп айып тағып, ұрып-соққан екен. Мұхтар Әуезовтің «Қорғансыздың күні» шығармасындағыдай қорғансыздардың күні осылай басталған еді. Азып-тозған әйел үш бірдей бүлдіршінін жетелеп, қарашаның қара суығында ағайын-туысты жағалап, жертөлені паналап өмір сүрген екен. «Менің балалық шағым болған жоқ. Бала болып, қуыршақпен де ойнамадым. Жеті жасымда әкемді «Халық жауы» деп ұстап әкетті. Сол күні менің де балалығым аяқталды» деп айтады Бибігүл апа.
Әкесі Ахмет 1938 жылы Алматы маңында атылды. Моласы Сәкен Сейфуллин, Бейімбет Майлин, Ілияс Жансүгіров атылған маңда деседі. Әлі күнге белгісіз. Әнші кейін КГБ архивін ақтарып, әкесінің құжаттарын тапқанымен, оның сүйегінің қайда көмілгенін таба алмаған.
«Халық жауының» қызына жұмыс табу да оңай болмағаны рас. «Көп еңбек еттім. Шахтадағы қызметкерлердің жарты сағат үзілісінде ол кісілерге концерт бердім. Бұл өзім сол ортаның қандай екенін білгеннен туған ой еді. Пимамның ішіне зат салып, бойымды өсіріп, әнге, өнерге, шөлдеген көпшіліктің ішіне кіріп, ән тыңдағанға құмар едім. Бірде залға кіресің, бірде сыймай қаласың. Ол кезде баламын, кісі толған залда сахнаны көруге бойым жетпейді. Кейде клубтан шығарып та жіберетін. Қарапайым халықтың арасынан шыққан соң, сол кісілердің ортасында жүргім келді» дейді әнші.
Жұлдызы жанған қыз
Қиын-қыстау күндер соғыстан кейін аяқталғандай болған. Соғыстан кейін оған клубтың кино жүргізушісі механигі болу бақыты бұйырды. Сөйтіп әнші қыз комсомол қатарына ілікті. Оған дейін «жаудың қызы» деген атағы қыр соңынан қалмай, бөгет жасап келген еді. 1948 жылы комбинаттың директоры Игорь Шеффердің арқасында Бибігүл апа Алматыдағы өнер байқауына қатысуға мүмкіндік алды. Байқауда әнші «Қазақ вальсін» орындап, көпшіліктің көңілінен шықты. Әсем үнді Бибігүлдің дауысына елітпеген жан қалмады. Ең өкініштісі, сол байқаудың ертесіне тамағына суық тиіп, ауырып қалады. Комиссия бастығы әнші қызды «келесі жылы келерсің» деп, елге шығарып салады.
Әнші қыздың жұлдызын жандырған Галина Иосифовна Серебрякова болатын. Тағдырдың жазуымен жазушыны Семейге құдай айдап әкелді. «Сен консерваторияға баруың керек. Оған дейін мен сені бір жыл дайындаймын. Әрі Мәскеуге оқуға түсуіңе мүмкіндік жасаймын» дегені де әлі күнге есінде. Семейдегі Серебрякованың үйіндегі әр сәттер ән айтумен өтетін. Пуччинидің «Чио-Чио-сан» операсынан бастап, «Қазақ вальсі», «Қара торғай» әндерін құйқылжыта шырқайтын еді. Бибігүлдің дарынын білген жазушы әйел оның ертең-ақ алысқа самғайтынын бірден байқаған-ды.
Серебрякованың дайындауы арқасында Алматыға, консерваторияға оқуға түсті. Дайындық курсында оқып жүріп, тұрмысқа шығады. Сабақтың басталғанына екі ай ғана болған екен. Жақсы көрген жігіті Алматыға іздеп келіп, бір күні қолынан жетектеп алып кетеді. Мұны естіген шешесі ренжіп, хат жазса да, жауап бермей қояды. Дайындық курсын бітіріп, консерваторияның бірінші курсына қабылданады. Сол жылы қысқы сессия кезінде тұңғышын дүниеге алып келеді. Ауруханадан шығып, сабаққа келіп, ән айтайын десе, дауысы шықпайды. Мұғалімі қолынан жетектеп, ректорға алып кіреді. Ол кезде консерваторияның ректоры – Ахмет Жұбанов. Мұғалімі ректорға: «Мына қыздың дауысы жоқ. Оқуға жарамайды» деп шорт кеседі. «Өзім көп үндемейтін едім. Шыдай алмадым. «Артық кетсем, кешіріңіз! Мен мұнда келгенде дауысым бар еді. Қайда кетті ол дауыс? Сіз жауап бересіз бұған» дедім ұстазыма. Есі шығып кетті. «Совет әйелі оқып, ілім алуға, отбасын құрып, бала босануына құқы бар» дедім үсті-үстіне төпелеп. «Дұрыс айтасың. Құқың бар. Бірақ бұл жерде болмайды. Басқа институтқа бар» деді. Үйге келіп, ебіл-себіл жыладым. Анамның қарсы болғаны, теріс батасын бергені осы екен ғой дедім. Енді не істеймін? Семейге не бетіммен қайтамын. Есіме бір ағамыз түсті. Есімі – Мақсұтбек Майшекин. Көркемөнерпаздардың республикалық байқауында танысқан болатынбыз. Радиода қызмет істейді екен. Шамасы дауысым ұнаған болуы керек. «Қарағым, егер ән айтқың келсе, маған хабарлас. Міне, мынау менің телефоным» деп нөмірін қалдырды. Салып ұрып, сол кісіге бардым. Сөйтіп, радиодан ән айта бастадым. Ректорға жетелеп апарған ұстазым мұны естіп, ертоқымын бауырына алып тулады. Маған тіпті өшігіп алды» дейді әнші естеліктерінің бірінде.
Ең соңғы Алтын жұлдыз
Ол кісіде атақтың бәрі бар. Тіпті Социалистік Еңбек Ері атағы дәл Одақ тарардың алдында берілді. Бұл атақтың берілуіне Елбасының да еңбегі орасан зор. «Одақтың тарайтыны талассыз болуға айналған күндері Горбачев Алматыға, Нұрсұлтан Әбішұлына телефон соғады. «Еңбегіңіз бар, кезінде онша дәл жасалмаған қадамдарымыз да болды. Сізге Социалистік Еңбек Ері атағын бергелі отырмын» дейді. Сонда Елбасы: «Көңіліңізге, ниетіңізге рақмет. Мен бас тартамын. Егер мүмкіндігіңіз болса, ол атақты біздегі өте лайықты бір өнер адамына берсеңіз екен» дейді. Сөйтіп, менің кандидатурамды ұсынады өзінің орнына. Екі күннен кейін Бибігүл Төлегеноваға Социалистік Еңбек Ері атағын беру туралы КСРО Президентінің Жарлығы шығады. Тағы екі күннен кейін Одақ тарайды. Солай болған. Осының өзі Елбасының дарқан жанын, жомарт жүрегін көрсетіп тұр емес пе? Тарап бара жатқан Одақтың ең соңғы Алтын жұлдызы маған солай бұйырған. Оны сұрап алу тұрмақ, оның берілуінің жайы қалай болғанын мен арада шамамен жарты жылдай өткенде барып бір-ақ естідім» дейді бұлбұл әнші.
Бибігүл апа сахнада «Баянауыл», «Бір бидай арпа», «Жалғыз арша», «Бір бала», «Илигай», «Шилі өзен», «Бурылтай», «Айнамкөз», «Гәкку», «Қазақ вальсі», «Қайықта», «Тербеледі тың дала», «Қуанамын», «Жан сәулем», «Қара торғай», санап тауыса алмайтын қазақтың кіл інжу-маржанын шырқады. Мұның бәрі – Қазақ мемлекеттік филармониясында өткізген он бес жылында шырқалған әндері. Одан бөлек, опера театрының сахнасына «Қыз Жібектегі» Жібекті, «Алпамыстағы» Гүлбаршынды, «Еңлік Кебектегі» Еңлікті, «Риголлеттодағы» Джильданы, «Травиатадағы» Виолеттаны, «Дон Жуандағы» Церлинаны шығарды. «Бақыт бағасын білгеннің ғана басында тұрады» деген әдемі тәмсіл бар. Әншінің бағы – ән. Халықтың ең қымбат маржандарын теріп, сахнаға шығарды. Ән әншінің, әнші әннің бағын аша білді. Бұл да болса, Бибігүл Төлегенованың ең үлкен бақыты шығар.
Орыстың арасында туып-өсіп, қазақша бір ауыз сөз білмейтін қызға тілді үйреткен – ұлттық намыс болатын. «Маған қазақ тілін үйреткен – намыс. Намысы бар әр қазақтың жүрегінде намыс болуы керек» дейтін де өзі.
Биыл ән өнерінің ханшайымы 90-ға келді. Тоқсанында да өзі сүйген сахнасынан түскен жоқ. Екі бірдей қалада, Нұр-Сұлтан мен Алматыда бұлбұлдың мерейтойлық кеші өтті. 70 жылдан астам киелі сахна төрінде жүрген қазақтың аяулы қызының туған жері Семейдегі мәдениет сарайына есімі берілетін болды. Бұл да қазақтың ардақты әншісіне көрсеткен игі құрметі болса керек.
P.S.
Бибігүл Төлегенованың есімі ЮНЕСКО-ның ең атақты 20 әйелінің тізіміне енді. Әкені қолын қайырып, «Халық жауы» деп ұстап әкеткенде 7 жастағы сәби анасы Майнұрмен бірге қиын күндерді бастан кешіп жүргенде мұндай сәттің боларын сезінбеген де шығар. «Алла сүйген құлына ғана сынақ береді» деседі. Алла берген сынақтың бәрінен сүрінбей, қиындықтың бәрін өткеріп, 90 дейтін асуға шаршамай, талмай жеткен бұлбұл әншінің тағы бір белесі басталды.